Бас мақалаВЕСТИ ИЗ ОКРУГОВЗнай нашихҚоғамТұлға

ТІРШІЛІКТІҢ ЖЫЛЖИ БЕРСІН КЕМЕСІ

Сонау 2000 жылдары қиын-қыстау кездер болды. Боралдай елді мекені біраз жерді алып жатқан үлкен кент. Халқы да әр ұлттан құралған. Алматының жанында тұрғандықтан көптеген ірі кәсіпорындар осында орналасқан. 90 жылдық тарихы бар Боралдай кірпіш зауыты 1942 жылы Украинадан көшіріліп әкелінген. Қант зауыты ХІХ ғасырдың ортасында салынған. Боралдай әуежайы мен «Қазмрамор» зауыты, «Ремстройтехника», оның жанындағы құс фермасы 1970 жылдары салынған. Осындай ірі өнеркәсіптері бар үлкен кентті басқару оңай емес еді. Сол жылдары бұл кентті, қазіргі зейнеткер, Іле ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Исаев Әмзе Әлдибекұлы басқарған болатын. Ол жылдары мен Боралдай кірпіш зауытында «Ломоносов» мөлтек ауданының коммуналдық шаруашылығын басқаратынмын.

Әмзе Әлдибекұлының мерейтойы алдында сол бір күндерден естелік болсын деп осы мақаланы жазып отырмын. «Водник» мөлтек ауданы 1980 жылдары құрылды. Үйлерінің бәрі көп қабатты еді. Олар «Ремстройтехниканың» үйлері болатын. Кірпіш зауытының, аэропорттағы тағы басқа да үйлер, барлық үйлерде жылу тоқтатылған, себебі өндіріс тарап кеткен. Үлкен апалар мен аталар жылудың жоқтығынан бөтелкелерге ыстық суды құйып жылынған кездер болды. Сол үйлерге жылу қазандықтарын салуға тура келді. Түнімен, күнімен жүріп сол қазандықтарды орнатуға Ә. Әлдибекұлы көп еңбек етті. Бір қазандық Боралдайдың бір шетінде, біреуі екінші шетінде, аралары бірталай жер. Трактор табылса, жерді қазатын техника табылмай, техника тапса трактор кетіп қалады. Сонымен талай қиындықтар артта қалып, күздің қара суығына дейін қазандықтар орнатылды. Адамдардың ризашылығынан артық қандай марапат бар!? Сонымен Ә.Әлдибекұлы халықтың ризашылығын алып, бір үлкен сауапқа ие болды. Халық істелген жұмысты бағалады. Күнделікті тіршілік, күрделенген заман еді сол кез. Өндіріс саласы жұмыс істеуін тоқтатқаннан кейін, екі қолға бір күрек таба алмаған халық, ауылдың ауыз суы, электр жарығы, қоқыс жинау мәселесі секілді толып жатқан шешілетін, шешілмейтін жұмыстар болды. Сол жұмыстардың басында өзі жүрді. Ол кезде әкім аппаратында да қазіргідей көп адам емес, 5-6 адам ғана бар. Сол кезде әкімнің орынбасарлары таңертеңнен кешке дейін кабинеттеріне бір кірмей халықпен жұмыс істейтін. Оны көзіміз көрді.

Ә. Әлдибекұлының басынан бір үлкен сынақ та өтті. Бәрі бір Алланың ісі ғой, бірақ сол қиындықтарды сабырлы, шыдамды, саналы мінезімен, ақылмен жеңе білді. Осыған байланысты Мұқағалидың мынадай бір өлең шумақтары бар:

«Шыда, шыда, шыдай түс, шыда тағы,

Шыдамдыны мына өмір ұнатады.

Үміттің құлан иек құла таңы,

Әйтеуір бір атады, бір атады.

Өкінбе, өкпелеме, бүгініңе,

Өмір, өмір, болмайды түңілуге.

Мәңгі сені жазбаған сүрінуге,

Қайта тұрып хақың бар жүгіруге, – дегендей. Өзімнің де басымнан өтті ол жағдай. Бәрімізге де Алланың көзі түзу болсын!

Ә. Әлдибекұлы өзінің қол астындағы қызметкерлерді де адал да, абыройлы еңбекке үйретті. Сол азаматтардың бірі Мұрат Орынбайұлы кейіннен қанша жыл Боралдай кентін басқарды. Қазір басқа округте әкім. Ә. Әлдибекұлы Боралдай ауылынан кейін де аудан көлемінде басқарушы қызметтерде болды. Қай жұмыста болмасын өз іскерлігімен көзге түскен жан зейнет жасына жетсе де әлі қоғамдық жұмыстан қол үзбей еңбек етуде. Қазіргі жастарға үлгі, өнеге.

Міне, алда мерейтой – 70 жас! Әмзе Әлдибекұлы мерейтойыңыз құтты болсын! Жанұяңызбен бірге немерелеріңіздің қызығына тоймай, жүре беріңіз.

Өткен күннің артта қалсын елесі,

Тіршіліктің жылжи берсін кемесі.

Басыңызға бақ пен ырыс сыйлаған,

70 жастың құтты болсын белесі!!!

 

Құрметпен М. ҚАЛАМБАЕВА,

Іле ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері. Боралдай кенті

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРГЕ ТЫҢ ТАЛАПТАР ҚОЙЫЛУДА

Алдыңғы ақпарат

ЖАСЫҢЫЗ ЖҮЗГЕ ЖЕТСІН ЖАН АҒА

Келесі ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *