ВЕСТИ ИЗ ОКРУГОВЖаңалықтарҚоғамМәдениетМерекелерРухани жаңғыру

СЫНАҒЫ КӨП СОЛ БІР КҮНДЕР

«Іле таңы» газетіне 50 жыл»

Мен 1996 жылы аудан әкімінің идеология жөніндегі орынбасары болып тағайындалдым. Маған дейін осы саламен айналысқан Ерболат Сапарұлы аудан әкімінің бірінші орынбасары болып, қызметі бір саты жоғарылады. Өзінің жұмысын маған өткізіп беріп жатып: – «Әмзе Әлдибекұлы, идеологияға қатысты барлық жұмыс жүйелі түрде атқарылуда. Дегенмен идеологияның басты қаруы — жергілікті баспасөз қаржының жоқтығынан тоқтап тұр. Ең алдымен осы мәселеге көңіл бөлгеніңіз дұрыс», – деген еді. Кейіннен ауданның қадірменді ақсақалы Заманбек Батталханов пен асылдың сынығы Төрткен Кененқызы, белгілі ақын Нүсіпбек Исахметов те газет жөнінде әңгіме қозғады. Ол уақытта жағдай қиын еді, газетті шығаруға қаржы табу тұрмақ, бюджеттік қызметкерлердің еңбекақысын, зейнеткерлердің зейнетақысын бере алмайтынбыз. Не істеу керек? Газет шықпай, жалақы берілмегендіктен редакция қызметкерлерінің көбі жұмыстан шығып, 3-4 адам қалыпты. Олардың өздері де басқа жерлерде қосымша жұмыс істеп, күндерін көріп жүр. Аудан әкімшілік ғимаратының екінші қабатында редакцияның бір бөлмесіне анда-санда қызметкерлер жиналатынын байқап жүрдім. Онда да көбіне бас редактор Жанна Сыздықова мен редактордың орынбасары Роза Айдарбекова отырады. Роза Маратқызы аудан әкімдігінде аудармашы болып қосымша қызмет атқарғандықтан да үнемі жұмысында болатын. 1996 жылдың күзінде Жанна Сыздықова өз еркімен арыз жазды да, жұмыстан кетіп қалды. Арада біраз уақыт өтіп кетті. Жылдың соңы болды. Бір күні Роза Маратқызын шақырып алдым да: – қаржы жоқ деп отыра бересіңдер ме? Газетті қайтадан шығаруды ойластыру керек, – дедім. Сонда Роза: – Әмзе Әлдибекұлы 1 миллион теңгенің көлемінде шағын баспахананы сататын фирма бар екен. Егер қаржы табылса шағын баспахананы сатып алсақ, газетті басып шығару құны бірнеше есе азаяр еді, — деп өз ойын айтты. Ал, оны алатын аудандық бюджетте қаржы қарастырылмаған. Ол жылдары ірі кәсіпорындар басқаларға демеушілік жасамақ тұрмақ, өз жұмысшыларына қаржыны әрең-әрең тауып беретін. Ары ойланып, бері ойланып қаңтар айының соңғы күндері аудандық газетке баспасөзге жазуды ұйымдастыруды қолға алдым. Алматы қаласындағы «Статус А» деген жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барып шағын баспаханаға қажетті жабдықтарды сатып алуды ойластырдым. Роза Маратқызы бастаған төрт қыз жұмысқа шығып, «Іле таңы» газетіне жазылуды редакция арқылы жүргізе бастады. Қалайда 1 миллион 200 мың теңге жинауымыз керек. Редакцияның қыздары жергілікті округтерді, мекемелерді аралап, газетке жазылуды насихаттап, тыным таппады. Осылайша ақпан айы бітіп, наурыздың соңғы күндеріне келдік. Апта сайынғы аппарат жиналысында аудан әкімі Анатолий Иванович Трегуб Роза Айдарбекованы (оны бас редактор етіп тағайындаған едік) орнынан тұрғызып, «Газетті қашан шығарасыңдар», – деп сұрады. Сонда Роза: 1 мамыр мейрамы қарсаңында газет шығады, – деп қойып қалды. Әкім маған қарады. Мен амалсыздан басымды изедім. Артынан Розаны кабинетіме шақырып алып, «Менімен ақылдаспастан әкімге неге уәде бересің? Ертеңгі күні газет шықпай қалса алдымен мен ұятқа қаламын ғой», – деп ренжіп жатырмын. Ол болса жайбарақат. – Әмзе Әлдибекұлы 29 сәуірде жаңа форматтағы газетті шығарып, тіптен, сол күні оның тұсаукесер рәсімін де жасап жіберуге болады, – дейді. Роза Маратқызы шағын баспахананы сатып алып, газетті шығарсақ болды деп ойлап тұр. Ар жағында қызметкерлердің жалақысы,
тағы да басқа мәселелер бар екендігіне мән беріп тұрған жоқ. Соны іштей сезсем де, үндемедім. Уақыт көрсете жатар деген ойға келдім де, ендігі жерде редакция үшін орын қарастыра бастадым. Өтеген кентінде бір жағында әлеуметтік қорғау мекемесі орналасқан балабақша ғимаратының екі бөлмесі бос тұрған. Соны барып көріп, редакцияның қызметкерлеріне отыратын орындық, үстел тауып беріп, жан-жағын тазартып, есік-терезесін дұрыстадық. Не керек, ризограф деп аталатын жапондық аппарат, екі компьютер, екі принтер сатып алынып, айтқандай-ақ, 29 сәуірде 4 форматтағы газеттің жаңа саны шықты. Бұрын-соңды компьютермен жұмыс істеп көрмеген қызметкерлер «Басқа түссе баспақшыл» дегендей, оны да үйренді. Басқаша айтқанда, сол 1997 жылдың 29 сәуірінде «Іле таңы» газеті бүкіл Алматы облысындағы аудандық газеттер ішінде алғаш рет компьютермен теріліп, басылды. Қыздар ризографтан басылып шыққан газетті өз қолдарымен қаттап почтаға жібере бастады. Газет қайтадан жарыққа шығып, оқырманға жол тартқанмен, мәселе бірден шешіле қоймады. Баспасөзге жазылудан түскен қаражат жабдық алуға жұмсалынды да қызметкерлердің жалақысын төлеу оңай болмады. Сол 29 сәуірден бастап газеттің екі саны шыққан соң Роза Маратқызы жылап маған келіп тұр. – Әмзе Әлдибекұлы, ризографтың бояуы тек газеттің екі санын шығаруға ғана жетеді екен. Енді не істеймін? Келесі газетті шығару үшін бояу жоқ. Оның біреуі 6 мың теңге тұрады. Жабдық сатып алып, газетті бір рет шығарғаннан мәселе шешілмейді. Жаңадан алынған жабдықтың қосалқы бөлшектері, қызметкерлердің жалақысы дегендей шешімін таппаған мәселе жетерлік. Көп болып қолдап, бапасөзге жазылу арқылы қаржы жинап шығарған газетті қайтадан жабуға тағы болмайды. Мұнымен істің бірден бітпейтінін Роза енді түсінгендей. Қалтамнан ақша шығарып беріп тұрып: – Енді шаруашылық есеппен жұмыс істеу қажет. Қосымша қаржы табу жағын қарастырыңдар, – деп тапсырма бердім. Редакция қызметкерлері бұдан соң ризограф аппаратымен шақыру билеттерін, алғыс хаттар, Құрмет грамоталарын, басқа да баспаханалық өнімдерді шығарып, қаржы табудың жолдарын қарастырып, барлық мүмкіндіктерді жасады. Еңбекшіқазақ ауданындағы «Еңбекшіқазақ» басылымымен жыл аяғына дейін газеттерін басып шығару жөнінде келісім-шарт жасады. Біртіндеп редакцияның жағдайы жақсарып, қызметкерлер жалақы ала бастады. Міне, сол бір сынағы көп жылдарда редакция қызметкерлері табандылық танытып, бастарына түскен барлық қиындықты ұжым болып жеңе білді. 1997 жылдың 29 сәуірінен бастап күні бүгінге дейін «Іле таңы» газеті үздіксіз шығып, оқырмандарымен жылы қауышуда. Мен өз басым қиын-қыстау күндері уақытпен санаспай қажырлы еңбек еткен Роза Айдарбекова, Сәуле Ботбаева, Ботагөз Қырбасова, Әлия Құрманбаева сынды қызметкерлерге үлкен алғыс айтамын. Бір өкініштісі, Әлия Құрманбаева газеттің 50 жылдық мерекесіне жете алмай өмірден озды. Ауданның айнасы болған «Іле таңы» газеті замана ағысына ілесіп, бүгінгі күннің негізгі тақырыптарын кеңінен қамтып келеді. Мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейтін газет әрбір округтердегі жылт еткен жаңалықты, игі істерді, әлеуметтік, әлеуеттік мәселелерді оқырмандарға дер кезінде жеткізіп отырады. Өзі жоқ болса да оның есімін ілелік оқырмандар еш уақытта ұмытпайды. Осы жылдар ішінде «Іле таңы» газеті республикалық, облыстық байқаулардың бірнеше мәрте жеңімпазы атанып, Рамазан Елешев, Роза Айдарбекова сынды журналистердің шығармашылығы лайықты бағаларын алды. Біраз уақыттан бері газеттің бас редакторлығы міндетін жас азамат Бақтияр Талғатұлы Рымжанов өз қолына алды. «Жас келсе іске», – демекші Бақтияр Талғатұлының газетті және оның желілік басылымын бұдан да жоғары сатыға көтеретініне сенімдімін. Бақтияр балама жоғары шығармашылық табыс тілеймін. 50 жылдан бері ауданның тыныс-тіршілігін толық қамтып, ақпараттық кеңістікті жағымды жаңалықпен, қуанышты хабармен толтырып келе жатқан «Іле таңы» газетінің әрдайым міндеті биік, мақсаты жоғары болмақ.


Ә. ИСАЕВ, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы, ауданның «Құрметті азаматы»

Іле ауданында коронавирусқа қарсы күрес жөніндегі құрылған «Жәрдем» қоғамдық қорының аудан тұрғындарына ҮНДЕУІ

Алдыңғы ақпарат

АСҚАР ТАУДАЙ АСЫЛ АҒА…

Келесі ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *