Білім және ғылымВЕСТИ ИЗ ОКРУГОВҚоғам

ТУҒАН ЖЕР, ТУҒАН АУЫЛ ҚЫМБАТ МАҒАН…

Әдебиет әлеміне із салған әрбір есімнің өз тағдыры, өмір жолы болады. Ойлы шығармасын оқырманға ұсынған жазбагер сол туындылары арқылы өз бейнесін танытып отырады. Сондай қаламгер болып, жазуға шыңдалып жүрген жас қаламгерлердің бірі «Әли» ауылындағы №22 мектептің 11 сынып оқушысы Лаура Тұрсынжан. Өзінің тырнақалды туындыларын редакциямызға алып келген Лаураның мақалаларын газетімізде жариялауды жөн көрдік. Өз туындысында өзінің туған ауылы мен еліміздің Тәуелсіздік жылдарында алған бейбіт өмірі жайында жазылған жырларынан көрінеді. Лаураның жырларында туған еліне деген шынайы сүйіспеншілік бейнеленген. Болашақ өзі қатарлас жастардың еліне деген ыстық ықыласы мен шынайы сезімін жеткізуге тырысқан.
Адам өмірінде бірден-бір ерекше орын алатын киелі әрі өте ыстық өлке ол ауылы, яғни туған жері деп білемін. Дәл осы жер сені өткен тарихпен, жарқын болашақпен байланыстырады. Туған жерге деген махаббатты өлең шумақтарымен, керемет әнмен де жеткізе алмайсың, себебі ол ерекше сезім. Аңқыған жусан иісі, көгілдір ашық аспан, жайқалған кең дала, таза ауа — осының бәрі сені арманыңа қарай жетелеп, шабыттандырып қияға апарады.
Менің балалық шағымның айнасы осы ауылым деп білемін. Ауылым кішігірім, бірақ тұрғындары кең пейілді. Бәрі бірін-бірі танып, жақын араласады. Ол Әли ауылы. Әли ауылы Кіші Алматы өзенінің солтүстік жағалауында орналасқан. Қазіргі таңда ауылым дамып, бірте-бірте гүлденіп келеді. Табиғаты да ерекше әдемі. Ауылымда жастарды имандылыққа тәрбиелейтін мешіт, Ұлы Отан және Ауған соғыстарына қатысқан ардагерлерге арналған ескерткіш бар. Әр сенбілік уақыттарында мешіт пен, ескерткішке көңіл бөліп жан-жақтарын қоқыстан тазалап тұруды әдетке айналдырғанбыз. Әр уақытта ауылымыздағы қарт апа-аталарымызға барып тілектерімізді айтып, баталарын алып қайтамыз. Мен өз ауылыммен мақтанамын және де болашақта ауылым менімен мақтанатын азаматша болғым келеді. Туған жерім алтын бесігім деп туған елді көркейтуде аянбай тер төккен еліміздің перзенттерінің еңбегіне сүйеніп, өзің де солардың қатарында болғың келеді. Осындай күн сәулелі, кең байтақ даламда жүзден астам ұлттың өкілдері тұрады. Халқымыздың ерлігі – еңбекте, арманы – әнінде, қуанышы – күйінде, бақыты – бауырмалдығында деп түсінемін. Елімізде бұрын соңды болмаған әлеуметтік, экономикалық жетістіктерге қол жеткізіп отырмыз. Қазір Қазақ елін бүкіл әлем таниды. Сол секілді мен де өз ауылымды мақтан етемін! Ауыл арасынан небір дана ғұламалар, ақындар мен әншілер, бишілер, спорт шеберлері, күрес майталмандарының шыққаны бәрімізге мәлім. Ол кісілер қазіргі таңда өз ауылдарын атап, сағынғандығын, ауылымен мақтанатынын және қазіргі таңда дәл осы күнге жетуінің бірден бір себебі сол ауылы деп танитындығын әңгімелеп отырады. Сол секілді сіз бен біз болашақтың негізіміз. Алдағы таңда осындай жетістіктерге біз де жетуге үміттіміз.
Ауылыңнан қашыққа кеткенде, сапарлап жүргенде, өзге қалалар қанша әдемі болғанымен өз ауылыңа жетпейтінін түсінесің. Естеліктерге толы, қызықты сәттерге бай ауылымызды ешқашан ұмытпай, көңілімізден бір елі тастамай атап жүргеніміз дұрыс. Және қазірден бастап өз ауылыңның гүлдеп, көркейіп, өсуіне қолдан келгенше өз ықпалыңды тигізсең, сен нағыз ауылыңның, Туған жеріңнің, Отаныңның потриотысың! Тұңғыш Президентіміз қазіргі толқынға, жастарға үлкен үміт артады. Қазақстандықтардың кем дегенде 30 пайызын жаппай спортқа тарту туралы міндет қойылды. Сондықтан да біздер, болашақ жастар салауатты өмір салтын ұстанып, өз Отанымыздың патриоты болсақ, алмайтын қамал жоқ деп ойлаймын.

Лаура ТҰРСЫНЖАН,
№22 орта мектептің оқушысы

0

ӨЗ ҚАДІРІҢ – ӨЗ БАЙЛЫҒЫҢ

Алдыңғы ақпарат

ӘДЕП КОДЕКСІ САҚТАЛУ КЕРЕК

Келесі ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *