ДенсаулықДін және қоғамЖаңалықтарҚоғамРухани жаңғыру

ТӘРБИЕ ТАЛ БЕСІКТЕН БАСТАЛАДЫ

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Халқымыз атадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттерді келер ұрпақтың бойына сіңіріп, ізгілікке тәрбиелеуге тырысқан, шын мәнінде сәбидің болашағы оның бала кезінен алған тәрбиесіне тікелей қатысты болмақ. Алаштың арысы атанған Мағжан Жұмабаев бабамыз: «Бала тәрбиесі бір өнер, өнер болғанда да ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер, себебі бала тар ойлы ақымақ болып ержетсе ол кінәлі емес, тәрбиешісі кінәлі. Бала еш нәрсеге ебі жоқ ынжық немесе мылқау болып ержетсе оған бала кінәлі емес, тәрбиешісі кінәлі»-деген екен. Шын мәнінде жанұядағы тәрбие баланың келешекте бақытты немесе бақытсыз болуының бірден бір кепілі. Өйткені «Балапан ұяда нені көрсе ұшқанда соны іледі», — деген дана халқымыз. Бала жерге егілген дән секілді, дәнекті топырағы құнарлы, ауа райы қолайлы аймақта ексеңіз, өсуі де жемісті болады. Бала да дәл сол дәнек тәріздес жақсы тәрбиелі ортада өсетін болса, отбасына, ұлтқа пайдалы адам болып қалыптасады. Асыл дініміз исламда имандылық — бала тәрбиесінің ең басты қайнар бұлағы болып есептеледі. Әу бастан баланың бойына Жаратушы Аллаға және ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.с) деген берік сенім қалыптастыру керек. Өйткені, имандылық өз кезеңінде адамға көптеген жақсылықтардың есігін айқара ашып береді. Абай атамыз бір сөзінде: «Мумин болсаң, әуелі иманды бол, пендеге иман өзі ашады жол», — дейді. Аллаға шынайы иман келтірген, қасиетті Құран-Кәрімнің тәрбиесінде болған, дініміз исламның шарттарын терең түсініп, әрбір іс-қимылының жазылып, сақталып тұратындығын, ізгі амалдарының сыйы, жамандықтарының жазасы болатындығын түсініп, сезініп өскен бала жақсылық жасауға жақын, жамандық атаулыдан алыс жүрері бүкпесіз шындық. Қазіргі жаһандану заманында
кейбір жастардың әдепсіз әрекеттерге, мұсылманға жат қылықтарға бой алдыруы, батыстық мәдениетке еліктеуі, әзәзіл әуендерге үйір болуы, ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтарға қарсы келуі, өз дінінен безіп өзге діннің сойылын соғуы, кез келген жат ағымның жетегіне еруі — оларға имандылық тәрбиенің әлсіз болғандығының немесе мүлдем болмағандығының айғағы. Сондықтан әрбір ата-ана бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, мән беруі тиіс. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) бір хадисінде: «Әкенің балаға қалдырған ең үлкен мұрасы — дұрыс тәрбие» — деген. Өкінішке орай көпшілік ата-ана баланың қарын тоқтығы мен көйлек көктігін ғана есепке алады, бірақ балаға беруге тиісті болған рухани құндылықтарға көңіл бөле бермейді. Алайда бала сол рухани құндылықтарға мұқтаж. Абай атамыз жиырма бесінші қара сөзінде: «Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең оқыт, мал аяма! Әйтпесе, бір ит қазақ болып қалған соң, саған рахат көрсете ме, өзі рахат көре ме, ия жұртқа рахат көрсете ме?» — дейді. Тәрбие мәселесіне қатысты әл-Фараби бабамыз: «Адамға тәрбиеден бұрын білім берілер болса, әлемдік апатқа әкеліп соғады» — деу арқылы тәрбиенің адам өміріндегі маңыздылығын атап өткен. Дана халқымыз: «Балаға тәрбие берген кезде сөзбен емес, іспен үлгі бол, айтпа, көрсет, үндеме, үйрет» — деген, бала үшін мың сөзден, бір жақсы іс әлдеқайда өтімді болмақ. Баланың тыныш, мамыражай жағдайда өскені жөн, оған қатты дауыс көтеріп, қорқытуға, ұруға, ұрсуға болмайды. Сондай-ақ, шу, төбелес сияқты жағымсыз іс-әрекеттер көрсетілмеуі тиіс. Мұндай әрекеттер баланың ой-санасына теріс әсер етеді. Бала ата-анасының әрбір сөзі мен қимылын қадағалап отырады. Тіпті жүріс-тұрыс үлгісін де айна-қатесіз қайталайды. Бала үшін ата-ананың әрекетінде елеусіз
ұсақ-түйек деген нәрсе жоқ. Сондықтан баланы жаман іс-әрекеттен тыймас бұрын ата-ана өзі сол жаман әрекеттерден тыйылуы керек. Кейбір ата-аналар балаға: «темекі шекпе, арақ ішпе, өтірік айтпа» — деп ақыл-кеңес айтқанмен, өздері мұндай жағымсыз әрекеттерді еш жасқанбай жасай береді. Мұндай тәрбиенің жемісті болмасы айтпаса да түсінікті. Балаға мейірімді, жұмсақ болу әрине жақсы қасиет, алайда, баланың жаман іс-әрекеттеріне көз жұма қарау да үлкен қателік болады. Баланың жасаған ерсі қылықтарын көрген кезде ата-анасы ол әрекетінің дұрыс еместігін айтып ескерту жасау керек, егер бала оған да тоқтамаса, қаталдық танытуға да болады. Өйткені шектен тыс жұмсақтық танытып, еркіне жіберу — баланы әлжуаз, кердең, кербез болуға алып барады. Әрбір ата-ана ес жиып есейген балаға ерте бастан еңбек етуді үйретіп, баламен ақылдасып, кеңесіп, кей орынды айтқан ой-пікірлерімен санасып, дұрыс бағыт-бағдар беріп отырса, бала алдынан шыққан қиындықтармен кездескенде оң шешім қабылдай алатын, сол қиындықтан шығар жол таба алатын болып ержетеді. Кімде кім баласын тәрбиелеуге, оған пайдалы нәрселер үйретуге салғырт қараса, орны толмас қателік жасаған болады. Жас шыбық иілгіш болса, жас бала да дәл сондай, жақсыға да, жаманға да бейім болатыны мәлім. Ұрпағының ертеңін, ұлттың болашағын ойлаған әрбір ата-ана бала тәрбиесіне ерекше мән беріп, өсіріп отырған ұл-қыздарының тәрбиесімен жүйелі түрде айналысуы қажет. Жаратушы Алла Тағала әрбірімізге иман, хидаят беріп, тура жолына салсын, ұрпақтарымызды отан сүйгіш, өр рухты, намысты, жігерлі, білімді, ибалы етіп тәрбиелеуді нәсіп етсін!

Ермұқамет ӘБІЛМӘЖІНҰЛЫ, Междуреченск ауылдық мешітінің бас имамы

0

ЭСТЕТИКАЛЫҚ ТАЛҒАМ ҰШТАЛУДА

Алдыңғы ақпарат

Обьявление

Келесі ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *