ВЕСТИ ИЗ ОКРУГОВҚоғамРухани жаңғыру

ӘН-ЖЫРЫМ САҒАН, ТУҒАН ЕЛ

Елбасының бастамасымен басталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, бұл шын мәнінде, ұлттық деңгейдегі ауқымды жоба. Ол қоғам тіршілігінің барлық саласын қамтитындығымен бірегей. Оны қазіргі кезеңдегі және ұзақ мерзімді перспективадағы қазақстандық қоғам дамуының өзіндік идеологиялық платформасы деп батыл айтуға болады. Бүгінде бұл бағытта ілкімді істер атқарылып, жүйелі жұмыстар қолға алынуда.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында халқымыздың кең тараған салт-дәстүрлерін қалыптасуды ұлттық болмысымызды сақтау, осындай мәдени шараларды үлгі етіп көрсету, насихаттау мақсатында аудандық Әлібек Нұрқожа атындағы ардагерлер ұйымының ұйымдастыруымен және аудан әкімшілігінің қолдауымен Әлібек Нұрқожа атындағы ардагерлер ұйымының 20 жылдығына арналған және қазақтың әйгілі халық ақыны, әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО Жазушылар одағының және Композиторлар одағының мүшесі Кенен Әзірбаевтың135 жылдығына орай «Ән-жырым саған, туған ел» атты іс-шара өтті.

Тағылымға толы іс-шара Төрткен Кененқызының туған кезінен бастау алған қойылыммен басталды. Төрткен Кененқызы өз сөзінде: «Атаның балалары өле беріп, Базар-Назар деп жылап жүргенде 1936 жылы мен дүниеге келіппін. Менен кейін Көркемжан, Бақытжан, Ақтамақ, Акбілек келіп, ата-анам бақытқа кенеліпті. Мені атам елу екі жасында көріпті. Атаның замандастары немерелі болған кезде ол кісі жаңа ғана балалы болған екен. Қазақ ырымшыл халықпыз ғой, әсіресе нағашы әжем кіндігімді балтамен кескізіп, «балтадай болсын» деп, төрт кемпір кіріп келсе оның астынан өткізіп, бір шал келсе оның астынан өткізіп,  атымды Төрткемпірбіршал қойып, одан босағаға тұмаққа салып іліп қойып, әйтеуір өлтірмеудің амалын жасаған ғой. Бірінші Алла, екінші үлкендердің тілегі болуы керек, мен тірі қалыппын. Әкем баланың үлкені болған соң қайда барса да, қасынан тастамайтын. Атпен жүрсе алдына мінгестіріп алады. Той-жиынның бірінен қалдырмайды. Қырықтықшыларға, шөпшілерге, егіншілерге барады. Солардың бәріне барып, халықтың көңілін көтеріп, жалқауларға «ұмтыл жалқау алға бас, ұмтыл,жалқау, ұйқыңды аш», деп, жақсыларды мақтап өлең айтады», — деген еді. Қойылымнан кейін ардагерлер ұйымының әжелері осы ұйымның жетекшісі болған, Әлібек Нұрқожаұлының жары Сара Қаймолдақызын ортаға шақырып, Сара апай өз құттықтау тілегін айтып, ұжымға алғысын білдірді. Бұл ансамбльдің де негізін қалаған Төрткен Кененқызы болатын. 1999 жылдың көктемінде күміс көмей , жез таңдай әнші, халық ақыны Кенен Әзірбаевтың қызы Төрткен Кененқызы мен атақты сазгер Әлібек Нұрқожаның бастауымен, он екі өнерге құштар жандарды ұйымдастырып, Өтеген батыр кентінде «Ардагерлер» ансамблі құрылып халыққа қызмет ете бастады.

Ансамбль құрамы өз кезінде ұстаз, дәрігер, есепші тағы да басқа қызметте болған зейнеткерлер еді. Кейінірек ансамбль құрамына өнер сүйер жастар дәрігер – ақын Сату Оралбай, аудандық әкімдіктің бас маманы-әнші Сая Тлеумбетова , саз- пәнінің ұстазы Еділ Құмарбаев, баяншы Тө-рехан Хасанов, Мәдениет үйінің қызметкері Самат Бегімбетовтермен толықты.

Алғашқы да сахналық киімдері болмай, әр қайсысы өз ұлттық киімдерімен шығып жүрді.

1999 жылы 9 мамырда «Энергетик» әкімшілігінің алдында «Жас қазақ», «Менің Қазақстаным», «Еркем-ай» әндерін шырқап алғашқы концертін бастады.

1999-2000 жылдары ауданда өткен барлық іс-шараларға бар өнерлерін көрсетіп қатысып жүрді.

2001-2002 жылдары «Іле толқыны» оркестрімен (жетекшісі Нұрлан Керімбеков) бірігіп, ауданның барлық елді мекендеріне шығып өнер көрсетті. Барған жерлерінде халықтың қошеметіне, ықыласына, алғысына бөленіп жүрген аяулы жандар. Тағылымды кеште әсем әндер шырқалып, мың бұралған билер биленді. Кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Қожабекұлы, аудандық мәслихат хатшысы Р. Абилова сөз сөйлеп, ардагерлер ұжымын 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, өздерінің ақжарма тілектерін жеткізді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғам тіршілігінің барлық саласын қамтиды. Ұлттық рухты көтерудің нақты жолдары мен шешімдері, басымдықтары мен руханиятымызды жаңғыртуға арналған арнайы жобасы да айқындалып берілген. Өнер мен мәдениет – егіз ұғым, бұл бағыттағы әр қадам игілікті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шығармашылық қайраткерлерінің, мәдениет мекемелері қызметкерлерінің белсенді қатысуларының арқасында өңірімізде табысты жүзеге асырылуда. Ендеше, біз де барша ел мәдениетінің одан әрі гүлденуіне, өнеріміздің асқақтауына қызмет етіп, халқымызды шығармашылық табыстарыңызбен әрдайым қуанта беріңіздер демекпіз құрметті ардагерлер!

 

Н. МОМБЕК

АУЫЛ ТЫНЫСЫ

Алдыңғы ақпарат

МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ МӘҢГІ ЖАСТАРЫМЫЗ

Келесі ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *