ЖаңалықтарҚоғамМәдениетТұлға

ҚОЛЫ БІЛГЕН ҚҰМ ҮСТІНЕН КЕМЕ ЖҮРГІЗЕР

 

Бұрынғы көшпенді қазақ тұрмысында ыңғайлап жасалған киіз үйдің мүмкіншілігі баршылық. 3D пазл ойынындай-ақ жылдам құрылады, тез жиналады. Кішігірім жеңіл машинаға сыйып кететін ықшам әрі жеңіл. Сәні мен жылуы да асып тұрады.

Қазақтың күллі қолөнерінде соның ішінде киіз үйді (қазақ үйді) жабдықтау шеберлердің шебері жасайды. Әрбір тігісі мен ою-өрнектің келістіру, бір көргеннен-ақ, ах ұратындай етіп көгендеу ісмерлердің фантазиялық қиялына байланысты. Қазақ киіз үйінің үзігі, басқұры, өрнекті, оюлы сықырлауығы бірінен-бірі асып, көз тартады.

Сағақты кереге

Шаңырақ біреу,

Шаңыраққа сексен уық болар тіреу

Алты қанат боз үй дейсің мұны,

Сынамаққа сұрай қалса біреу-мінеу – дейтіні тағы бар. Өңшең бір жарасымы үйлескен анық, қанық бояулар ертегі әлеміне сүйрейді. Қыста жылы, жазда салқын, жайлы баспана. Қазақы қойдың күзем жүнінен басқан киіз қыста суық өткізбейді. Ал аптапты жазда іргені түріп жібергенде, салқын самал есіп қоя береді.

 

Көшпенді заманда қазақ халқы қысы-жазы осы киіз үйде салтанат құрып, ұрпағын өрбіткен. Ұлттық нақыштағы киіз үйдің құрылымы мен сәулетінің ғарыштық кеңістікпен үйлесімді жасалғанын әлемнің зерттеуші ғалымдары да мойындаған.

Осындай қымбат мүлік – киіз үйлер музейлердің жәдігері болмай, халқымызға әлі де қызмет етер еді деп ойлаймыз.

Наурыз мерекесінде, өзге де салтанат-тойларда қазақтың киіз үйлерінің тігулі тұруы қандай жарасымды.

Алайда соның өзі жыл өткен сайын сиреп бара жатқан сияқты. Табиғи киіз үйдің орнын бүгінде шыбық темірден құрастырған, сыртына жұқа ақ мата жабылған, ағаш үй формасындағы жасанды құрастырмалар басты. Немесе темірден дәнекерлеп төбесі қоқайса болды ұйпа-тұйпа жасай салатындар көбейді. Мұның себебі белгілі. Өйткені, қазір киіз үйдің сүйегін жасайтын шеберханалар да, шеберлер де жоқ.

Таяуда Наурыз мерекесі қарсаңында біздің аймақта осы өнерді жалғастырып жүрген енді кім бар деп іздегенімізде, бір адамды ана тіліміздің жанашыры, ұлтжанды азамат Жетіген ауылының тұрғыны Тілеубек Дәкейұлымен кездестік.

Ұлттық баспанамыз – Тілеубек ағаның отбасылық бизнесі.

Тілеубек Дәкей – Моңғолиядан, Баян-Өлгий аймағынан келген қандасымыз.

Алғаш рет атажұртқа 1997 жылы ғылым-білім іздеп Алматы қаласы Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ Экономикалық Университетіне келген. Жоғары оқуын аяқтағаннан кейін 2001-2002 жылдары Моңғолияда кеден инспекторы болып қызмет етеді. 2003-2005 жылдары отбасымен елге оралғаннан кейін, Тілеубек ағамыз ҚазЭУ-де іскерлік құжаттар бөлімінде аға оқытушы болып жұмыс жасайды. Қазір білдей бір Жетіген ауылының ұстасы, қолынан келмейтіні жоқ шебері.

Аудан көлемінде киіз үй жасайтын ескіден қалған жалғыз көз осы кісі. Жас шамасы қырықты алғымдаған Тілеубек аға үйренген ескі өнерді, қандай қиыншылық болса да, қалдырмай ұстанып келеді. Бүкіл киіз үйдің кереге, уық, шаңырақ, сықырлауық, маңдайша, табалдырық, таяныш секілді барша сүйегін, өзге де жабдығын өз қолынан шығарады.

Шеберханасы өзінің үйінің шарбағында. Оның жұмысына өзінен бастап, бала-шағасын, күйеу балаларын, немерелерін түгел қосады. Жан жары Бердігүл Минапқызы екібастан ұдайы қасында, ал бас шебер анасы Гүлбаршын Бокалқызы. Өз білген түйігенін, келіні мен ұлына жөн сілтеп, көрсетіп отырады.

– Киіз үйдің сүйегіне ең қолайлы, жақсы ағаш қайың болғанымен, бабын тапсаң болды ағаштың кейбір түрінде қолдануға болады, – дегенді айтады.

 

Сондай-ақ, көпті көрген Гүлбаршын анамыз айтуынша, киіз үй тұтынушылар өсімталдығын білгендіктен, өсіп-өнеміз, ұрпағымыз көбейеді деп ырымдап, алады екен. Оның киесі сол кез келген адамды басын идіріп кіргізеді дегенді айтып отыр. Киіз үйдің есігінің биіктігі 120-130 сантиметр болғандықтан еңкейіп кіруіңе тура келеді.

Киіз үй шаруасы жеңіл жұмыс емес. Оған асықпай жасағанда шебердің екі ай, тіпті одан да көп уақыты кететін көрінеді. Жоғарыда айтқанымыздай, киіз үйдің бүкіл сүйегі мен өзге жабдықтарын бір қолдан өздері жасайды. Бұларды жасайтын толып жатқан киіз үй шеберханасына тән құралдары, әдіс-тәсілдері бар.

– «Көрік» дейтін болады көңді жағып қойып ағашты ішімен өткізетін құралды осылай атаймыз. Оған салынған ағаш қыздырып, ысып тұрған сәтінде алынып, ие аласыз. Одан қала берді кәуәп жасағандай түтінмен де июге болады, – дейді Тілеубек шебер. Осы процестен кейін ағаш жонылады. Сымсуырмен қайысты керегелерге тағады, яғни көктейді.

Барлық жұмыс аулада жасалынады. Отбасылық ұлттық құндылықты болашақта аудандағы «Bastau Бизнес» жобасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйытқы болуымен әрі қарай дамытсам деген ойлары да бар. Өйткені, басында айтқанымыздай, киіз үйдің ірілі-ұсақты шаруасы көп. Әрине, оны арнайы құралдармен ғимараттың ішінде жасалғаны абзалдырақ екенін шебер отбасы жақсы біледі. Шебер киіз үй жасағанда байырғы әдіспен табиғи жергілікті материалдарды ғана пайдаланады.

Тілеубек Дәкейұлы «жігітке жеті өнер де аз» дейтін қазақы тәрбиемен өскен жан. «Ат айналып қазығын табады» демекші, ұстаздық жолын қойып, ұсталық жолды таңдады.

– Болашақ бір Жаратушының құзіретінде, бірақ мен қазіргі күні осы ұсталық жолымды одан әрі көркейтіп, анамның ақ батасымен, қазақтың киелі киіз үйін жасай беретін боламын – деп отыр шеберіміз.

 

Бағдат ЧОЙБАСОВ

0

ЖЕКЕМЕНШІК МЕКТЕПТЕР ДІНИ БІЛІМ БЕРЕ АЛМАЙДЫ

Алдыңғы ақпарат

САРМАТТАРДЫҢ СЫРЛЫ БИІН-АЙ ТАМСАНДЫРАР

Келесі ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *