ВЕСТИ ИЗ ОКРУГОВҚоғам

ТІЛ ТАЗАЛЫҒЫН САҚТАЙЫҚ!

Аудан көлемінде «Тіл тазалығын сақтайық» акциясы басталды. Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» Заңдарының халыққа қызмет көрсету орындарында сақталуын қадағалайтын бұл акция Қазақстан халқы тілдері күніне дейін өз жалғасын табады.

Шараны өткізу үшін аудан әкімінің қаулысымен арнайы комиссия құрылған. Осы комиссия құрамынан бірнеше адам яғни,  аудан әкімінің орынбасары – Алмасбек Қожабекұлы, аудандық кітапхана директорының міндетін атқарушы – Қарлығаш Бұдұғұлова, Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы – Ардақ Ахметжанқызы, Сәулет және қала құрылыс бөлімінің жетекші маманы – Сырым Әубәкірұлы мен тіл саласына жауапты маман – Арай Абирова және БАҚ қызметкерлерімен бірге  аудандағы көше бойындағы нысандардағы жарнамалардың дұрыс жазылуына көз жеткізіп,  халыққа қызмет көрсету нысандары иелеріне заң аясында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңына сәйкес барлық жарнамалар мен қызмет көрсету нысандарының деректемелері алдымен мемлекеттік тілде жазылуы тиіс. Соған қарамастан аудан орталығындағы біраз нысан әлі де қателіктерін түзеуге асығар емес. «Татьяна» сән үйі мен «Достық» сауда орталығына бұған дейін де бірнеше ескертулер берілген. Маңдайлашарына ілінген жазбаларды бірнеше жылдан бері өзгерткен жоқ. Сондай-ақ сұлулық салонындағы атаудың әріптерінің толық толмауына байланысты ескерту берілді. Осы тұрғыда аудан көркіне де қызмет көрсету орындарының әсер ететінін ұмытпаған жөн. Жарнама жасайтын кәсіпорындарға барып, нысан иелеріне жарнама жасау барысында заңды қатаң сақтауын талап еттік.

Тіл тазалығын сақтау – тек заң алдындағы ғана емес, ата-баба алдындағы азаматтық парызымыз. Парызға адал болу – шарт, тіліміздің табиғи айналымын сақтау – міндет. Әрбіріміз тіліміздің тұғырының биік болуына үлес қосайық. Қазір өз алдымызға мемлекет боп, етек жеңімізді түзеп отырған заманда тілімізді ұлықтап, сөзімізді дұрыс пайдаланып жүрміз бе? Бір кездері елімізге келген зерттеушілердің барлығын таң қалдырған сөз саптауымыз бен шешендігіміз қай деңгейде? Әлде 70 жыл бойы орыс тіліне бой ұруымыз тілімізге әсерін тигізді ме? Иә, біраз кірме сөз енді. Ол енді тілдің өзіндік заңдылығы. Дегенмен қазір тілімізге қате айтылып жүрген сөздер мен сөз тіркестері еніп барады. Бір кездері «паразит» сөздермен арпалысатын тіл жанашырлары сол қате күйінде еніп бара жатқан сөздерге назар аударып жүр ме? Ол үрдісті қазір тоқтатпасақ, тіліміздің сұлулығынан айырылып қалуымыз мүмкін. Сондықтан да Сіз де қаламызға көрік берер жарнамалардың сауатты болуына өз үлесіңізді қосыңыз!

 

Н. МОМБЕК

 

0

ТОЛҒАНДЫРЫП ОТЫРҒАН БАСТЫ МӘСЕЛЕ

Алдыңғы ақпарат

Берік Уәли: Күн тәртібінде – ашықтық және қоғаммен кері байланыс

Келесі ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *