ВЕСТИ ИЗ ОКРУГОВҚоғамТұлға

МЕНІҢ ТАС ҚАМАЛ ҚОРҒАНЫМ ЕДІ…

Міне, бұл күндері Нүсекеңнің, менің ұмытылмас жарым Нүсіпбек Исахметовтың, Алла тағала тұла бойына дарынды, көркемдікті, мейірімді және де басқа игі қасиеттерді аямай дарытқан дара тұлғалы ақынның, ерекше жанның дүниеден озғанына аттай жиырма жыл толыпты.

Оның өмірі кенеттен, күтпеген жерден үзілді. Оны білетін, онымен аралас-құралас болған қалың көпшілік үшін бұл қаза ойда жоқта келген ауыр қайғы болды. Ол адамдардың терең құрметіне, адал сүйіспеншілігіне тіпті мәпелеп қадірлеуіне ие бола алған жан еді. Тірі болса биыл 13 қарашада 84 жасқа толатын еді. Амал қанша…

Маған және менің отбасыма бұл қаза ауыр да қатігез соққы болып тиген еді. 1999 жылдың жетінші қазаны. Бұл күннің барлық оқиғалары күні кеше ғана болғандай көз алдымда бүге-шігесіне дейін анық сақталып қалды.

Өзінің қызмет бабына сәйкес Нүсекең ол кезде Іле аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқаратын, сол себепті көркемөнер ұжымымен бірге алыстағы жайылымдарға, онда мал бағып отырған малшыларға көшпелі концерт беруді ұйымдастырып жиі-жиі аттанатын. Ондай концерттерден кейін ол және оның ұжымы малшы қауымның құрметті қонақтарына айналатын, осындай мерекеге арнап бір емес бірнеше қой сойылып, аста-төк дастархан жайылатын.

Нүсіпбек оларға өлең-жырлар арнайтын, үй иесіне және жанындағыларға көбінесе достық әзілдерді жолдайтын, әзіл-оспақты араластыра отырып аудан мен облыстың мәдени өмірінің жаңалықтарын айналасындағыларға жеткізетін. Әншілер ән салып, би билеп бәрі мәре-сәре қуанышқа бөленетін.

Мұндай сапарлар кезінде Нүсекең диетаны естен шығарып алып, майлы ет пен сорпаға құмартып кететін, әрі бауырының ауырып жүргендігін жиі айтатын еді. Соңғы жиырма жыл көлемінде спирттік ішімдіктерді мүлде татып алмайтын. Мен оған сұлы жармасынан қайнатпа жасап ішкізуші едім, бұл емімнен соң бір аптаның ішінде ол құлын-тайдай сергек болып шыға келетін. Бұл науқастық жағдай жиі қайталанатын, сол себепті де Нүсекең Сарыағаш, Кисловодск, Минералные воды және Моршина емдік курорттарына жыл сайын баратын.

Бірақ оның ажалы инфаркттан болды. Сол күні пәтеріміздегі плафондарды ауыстырып беруі үшін электрикті шақырып қойғаны себепті, ол менің жұмысқа бармай-ақ қоюымды өтінді. Біз ол кезде халық жазушысы ретінде Нүсекеңе мемлекет тарапынан сыйға берілген пәтерде тұратынбыз. Түске дейін электрик келмеді, сағат он екілерде Нүсекең үйге оралды. Облыстық маслихатқа депутаттыққа үміткер М.С. Омаровтың сенімді өкілі болғандықтан, ауданның ұйымдары мен кәсіпорындарында сайлау алды үгіт-насихат жұмыстарын өткізіп келіпті. Түрі өте әбіржіген, шаршаңқы күйде жеткен ол, кеудесінің шаншып ауырып тұрғанын айтып, суық тигізіп алғандығын меңзеді. Менің кеудеме бірден жүрек ауруы болар деген күдік пен күмән ұялады. Белгілері маған жақсы таныс еді, өйткені өзім де жүрек ауруынан зардап шегіп жүретінмін. Оған қажетті дәрілерді бердім, плитаға шәугімді қойдым дағы дереу «жедел жәрдемді» шақырдым. Мені ондағылар бос машинаның жоқтығынан хабардар етті. Мен өзіміздің емханадан алыс тұрмайтындығымызды айтып түсіндіріп дәрігердің үйге келуіне рұқсат алдым. Жас қыз келгенше күйеуімнің жағдайы біршама жақсарып қалған еді. Дәрігер бірнеше дәрілерді атап, оларға аллергиясы бар ма деген сипатты сұрақтар қойды. Біз нақты жауап бере алмадық. Ол хлорлы кальцийдің инесін шаншып, жата тұруын тапсырды. Өзі бес минуттан кейін кетпекші болды. Мен одан күйеуімнің жанында бола тұруын өтіндім. Дәрігер өзге де науқастардың күтіп отырғандығын айтып кетіп қалды. Мен болсам шәугімді ысыту үшін асүйге бет алдым.

Менің қымбатты Нүскенім-ай! Табиғатынан шыдамсыз ол, менің ізімнен асүйге артымнан келіп қалыпты. Есім шығып кеткен мен оның тағы да жата тұруын өтіндім – ол маған тесіле қарап келіскендей сыңай танытты. Бір минут өтер-өтпестен залда гүрс етіп құлаған дыбыс шықты. Менің жүрегім әлдебір жамандықты сезіп, сүріне-қабына сонда ұмтылдым. Ол еденде жатыр екен, тұруға әрекет еткенімен тұра алмады. Аузы-мұрнынан қан кетті. Көздері тарс жұмылды. Бар күш жігеріп жинап жанталасып әлдене айтқысы келгенімен айта алмады. Мен қанды тоқтату үшін жанұшырып басын көтердім… Бірақ кеш еді… Өте кеш болды!

Бұл көрініс өз сыипаты жағынан ақыл-ойға сыймайтын, адам миы қабылдай алмайтындай, одан қашып құтыла алмайтындай сондай сұмдық та сұрапыл сәт еді. Дәрігер неге келді? Өлімді жақындату үшін бе? Ол келердің алдында менің қымбатты Нүсекемнің жағдайы біршама тәуір болып қалған еді ғой! Осындай сансыз ауыр ойлар миымды торлап алды. Менің қымбатты Нүскен жаным ай!

Жұмыстан шыға сала емханаға баруына да болар еді. Емхана болса жол үстінде. Бірақ ол үйге қайтуды шешті. Бәлкім жүрегі әлдебір жамандықты сезіп, менімен қоштасуға үйге жол тартты ма екен? Мені өзінің «Отаны — отанасы», «қорғаны» санайтын…

Бұл оқиға мен үшін қабырғамды сөгілткен, жан дүниемді қиратып тас-талқан еткен жағдай болды!…Барлығы қырық бес минуттың ішінде болып үлгерді. 12:00-де үйге келген ол 12:45-те мәңгі бақилық сапарына аттанып кете берді. Өйткені дәрігер кетерде сағатқа қараған едім. Мектептегі бір сабақтың уақыты. Бұл бір көктен ғарыштан келген белгідей еді, өйткені ол жас кезінде ұстаздық қызмет істеген жан болатын.

Сырластығымыз да, сүйіспеншілігіміз де таусылмаған еді…. Біздің ортақ ғұмырымызда бәрі болды: танысу, достасу, бір-бірімізге бой үйрету, өмір бақиғы өзара құрметтеу мен қадірлеу… Екеуіміздің арамызда тамаша өзара түсінушілік пен төзім бар еді… Ең бастысы рухымыз жақын жандар едік. Мен Жаратқан иемнің бүкіл саналы өмірімді сондай ерекше жанмен өткізуімді бұйырғанына дән ризамын. Ол менің тас қамал қорғаным еді. Көптеген құндылықтарға көзімді ашқан, айналадағы әлемге көзқарасымды барынша байытқан ғазиз тұлға еді. Оның поэзиясының, адамдарға деген ерекше қарым-қатынасының, адамды сүюінің, оптимизмінің тағы да басқа асыл қасиеттерінің арқасында мен рухани жағынан жетілдім, зор байлыққа ие болдым. Оның адамдардың әлсіз жақтарын кешіре білетіндігіне мен қайран қалатынмын, ол ұсақ-түйектен биік тұратын!

1976 жылы біз зор қайғыға душар болдық-біздің ортаншы ұлымыз Сырым, он бес жасында дүниеден қайтты. Ұзақ уақыт қайғы-мұңнан арыла алмадық. Нүсекең мүлде шөгіп кетті; күні-түні өз-өзіне келе алмады. Оның ауыр жағдайын көріп, қан жылаған жүрегімді бекіте отырып, өз-өзімді қолға алдым, жан-жарымның қалыпты өмірге оралуына барынша жан-тәнімді салып жәрдемдестім. Сол кездердегі суреттерге көз салсам, екеуіміз де Освенцимның тұтқындарындай күйге түскен екенбіз. Кейіннен ұлымыздың трагедиясын ол бірнеше өлеңіне арқау етті. Жараланған жанының жазылмас жарасы мен тағдырға деген наласы «Не керек» деген өлеңінде айқын көрініс тапқан болатын.

1978 жылы оны Іле аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындады. Бұл жерде оның буырқанған қызу қызметі басталды! Шығармашыл тұлға ретінде жұмысына бар жан-тәнін салды. Жұмысы оның көңілінен шықты, халықпен бірге болсам деген ойына жеткізді, елдің дәл ортасында болып, айналасындағыларға рухани шуағын шашты, шығармаларымен бөлісті. Өзінің талантының нағыз қадірлеушілерін тапты, табынушыларын кездестірді.

Табиғатынан тура, ашық, кез-келген адаммен оп-оңай тіл табыса алатын Нүсекең жұртшылық арасында өзіне деген жағымды көзқарасты қалыптастыра білді. Кез-келген жерде оның маңына топ-топ тыңдаушылар жиналатын. Нүсіпбек Исахметов – халқының сүйген ұлы бола білді, өмірінің соңына дейін елінің назары мен махаббатына бөленіп өтті. Әсіресе оны алыстағы ауылдың қарапайым еңбеккерлері ерекше құрмет тұтатын, өйткені олар ақынның шығармаларынан рухани құндылықтармен сусындайтын еді. Үнемі қалың жұртшылықтың арасында жүрді. Аудан және облыс ұжымдары мен ұйымдары оны асыға күтетін. Оның өлеңдерін, өздеріне арналған достық әзілдерін күтетін. Дарыны, мейірбандығы, өткір әзілдері арқылы халқының ілтипатын иемденді.

Әзілдері әсте таусылмайтын юмордың қайнары іспетті Нүсекең кіммен және не жәйінде қалжыңдасу керектігін жазбай табатын. Жағымды энергияға айналасындағыларды молынан бөлейтін. Үлкендер оны жандарында ұзақ қалдыруға тырысса, жастар айналасын үйірсектеп топталып жүретін. Нүсіпбектің шығармашылығы кең ауқымды. Туындыларында ол үшін ең қымбат деген құбылыстар, оның жан-дүниесінің таразысынан, ой талқысынан өткен жағдайлар көрініс тапқан. Оның шығармалары Отанға деген ұлы махаббатқа, халқы мен адамзаттың болашағына, туғандары мен жақындарына, достарына деген толғаныстарға толы. Әсіресе майданда қаза тапқан әкесіне, өзін және іні-қарындастарын қайыспай жалғыз өсірген марқұм шешесіне ерекше орын берілген. Нүсекеңнің поэзиясының тақырыбы өте кең шеңберде. Ақын жырларында адамды табиғат тірілтеді, оятады, сақтайды және қорғайды. Бойына тіршілік нәрін құяды, рухтандырады. Ерекше сүйіспеншілікпен туған жер табиғаты, өскен жердің тау-тасы, өзен көлі еске алынып, өлең-жырдың арқауына айналады. Әр өлеңнің философиялық тұжырымдамасы бар.

Газет бетінен ардақты жазушымыз, көрнекті журналист Шерхан Мұртазаның қайтыс болғандығы жәйлі қайғылы хабарды оқып отырып Шерағаңды Нүсіпбектің қалай жақсы көргендігін, сыйлағандығын есіме алдым. Шерағаңның елімізде болып жатқан жағымсыз жағдайларды бетке тура айтатынын, қорықпайтынын, берік және адал позициясын үнемі құрмет тұтып айтып отыратын.

Нүсекең өзінің шығармашылықтағы құрметтейтін достарын қонаққа жиі шақырғанды жақсы көретін. Ондай сәттерде оған туысы және бауыры Қанапия Мұсабеков оған қатты көмектесетін, Іле, Кіші Алматы өзендерінің бойына, басқа да табиғат аңғарларына киіз үй тігіп беретін.

Бізге талай рет Асанәлі Әшімов, Сейдахмет Бердіқұлов жары Күләтаймен, Шерхан Мұртаза Мәрия тәтемен, Тұманбай Молдағалиев әйелі Күлтаймен, Шоқанның немересі Шота Уалиханов қонаққа келген еді. Жақын ағалары Заманбек Батталханов, Сәйдәлім Танекеев те жиі қонақ болатын. Тіпті бірде Асқаров Асанбай Асқарұлының да келгені есімде. Ертеректе досы және бауыры Мұқағали Мақатаевпен де етене араласты. Олардың барлығы тау тұлғалы, дарынды және қарым-қатынаста қарапайым тұлғалар еді, олармен сұхбаттасу мағыналы, қызық, баурап аларлықтай тұғын. Ондай кештердің ауаны сондай қонақжайлыққа тұнып тұратын, ой және сөздің хас шеберлері жиналатын орта сондай болмай қайтсын әрине… Ерекше қызық оқиғалар баяндалатын, өлең-жырлар оқылатын, ән-жыр айтылып, күмбірлеген күйлер төгілетін. Әрине соның барлығы фото және видео жазба естеліктеріне түсірілмепті. Бұл өкінішті ақ. Нүсекең мәңгі ғұмыр кешетіндей,сол бір кештер үздіксіз өте беретіндей көрінуші еді сол кездерде…

Жатқан жерің жайлы, жаның жәнәтта болсын, қымбаттым!

 

Исахметова (Жиенқұлова) Раушан Ахметқызы

ЖАҢА ФОРМАТТА ҚЫЗМЕТ ҰСЫНУ

Алдыңғы ақпарат

«ТОЛАҒАЙДЫҢ» АЛҒАШҚЫ ҚАДАМЫ СӘТТІ БОЛДЫ

Келесі ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *