ВЕСТИ ИЗ ОКРУГОВҚоғам

ӘРБІР БЕЛЕС, ӘРБІР АСУ,ОЛ – БІР ІЗ

Ақпанның ақ бораны аяқталып, жадырап көктем келгенде аудандық ардагерлер Кеңесі өз есебін берді. Оған аудан округтеріндегі ардагерлер төрағалары мен аудандық аналар кеңесінің мүшелері қатысты. Жоспарда жазылғандай жыл бойы 4 президиум, 12 жиналыс, 4 семинар-кеңес жиындарын өткізген. Бүгінде аудандық ардагерлер ұйымының 19806 мүшесінің 13 Ұлы Отан соғысының ардагері, тылда 737 адам. Аудан көлеміндегі 18 клубта өздерінің бос уақыттарын тиімді өткізуде. Аудан көлемінде «Рухани жаңғыру» мақаласының аясында халқымыздың кең тараған салт-дәстүрлерінің қалыптасуын көздей отырып, ұлттық болмысымызды сақтау, рухани түп-тамырымызды жастарға насихаттап, көрсету мақсатында «Ұлт болам десең, бесігіңді түзе» атты аудандық шара «Ата-баба дәстүрі ұрпаққа аманат» бағдарламасының негізінде 10 бастауыш ардагерлер ұйымдары арасында театрландырылған көріністер, қойылымдар арқылы салт-дәстүріміз әртүрлі тақырыпта кеңінен насихатталды. Астанамыздың 20 жылдығы мен ауданымыздың 90 жылдық мерейтойларында да аудандық ақсақалдар ұйымы мен аналар кеңесі үлкен үлестерін қосты.
Осы есептік кездесулерінде Байсерке ауылдық округінің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Кенжеқұлов Құрманғали Омарбекұлының «Пайғамбар жас» алпыс үш жасқа толуын атап көрсетуді де ұмыт қалдырмады.
Шынында, күнделікті өмірде адам кімнің кім екенін де ескере де бермейді. Қарбаласқан тіршілік оны ойлап ескеруге де, елеуге де дес бермейді, көңіл бөлінбейді.
Сондай жақсы жанның бірі – жеке кәсіпкер, Ауданымыздың Құрметті азаматы, Кенжеқұлов Құрманғали Омарбекұлы. Бар ғұмырын көктемі мен жазын, қыруар күзін инженерлік саламен, адамның қолайлы жұмыс жасауы үшін техникалық қауіпсіздігіне арнаған, көңілі дариядай кең жан. «Ай – ортақ, күн – ортақ, жақсы – ортақ» деген сөз Құрманғали Омарбекұлы сияқты адамдарға арналса керек. Есептік кездесуде Құрманғали ағамызға аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Ә. Исаев иығына шапан жапса, Энергетический ауылдық округінің Ауған соғысының ардагерлері тарапынан «Батыр Бауыржан» патриоттық төсбелгісімен марапаттады.
Құрманғали аға 1976-1977 жылдары «Қазақстанның 40 жылдық» колхозынан бастап, сол жерде механизатор, аудандық ауылшаруашылық басқармасында инженер инспектор, 1979-1981 жылдары Алматы облыстық ауыл шаруашылық мекемесінде инженер инспектор, 1983 жылы аудандық «ДОСААФ» техникалық спорт клубының басшысы. Тәуелсіздігімізді алып етегімізді жинағанда «Арна» мемлекеттік шағын кәсіпорнының басшысының орынбасары, 2008 жылдан бастап қазіргі күнге дейін «АЛПЕК» ЛТД жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы қызметін атқарып келеді. Жолдасы, жары Фатима Кенжеқұлова екеуі үш ұл, бір қыз өсіріп, оларды аяқтандырып, ұлды ұяға, қызды қияға жіберіп, немере тәрбиелеген ата мен апа болып отыр.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші Құрманғали Омарбекұлы әрқашанда жанындағы адамға жанашыр, қайырымды, әрбір ісінде – мемлекеттік саясатын насихаттау, аудандық ақпарат саласында, оның қоғамның әлеуметтік-саяси, мәдени өмірінде кеңінен қолданылуын қамтамасыз ету мүддесі тұрады.
Еңбектің бейнетін көріп, қазір зейнетке шыққан Құрманғали Кенжеқұлов сынды жайдары да жаны жайсаң алдыңғы буын ағамызға біз ұзақ ғұмыр, қажымас қайрат пен амандық тілейміз.

Б. ЧОЙБАСОВ

0

ӨМІР СҮРУ САПАСЫН БІРГЕ АРТТЫРАМЫЗ

Алдыңғы ақпарат

ПРОДУКТЫ ЛИШНИМИ НЕ БУДУТ…

Келесі ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *