ВЕСТИ ИЗ ОКРУГОВДін және қоғам

ТАЗАЛЫҚ – ИМАННЫҢ ЖАРТЫСЫ

Қасиеттi Құран Кәрiмде: «Ол сондай Алла, әр нәрсенiң жаратылысын көрiктi етiп әсемдедi», – дейдi (Сәжде сүресi, 7-аят). Жоқтан бар болған әлем – өз жүйесiмен сұлу жаратылған Алла туындысы. Сосын, әр туынды табиғаттағы өзге жәндiктермен үйлесiмдi және белгiлi бiр мақсатпен жаралған. Құран Кәрiм жаратылыс сахнасы болған қоршаған ортаны, табиғатты Алла тағаланың сән-салтанатының көрiнiсi деп таниды. Құран кәрiм көптеген аяттарда адамзатты табиғатты тамашалап, ол туралы ойлануға шақырған. Қасиеттi аяттарда Алла тағала табиғи құбылыстарға, атап айтқанда аспанға, жерге, таңсәрiге, күннiң сәулесiне, айдың нұрына, күндiздiң жарығына, түннiң қараңғылығымен ант еткен. Сондай-ақ, Құранның кейбiр сүрелерi табиғи құбылыстар немесе жан-жәндiктердiң атымен аталған да. Мысалы «Қамар» сүресi «ай» сүресi дегендi, «Шәмс» «күн», «Ләил» «түн», «Инсан» «адам», «Ғанкабут» «өрмекшi», «Нәхл» «бал ара¬сы», «Бақара «сиыр» мағынасын бере¬тiн сүре, мұнан басқа тағы бар.
Құран аяттарында табиғат қыс маусымында ұйқыға батып, көктем мезгiлiнде қайтадан оянатыны сияқты, өлген жанның қайта тiрiлетiнi туралы уағыздалады. «Ағраф» сүресiнiң 57-шi аятында:
«Алла өзiнiң рақымы (болған жаңбыр) келер алдында жел соқтырып, сүйiншi хабарын жiбередi. Жел ауыр бұлттарды көтерген кезде оны өлi (қуаң) жерлерге жөнелтемiз де, жаңбыр жаудырып, әртүрлi жемiс-жидек өндiремiз. Сол сияқты, өлiктердi де тiрiлтемiз. (Мұнан) әрине, ғибрат аларсыңдар», делiнген.
Сондай-ақ, «Фатыр» сүресiнiң 9-шы аятында: «Алла желдердi жiберiп, бұлтты қозғайды. Бiр бұлтты өлi жерге айдаймыз. (Жаңбыр жауады) сол жаңбырмен жансыз қалған жердi қайта жандандырамыз. Өлiлердiң тiрiлуi де құдды осы тақылеттi», – дейдi.
Құран аяттарында су нығметi теңiз, өзен, арық және жауын түрлерiнде ескерiлген. Құран кәрiм кiтабы әр жәндiктiң өмiрi суға тәуелдi екенiне сiлтеме жасап, көркем тiлмен жаңбырдың түсуi, соның берекесiмен өсiмдiктердiң шығуы жайында сөйлейдi.
«Алла сендерге егiндердi, зәйтүн, құрма, жүзiм және әртүрлi жемiстердi өндiрiп бередi. Ой жүгiртетiн қауым үшiн осыларда, әрине, (Алланың барлығына және құдiретiне) дәлелдер бар. Алла сендерге түн мен күндiздi, күн мен айды бағынышты еттi, жұлдыздарда Алланың әмiрiмен бағындырылған. Түсiнетiн елге, әне, соларда толып жатқан дәлелдер бар. Алла жер жүзiнде жаратқан түрлi-түстi нәрселердi (жануарлар мен өсiмдiктердi) де (сендер үшiн қызмет еттiрдi). Насихат алатын қауымдар үшiн әне соларда ғибрат бар. Сендер жас ет (балық) жесiн деп және тағынатын әсемдiк зейнет бұйымдарды (моншақтарды) шығарып алсын деп, Алла теңiздердi бойсұндырды. Алланың шапағатына қол жеткiзулерiң және оған шүкiр етулерiң үшiн, кемелердiң теңiзде толқын жара жүзiп бара жатқанын көресiңдер», дейдi («Нахыл» сүресi, 11, 12, 13, 14-аяттарда). Қарап тұрсаңыз, жер бетi, көк аспан, теңiздер, күн, ай, өсiп-өнген егiндер мен талдардан бастап, жемiс-жидекке дейiн тек қана адам баласының игiлiгi үшiн берiлген.
Қасиеттi Құран жер бетiн адам тiршiлiгiнiң қойнауы деп бiлiп, ондағы артықшылықтар мен мүмкiндiктердi көп сөз етедi. Түрлi аяттарда табиғат Алланың туындысы екенi, Алланың жаратқан ғажайыптары екенi және құдiретiнiң белгiсi деп атап, олардың тәртiбi мен ұлылығын баяндап, Алланың рақымы және зор хикметiне Құран оқырманының назарын аударады. Кейде Құран Кәрiм табиғат нығметте¬рiнен мысал келтiре келе, адамның нәпсiсiн тәрбиелеуге және оның ғапылдықта қапы қалмауын насихаттайды. Құран аяттарындағы назар аударарлық бiр жайт: осы аспаннан түскен Құран Кәрiм кiтабы адамдарды табиғатты дұрыс пайдалануға ынталандыруында. «Һуд» сүресiнiң 61-шi аятында былай дейдi:
«Ол, сендердi жерден таратып әрi онда өмiр сүргiздi» демек, бұл аятпен Алла тағала адам баласын жер жүзiнде бұзақылық iстеуден тыймақ. Табиғаттағы нығметтердi дұрыс қолданбау, оны игеруде шектен шығушылық немесе қоршаған ортаны ластау жер жүзiндегi бұзақылыққа жатады. Сондықтан адам табиғи нығметтердi парасаттылықпен игеруi керек. Өйткенi, табиғат алдында адамға бiрқатар мiндеттер жүктелген. Негiзiнде, адамның дiни мiндеттерi Алла тағаланың алдындағы, адамдар алдындағы, жануарлармен және қоршаған орта алдындағы қатынасы бойынша реттелген. Адамның Жаратқан Иесiмен байланысы неғұрлым мықтырақ болса, өзгелердiң, сондай-ақ, табиғаттың құқығын құрметтеуге көбiрек талпыныс жасамақ. Сондықтан Алланы бiлетiн және тақуа адам ешқашан өзгелерге зұлымдық етпейдi, табиғатты бүлдiрудi, әрi оған кесiрiн тигiзудi мақсат тұтпайды.
Айналадағы барлық нәрсе бiр мақсатпен тiзiлген. Күллi жаратылыс адамзатқа қызмет ету үшiн жаратылған. Ол туралы қасиеттi Құранда: «Ол өз тарапынан көктер мен жер бетiндегi барлық нәрсенi сендерге бойсұндырып бердi. Ой жүгiртетiн ел үшiн, осының өзiнде дәлелдер бар», – деген («Жасия» сүресi, 13-аят). Ендеше бiз мұсылмандар бұл берiлген сансыз нығметтерге шүкiршiлiк етiп, табиғаттың әсем ғажайып сұлулықтарын неге аялап қорғамасқа?! Сосын, табиғат әлемi адам баласына аманат ретiнде берiлген. Аманатқа қиянат жасамау да – мұсылманның бiр сипаты. Олай екен, табиғатты мұсылман баласы жанындай қорғаштай бiлуi тиiс. Бiр хадисте: «Әңгiмелессе, өтiрiк айтады, уәделессе, уәдесiнде тұрмайды және аманатқа қиянат жасайды», деп мұнафиқ яғни екi жүздi адамның үш сипатының қатарына аманатқа қиянат жасайтынын да айтып өткен.
Дiн ислам мұсылмандарды тазалыққа шақыратыны айдай анық. Құранда және Ислам – қоршаған ортаны қорғайтын заң, қағидаларды бұдан 14 ғасыр бұрын баяндаған дiн. Ол заманда табиғат мәселелерi түгiлi әлеуметтiк әрi экономикалық мәселелердiң өзi қарастырылмаған-тұғын. Исламдық хадистер мен рауаяттарда қоршаған ортаны бүлдiрмеу ғана емес, оны қорғау да жиi қуатталған. Атап айтқанда, ағаш отырғызу мен құдық қазу дiни тағылымдарда қуатталып, мұсылмандар осы iстерге жұмылдырылған. Пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уәсәлләм осы мәселенiң маңызы туралы былай дейдi:
Табиғатты қорғау дегенiмiз – қазақтың ұғымындағы өзiнiң ұлттық дәстүрi бойынша «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген нақылға сүйене отырып аялау, табиғатты қорғауға және оны тиiмдi пайдалануға үйрету, мейiрiм көзбен қарау. Қорыта айтқанда, Алла тағаланың разылығы кейде үлкен нәрседе, кейде орташа нәрседе, ал кейде кiшкене нәрседе жасырынып тұрады. Ашуы да дәл солай. Олай болса, Алланың барша жаратқандарына мейiрiм-шапағатпен және сүйiспеншiлiкпен қарап, оларға қамқор болуға тиiспiз. «Адам қайтыс болғанда үш түрлi амалынан басқасының бәрi тоқтайды: ел игiлiгiне жарайтын жария садақа, елге пайдалы iлiм, дұға жасайтын iзгi ұрпақ» дейдi. Дәл осы хадистегi өлгеннен кейiн де сауабы тоқтамайтын жария садақа ол – тал егу, бауырлар. Одан қапы қалмаңыздар!
Ендеше, табиғатты аялап, оны таза ұстау – өз қолымызда. Алла тағала әрбiр жасаған амалдарымызды қабыл алып, еккен ағаштарымыздың жемiсiн екi дүниеде жеудi нәсiп етсiн. Әмин!

Бабаназар Махамаддинұлы,
Абу-Ханифа мешіті

0

ДІН ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТАРАЛЫҚ ҚАТЫНАС

Келесі ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *