Бас мақалаВЕСТИ ИЗ ОКРУГОВҚоғам

ҰСТАНЫМЫ БЕРІК АЗАМАТ

Ақылына – ұстанымы, мейіріміне – мінезі, асқақтығына – адамгершілігі, кірпияздығына – кішіпейілділігі, сыртқы сыпайылығына – ішкі мәдениеті, біліміне – біліктілігі сай азаматтар бұл өмірде аз емес. Солардың ішінде де жүрегіне сыр тұнған, кірпігіне кір жуытпайтын, кірпияз, жер қозғалса да қозғалмайтын сабырлы, білімі терең парасатты бекзат болмысты жан болса соның нақ өзі Іле ауданының Құрметті азаматы Дүйсебек Қалиұлы Қали деп айтар едік. Іле ауданы өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының соңында Талғардан бөлініп, өз алдына жеке дара шаңырақ көтерген болатын. Сол уақыттан бері ауданның қаржы, салық саласында абыройлы қызмет атқарып, аудан экономикасына өзіндік үлес қосып, айшықты қолтаңбасын қалдырған Дүйсебек Қалиұлының өмір жолы ауданмен бірге өрілді. Ауданға жас маман ретінде келген ол аудандық ауылшаруашылығы басқармасында экономист-қаржыгер болып қызметке тұрып, аз уақыттың ішінде өзінің білгірлігі, біліктілігі арқасында аудандық атқару комитеті жоспарлау бөлімінің бастығы қызметіне жоғарылатылады. Арада оншақты жыл өткен соң, ол қаржы бөлімінің басшысы болып тағайындалады. 1990 жылдардың басында жаңадан құрылған мемлекеттік қаржы бақылау комитетінің басшылығы қызметі Дүйсебек Қалиұлына сеніп тапсырылады. Өйткені, жаңадан құрылған мекемені аяғынан тік тұрғызу үшін Дүйсебек Қалиұлы сынды білікті әрі тәжірибелі басшы қажет еді. Көп уақыт өтпей, яғни 1997 жылы ол салық комитетінің басшысы болып тағайындалады. Бұл жылдар елімізде өте қиын уақыт еді. Ұсақ-түйекті былай қойғанда алпауыт кәсіпорындардың өзі салық төлемек тұрмақ, жалақыға ақша таппай қиналып, жабылудың алдында тұрды. Сонда салықтан бір көк тиын да елдің қазынасына түспейтін. Осы тұста қажырлығы, патриоттық рухымен көптеген кәсіпорындарға қиындықтан шығудың жолын көрсетіп, нарық заманына сай жұмыс істеудің мүмкіндіктерін беріп, бағыт-бағдар нұсқады. Оның бұл қадамы көп уақыт өтпей өз жемісін берді. Ауданымызды тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудан аман-есен өз күш- жігерімен, ақыл-парасатымен салық комитетінің жұмысын жандандырып алып шыққан бірегей, білікті маманның бірі осы Дүйсебек Қалиұлы екендігін мақтанышпен айта аламыз..

Ол болмысына біткен ақыл-парасатымен, әке-шешенің тәлім-тәрбиесімен, өзінің азаматтық қасиеттерімен ел құрметіне шексіз бөленіп отыр. Үлкенге – ізетті іні, кішіге – ақылы асқан, қамқор аға бола білген, ұстанымы берік азамат Дүйсебек Қалиұлын ауданның қалың елі, көзкөрген тұрғындары жақсы біледі.

Аудан тарихымен бірге жасасып, өзі де шежіреге айналған үлкен парасат иесі, ақылман абыз аға, ауданның Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасы «Салық қызметінің үздігі» Дүйсебек Қалиұлы бүгін, міне 75 жасқа толып отыр. Мерейлі мерекеңіз құтты болсын ардақты азамат!

 

Р. АЙДАРБЕКОВА

ВОЛЕЙБОЛДАН АШЫҚ ТУРНИР ӨТТІ

Алдыңғы ақпарат

МЕКТЕП ҚҰРЫЛЫСЫ ЖАЛҒАСЫН ТАППАҚ

Келесі ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *