ВЕСТИ ИЗ ОКРУГОВ

ӨЗ ҚАДІРІҢ – ӨЗ БАЙЛЫҒЫҢ

Байсерке ауылының тұрғыны, журналистика саласында ұзақ уақыт еңбек еткен Қуанышбек Қожахмет өз шығармаларында қазіргі заман талабы, кішінің үлкенге деген ізеті жайында ой толғайды. Автор өзі ескi әдеп пен жаңа дәстүрдiң аражiгiн ажырата бiлетін адам болғандықтан, барлық уақытта жаңалыққа жаны құштар жан. Бұл жолы да азаматтық тұғырынан айнымай, келешек жастарға деген өкпе-назын қаламы арқылы жеткізуге тырысқандай. «Ел аралаған – сыншы, тоғай аралаған – үйшi болады», — демекші Қуанышбек Қожахметтің болашақ жастарға берері көп. Дегенмен айналадағы жағдайдың барлығын көзімен көріп отырғандықтан ағалық сырын ақтарғандай. Газетіміздің бүгінгі санында автордың ойсалар мақалаларын оқырманға жолдап отырмыз.

Басқаны қайдам менің жеке өз басыма «Уақыттың өзі анда-санда адамдардың тізгінін тартып тәубасына келтіріп қойғаны дұрыс-ау» деген ой келеді. Олай дейтініміз «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» мына жаннан басқаның барлығы табылатын уақытта тым астамшыл болып кеткен жоқпыз ба деп ойлаймын. Енді осыны өткенге шегініс жасап біраз тарқатып айтайық.
Сәкеннің (Сейфуллин) тілімен айтқанда қазақ (тек қазақ қана емес, басынан қиыншылықты өткізген барлық халық) «Тар жол, тайғақ кешу» дейтін қиын кезеңдерде бір-бірімізге пана болған, ізгілігі мен бауырмалдығы жарасқан халық едік қой. 1932-нің қасіреті қолындағы малын сыпырып алғанда да адамдар бір-біріне мейірімді болған. Жарты уыс талқаны болса бөліп жеп, бірін-бірі сүйген. Одан кейінгі алай-дүлейге айналған Ұлы Отан соғысы жылдарында да майдан даласында жауынгерлер бірін-бірі сүйеп жолдасы үшін жанын қиып жатты емес пе? Тыл еңбегінде жүргендер қыстың сақылдаған сары аязы мен шілденің аптап ыстығында бір сәтте дамыл алмай, шаршап- шалдығып келсе де көрші үйде ауырып жатқан кейуанаға ыстық шайын демдеп апарып беріп, хал-жағдайын сұрамады ма. Сондағы адамдардың бір-біріне деген қатынасы жанашырлық, жақындық, бауырмалдық деген психологиялық тұрғыда болды. Сол кездері жоқшылық бола тұрып адамдардың шынайы мейірімі ұшан-теңіз екен-ау. Осы күні ақша тапсаң, мал тапсаң, еңбек етсең болғаны бәрі бар. Не киемін, не ішемін демейсің. Барлығы кез-келген сауда орындарында түр-түрімен жайнап тұр.
Сәл шегініс жасайық. Бұрындары басқа емес үнді шайын табудың өзі қат еді ғой. Оны таныстарың арқылы немесе ұзын-сонар кезекке тұрып жарты кіліден немесе грамдап әрең алатынбыз. Қазір ше соның түр-түрінің өзі жетіп артылады. Мысал ретінде келтірсек бір үйде қанша адам болса, сонша автокөлік мінетіндер бар. Яғни бір-біріне тәуелді емес. Осы арқылы адамдардың қарым-қатынастары алшақтап барады. Сырт көзді айтпағанның өзінде бір отбасындағы 5-6 адамның өзі әртүрлі ойлап өздігінше әрекет етеді. Ортақ мақсат жоқ. Оған соны көрсетіп жатқан шетелдік фильмдердің де үлесі аз емес. Соған еліктеушілік басым. Оған біздің ұлттық салт-дәстүріміз сай келмейді. Біз ежелден бауырмалдық пен кішіпейілділікті алға мақсат етіп қойған ел емес пе едік. Бір қазаннан ас ішіп, бір үйде өсіп ер жеткенбіз. Ал қазіргі баршылық пейілімізді өзгертіп бара жатыр. Жалғыз тұрып, еркін жүргісі келеді. Ас пісіруге ерініп, асханалар мен кафе, мейрамханалардан ас іше салатын халге жеттік.
Мына бір өкінішті жайды еске алуды жөн көріп отырмын. Бірге туған екі ағайындылар кішкентайларынан бірін-бірі жетектеп өсті. Еңбек етті. Үйлі-жанды болды. Әке-шешеден көрген мейірімді де аз емес-ті. Араларынан қай ала мысық жүгіріп өткенін кім білсін соңғы жылдары аралары суый бастады. Содан бір күні үлкені үйдің алдында отырып қан қысымы аяқ асты көтеріліп кетіп, сол жерде қайтыс болып кетеді. Соны көре тұра кішісі басын сүйеуге де келмейді. Туған-туыс, ел-жұрт мұның дұрыс еместігін ескертіп алдына барса да топырақ салуға келмеген. Барлығы «Мұндай да сұмдық болады екен-ау». Бұл елде болмаған жаман қылық қой, не деген мейірімсіздік» деп жағаларын ұстап түңіліп кетті. Қазақта басқа-басқа «Торқалы тойда келмесе де, топырақты өлімде» топырақ салмау деген әдет-ғұрып бар ма еді десеңші. Бұл көз көріп құлақ естіген жайт. Бұрынғы кез болса ондай қатыгездер мен қаныпезерлерді үлкендердің талқысына салып, етегін кесіп елден шығарар еді. Мұндай жайттарға да «е, осындай екен-ау» деп бей-жай қарап, елең етпестен жүре беретін болған сияқтымыз.
Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында ел тағы бір қиыншылыққа тап болды. Кеңестер дәуірі дейтін алып мемлекет құлап, Қазақстан дейтін тәуелсіз жаңа мемлекет құрылып жатқан-ды. Азық-түлік, киім-кешек тапшы болып жатты. Адамдар қиналды. Бұрынғы кеңестік жүйедегі барлықты көріп қалған ел сонда қиналған еді. Тәубаларына келді. Үлкендер жағы «Мың асқанға, бір тосқан бар деген» Жаратушы иеміз пендесіне соны көрсетіп жатқан шығар деген еді. Ел де осы кезде жоқшылық пен баршылықтың ара жігін пайымдап, кейін келе қайтадан ел еңсесі көтерілді. Қарын тойды. Ас та төк заман орнады. Мен анадан неге қалам, ол мінген машинадан мен неге қымбаттауын мінбеймін деген пендешілікке бой алдыра бастадық. Өзінен төмендеу болса басқаны айтпағанда туысқа төбеден қарайтын болдық.
Қорыта айтпағымыз бай болайық, жарлы болайық Алланың алдында бәріміз бірдейміз. Қойылар талап бәрімізге бірдей болмақ. Сондықтан ел мен елдік, көрші-қолаң, ағайын-туыс, жора-жолдастық, отбасымыздағы ара-қатынасымыздың мәнін кетіріп, мағынасын жоймайық. Болдым-толдым екен деп әсіресе жығылсаң басыңды сүйер, сүрінсең демеу болар ағайыннан ажырап қалмайық. Көне көздердің тілімен айтқанда мына жалғандағы «бақ» дүниенің арбауына шырмалып қалмайық. Осы әрқашан есімізде болсын.

ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ ҚАСИЕТІ
Арғысын айтпағанда қазақ ұлт болып қалыптасқаннан бері отбасын сол үйдің үлкені яки атасы болмаған жағдайда әкесі басқарған. Ал қауымдасып отырған бір ауылды сол ауылдың үлкен Абызы басқарған. Қандай қиыншылық пен қызықты жағдай болса да сол кісі сараптай отырып шешкен. Көптің аты көп. Көпшілік болған соң әсіресе ұшпа мінезді жастар жағынан қателіктер де болмай тұрмайды. Ондайда жаңағы біз айтқан ақсақал сол ауылдың өзінен кейінгі ақсақал, қарасақалдарынан жиып алып қателік жасаған тентегін тезге салып отырған. Бүгінгінің тілімен айтқанда тәртіп сақшысы да, прокуроры да, соты да сол үлкендер болды емес пе. Сондықтан алыстан ат арылтып жеткен жолаушы да, немесе ұзақ сапарға кетіп оралған осы ауылдың адамдары да алдымен ауылдың үлкендеріне барып сәлем берген болатын. Ауылда балалық шағын өткізген әркімнің есінде болар, топталып асық ойнап, ләңгі теуіп жатсақ ауылдың шетінен осылай қарай бет алған үлкенді көрсек таниық, танымайық үлкен-кішіміз ойынды тастай салып алдынан тұра жүгіруші едік қой. Таласа-тармаса шуылдасып сәлем беру үшін қолымызды жарыса созатынбыз.
Ал ол болса шаршаңқы жүзі қуаныштан бал-бұл жанып әрқайсымыздың қолымызды алып мәз болатын. Егер жол қапшығында тәтті-тұрым болса бір уысын алып әрқайсымызға үлестіретін. ңСәлем берудің өзі ата-дәстүрі салт жолы ғана емес, үлкен медициналық ықпал. Әріден айтсақ елдің бір үлкен адамы науқастанып жатса немесе сырқаттанып қалса ат арылтып екінші бір елден сәлем бере хал жағдайын білу үшін адамдар келетін болған. Ал бүгінгі таңда ауруханада жатқан жақын-жуық, дос-жаранның халін білу үшін сәлем бере барсаң сырқатын ұмытып, көңілі көтеріліп ақталады.
Ал қазіргі әл-ауқаттың жақсарып, ғылым мен техника дамып, ғарыштан хабар алып санамыз еселеп өсті деген мына заманымызда үлкенді сыйлауға деген ғұрпымыз кенжелеп тіпті кері кетіп тұр-ау. Біз жоғарыда айтқандай сәлем беріп, алдынан өтпеу былай тұрсын, өзіңді қағып-соғып өте шығады. Үлкенді құрметтеудің мәні әлсірегені соншалық қарттар үйіндегі күтімелденушілердің саны жыл сайын еселеп арта түсуде. Соның басым көпшілігі өз ұлтымыздың өкілдері. Бұрын ондай жерлерде діні басқа ұлттар ғана болушы еді, қазір біз олардан еселеп басып озып кеттік. Содан болар қарттар үшін тағы да сондай жайлар салынуы керектігі туындап жатқандығы. Үлкенді сыйлауымыздың сиқы осы ма? Бір жайды баяндай кетейін. Ерлі-зайыптылар өмір бойы елім деп, халқына қызмет етті. Орталарына абыройы да жетерлік болды. Екі ұл мен бір қыздарын үлде мен бүлдеге орап өсірді. бір сөзбен айтқанда ішкендері артында, ішпегендері алдында. Уақыт шіркін тұрған ба? Өздерің де жылдармен жарысып жастары ұлғайды. Үлкен ұлына барлық жағдайды жасап көршілес мемлекетте оқытты. Ол оқуын бітірген соң сол ұлттың бірге оқыған қызына үйленіп сонда біржолата қалып қойды. Алғашқы жылдары келіп тұрғанымен кейіннен ат ізін салуды мүлдем қойды. Ал қыз да ағасының жолын қуды десе болады. Ол біздің мемлекеттің үлкен қаласында білім алғанымен осында келіп өзімен бірге оқыған украин ұлтының етегінен ұстап Киев асты. Қазір сонда тұрады. Бұл аралықта елуден асқан отағасы біраз жыл сырқаттанып өмірден өтті. Ендігі арманым деген ананың көңілі кіші ұлда болды. Ол болса әке-шешенің дәулетінің арқасында ана оқудың басын бір, мына оқуды бір шалды. Нәтиже шықпады. Ер жігітке тән жұмыстың ауыртпалығынан қашты. Ал шеше де зейнеткерлікке шыққан. Бұрынғыдай қызметте жүргенде «бәленбайқызы, түгеловна» деп құрақ ұшып тұрғандар жұмыс орнында қалған. Ұл да шешенің зейнетақысының табақтасына айналды. Сөйтіп жүріп бір-екі күйеудің басын шалған келіншекті тапты. Бір күн өз үйінде болса үш-төрт күн соның үйінде. Сөйте-сөйте араға біраз уақыт салып солай қарай біржолата ауды. Жалғыздықтан жаны күйзелген кейуана балаларына деген сағынышын сан түрлі ойлармен ғана алмастырып отырады. Баладан үміт болмаған соң кейінгі кезде үйді сатып қарттар үйіне кету де ойында жоқ емес. Айтпақшы қиналса да әйелі екеуінің осы үйге келіп тұруына баласына ұсыныс жасаған. Бірақ оған «келінсымақ» келіспеді. Ашып айтса да бала шешесінің Қарттар үйіне сөз қылғаннан кейін «үйдің енді саған керегі не, одан да оны біз сатып керекке жаратайық» дегендей емеурін білдіріп жүр. Ата-ананың үйіне көз сатқан заман-ай. Біз әңгімелеп отырған бұл көрініс бір ғана осы кейіпкеріміздің басындағы жәй ғана емес, еліміздегі мыңдаған жандардың басындағы оқиға екені даусыз. Міне үлкенді құрметтеу мен жастардың үлкендерге сәлем беруіндегі кешегі мен бүгінгі ара жігін біраз сараладық. Ендігі таразылау өз ой-електеріңізде.

Қуанышбек ҚОЖАХМЕТ
«Простор-2» саяжайы. Байсерке ауылдықокругі

0

ПОМОЩЬ ВЕТЕРАНУ АФГАНСКОЙ ВОЙНЫ

Алдыңғы ақпарат

ТУҒАН ЖЕР, ТУҒАН АУЫЛ ҚЫМБАТ МАҒАН…

Келесі ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *