Ұлы даланың жеті қыры

ТҰЛПАР МІНІП, ТОП БАСТАҒАН ҚАЗАҒЫМ…

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты тарихи-танымдық мақаласы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақалаларының заңды жалғасы ретінде қоғамдық ортаға серпіліс әкеліп, көпшілік арасында кеңінен талқылануда. Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынын және бұқаралық сананы қалай өзгертетіні жөнінде алысты болжайтын көзқарастарымен бөліседі. Біздің мектептің ұстаздары осы бағдарламаны жүзеге асыру жұмыстарына ат салысуда. Осы мақсатта мақаладағы маңызды мәселелердің қатарында сөз болған, ұлы дала көшпенділерінің сенімді серігі – жылқы, ат туралы ой-пікірімді ортаға салмақпын.
Дүниеге алаш жұрты болып жаратылғалы бері «Ер қанаты – ат» деп білген қазақтың өмірін жылқысыз көзге елестету қиын. Ұлан-ғайыр ұлы даламыздың бүгінгі ұрпағына дейін сақталып келе жатқанының өзі осы «мінсе – көлік, жесе – ас» дегеннен әрі асып, жылқының жаудың бетін қайтарудағы жауынгерлік үлесін айтып жеткізу де өзі бөлек әңгіме. Сондықтан да қазақ өзін алдымен жылқы мінезді жұртпыз деп санайды. Жылқы ішінен тұлпарын таңдап бәйгеге қосады, аты озғанның бағы да озады деп біледі. Атақ-даңқы елге тарайды. Бір ғана «Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба!» – деген сөзбен-ақ, намысқа намыс қосып, ел бірлігін ойлаған ханды, ұлы қолбасшыны еске алу асындағы аламан бәйгеге қатысудың маңызы зор екенін түсіндіреді. Сағынайдың асы болмағанда көрнекті ақын Ілияс Жансүгіровтің атақты «Құлагер» поэмасының дүниеге келуі мүмкін бе еді? Елбасы одан әрі жылқы мінген ата-бабамыздың басқа да күнделікті тұрмыстық, өмірлік мәдениетті де дамыта түскенін атап көрсетеді. Жылқының қолға үйретілуіне байланысты, тақымына басқан сәйгүлігіне еркін мініп жүруі үшін ер-тұрман, жүген-ноқта, үзеңгі-таға сияқты ат әбзелдерінің, ыңғайлы киімнің, оның ішінде шалбар мен саптама етіктің дүниеге келуі де көшпенділер салт-дәстүрінің ажырамас бөлігі. Соған орай ағаштан, темір, қола тағы басқа металдардан жасалатын бұйымдар көбейген. Кішкентайынан ат құлағында ойнауды меңгерген ата-бабалардың өзінің өмірлік серігі – жылқының арқасында ұлы даланы иеленуі заңды болып көрінеді. Қазақ қазақ болғалы атқа жай ғана мініп қоймай, оның бес тұрманының сақадай сай және әдемі болуына зор мән берген. Ер-тұрманды, киім-кешекті бағалы былғарымен, жалт-жұлт еткен алтынмен әшекейлеу, сол замандардағы тұрмыстың да жаман болмағанын көрсетеді. Жылқыға деген зор құрмет бара-бара оның қымбат ер-тұрманымен, ал ұрыс үстінде қаза болған жауынгерді өзі мінген атымен бірге жерлеу дәстүріне дейін әкелді. Ал аламан бәйгелердің алдын бермеген сәйгүліктердің құны қазіргі заманның бағасымен салыстырғанда да таңдай қақтыратыны белгілі.
Ұл дүниеге келгеннен бастап «құлыным» деп өсіретін қазақ, сол баланы сүндетке отырғызған бойдан тайға мінуді де үйретеді. Сондай-ақ ер бала дүниеге келгенде сол күндері туған құлынды немесе ботаны нәрестенің еншісі – бәсіресі етіп атау да ата салты. Халқымыздың ұғымы бойынша, перзент болашағы өзіне атаған бәсіремен тығыз байланысты. Сондықтан оны мінбейді, сатпайды. Қайта оны жүйрік немесе жорға етіп баптайды. Бәсірені ұрпағымен бірге қадағалайды, көз тию­­ден, көлденең келер жыртқыш аңнан қорғайды, бұла қылып өсіреді. Бала да «маған атаған малым бар, бәсірем бар» деп, айналаға, малға, ағайынға жақсы ықылас көрсетіп, түзу пейілмен өседі. Бұл ата-бабадан қалған, көне заманнан бері келе жатқан жақсы ырым. Баланың бәсіресі бәйгеге салса жүлделі, додаға түссе қайратты, тойға барса мақтанышы, жауға шапса сенімді серігі, ұрыстан аман алып шығатын жүйрігі әрі қаруы дейтін ізгі тілектің бәрі осы ұлы дала көшпендісіне тән қасиет.
Халқымызда ежелден келе жатқан «Тұлпар мініп, ту алған», «Тұлпар мініп, бәйге алған демген тіркестер тегіннен тегін айтылмаса керек. Бәйгеге ат қосу, ат шабысы, оның ішінде әрбір қазақтың айызын қандыратын аламан бәйге – қашаннан бергі қазақтың намысы мен жігерін қайрайтын ұлттық спорт түрінің төресі болып саналады. Бәйге табандылық пен тапқырлыққа үйретумен қатар, ұлт ретіндегі әдет-ғұрып, салт-сананың озық үлгісін айшықтап көрсете алатын өнер. Жылқы десе ішер асын жерге қоятын қазақ ат құлағында ойнаудың бар қыр-сырын меңгерген. Тағы да Елбасы айтқандай: «Бабаларымыз шапқан аттың үстінен садақ тартуды барынша жетілдірді. Соған байланысты қарудың да құрылымы өзгеріп, күрделі, ыңғайлы әрі қуатты бола түсті. Түйіндей келгенде, шыр етіп дүниеге келгеннен бастап ат жалын тартқан ата-баба тарихынан, салт-дәстүрінен алар өнеге жетеді. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты тарихи-танымдық еңбегінен тарихи сананы қалыптастыра отырып, мемлекетшіл сананы орнықтыру керек екенін ұғасың. Бір сөзбен айтқанда, өз қадір-қасиетімізді біліп, өткеннен үйреніп, ұлттық кодты жандандыруға әркім өзінің үлесін қосуы қажет.

Ақмарал ТЮПЕЕВА,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

0

НҰРОТАНДЫҚТАР НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛДЫРМАЙДЫ

Алдыңғы ақпарат

ҚАЗАҚСТАНДА БҮКІЛХАЛЫҚТЫҚ САНАҚ 2020 ЖЫЛЫ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Келесі ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *