ВЕСТИ ИЗ ОКРУГОВЗаң және бізҚоғам

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ САЛАСЫНДАҒЫ ЗАҢНАМАҒА ЕНГІЗІЛГЕН ӨЗГЕРІСТЕР

Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 26 қарашадағы №273-VI Заңымен мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Енгізілген өзгерістер мемлекеттік қызметке қабылдану, мемлекеттік қызметтің өткерілуі және мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігіне қатысты болды.

Бүгінгі күні облысымызда 8000-ға жуық мемлекеттік қызметшілер қызмет етуде.Мемлекеттік қызмет-шілердің заңнамаға енгізілген өзгерістер жайлы құлақдар болуы үшін өзгерістермен осы мақалада толық таныстырып өтуді жөн көрдік.

Лауазымға тағайындалу

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бос лауазымдарға орналасу тек конкурс арқылы екені белгілі, бірақ жекелеген тұлғалар конкурстан тыс тағайындала алады.

Олар кімдер?

Қызметтегі судьялар, өз өкілеттіктерін кемінде алты ай орындаған Парламент депутаттары, тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн мәслихат депутаттары, сондай-ақ мемлекеттiк саяси қызметшiлер, халықаралық қызметшілер, судьялар «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына іріктеуден өтпестен орналаса алатынын білеміз.

Бұдан басқа, заңнамаға соңғы енгізілген өзгерістерге сәйкес, уәкілетті комиссия айқындайтын халықаралық, шетелдік немесе трансұлттық ұйымдарда, шетелдік мемлекеттік құрылымдарда кемінде соңғы бес жыл жұмыс өтілі бар адамдар, шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия айқындайтын шетелдік жетекші жоғары оқу орындарында докторантура бағдарламалары (PhD, бейін бойынша доктор) бойынша оқуын аяқтаған адамдар, квазимемлекеттік сектор субъектісінде басшы немесе басшының орынбасары лауазымын атқаратын адамдар және Президенттік жастар кадр резервіне енгізілген адамдар лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тағайындала алады.

Мемлекеттік органның бірінші басшыларының көмекшілері, кеңесшілері, баспасөз хатшыларының бос лауазымдарына да конкурс өткізілместен орналасуға жол беріледі. Алайда, аталған адамдарды мемлекеттік орган ішінде кейіннен ауыстыруға жол берілмейді. Олар ішкі конкурстарға тестілеуден және жеке қасиеттерін бағалаудан өткен жағдайда қатыса алады.

Мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызметтен шығарылған күннен бастап отыз күнтізбелік күн ішінде тестілеуден өтпестен, «Б»» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға конкурсқа және сайлауға қатысуға құқылы. Бұл жағдайда оларға міндетті арнайы тексеруден өту, декларация тапсыру сияқты талаптар қойылмайды.

Заңнамаға соңғы енгізілген өзгерістерге сәйкес, конкурсқа қатысатын мемлекеттік қызметшілер тестілеуден өтпейді, тек жеке қасиеттерін бағалаудан өтеді.

Өзгертулер енгізілмей тұрғанда, конкурс өткізу қағидасына сәйкес, ішкі конкурстың бірінші кезеңіне тек сол мемлекеттік органның қызметшілері ғана қатыса алатын. Енді мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері  арасында өткізілетін ішкі конкурсқа (жергілікті атқарушы органдарда)осы облыстың барлық жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік қызметшілері де қатыса алады.

Сонымен қатар, конкурс өткізу кезеңдеріне де толықтырулар енгізілген. Ол мәдениет, дене шынықтыру және спорт, білім беру және денсаулық сақтау саласындағы заңдарға сәйкес, кандидатпен әңгімелесу өткізу кезеңінің алдында олардың кандидатураларын министріктер, комитеттермен келісу қажеттілігі.

Бұдан басқа, егер негізгі жұмыскер жұмысқа шықпай, жұмыстан босатылған жағдайда, осы уақытша бос мемлекеттік лауазымда қызмет атқарып жүрген мемлекеттік қызметші конкурс өткізілместен, жұмысын тұрақты негізде жалғастыра алады.

Заңнамаға енгізілген тағы бір жаңалық ол қызметке қабылдаған мемлекеттік қызметшіге оның мемлекеттік лауазымы мен лауазымдық өкілеттіктерін растайтын құжат болып табылатын сәйкестендіру картасы берілетін болады.

Сынақ мерзімі туралы

Мемлекеттік қызметке қайта қабылдаған тұлғаларға сынақ мерзімі тағайындалмайтын болады. Егер мемлекеттік қызметтен теріс себептермен, сынақ мерзімінің нәтижесі, аттестация немесе бағалау нәтижесі бойынша жұмыстан босатылған болса, ондай қызметшілерге міндетті түрде сынақ мерзімі тағайындалады.

Егер сынақ мерзімінде жүрген мемлекеттік қызметші конкурс арқылы басқа лауазымға тағайындалып жатса және оның функционалдық міндеттері өзгермеген жағдайда қайтадан сынақ мерзімі тағайындалмайды, бұрынғы тағайындалған сынақ мерзімі жалғаса береді.

Сонымен қатар, заңнамада тәлімгерлердің бекітілуіне қатысты да өзгерістер бар. Енді облыстық атқарушы органдар және аудан, қалалық атқарушы органдар басшылары лауазымдарына тағайындалған азаматтарға сынақ мерзімі қолданылмайды.

Шектеулер мен талаптардың күшейтілуі

Мемлекеттік қызметте болуға байланысты белгілі бір шектеулер болатынын білеміз, оның ішінде мемлекеттік қызметшінің тікелей басшылығында қызмет атқаратын туыстарына қатысты шектеулер.

Заңға сәйкес, мемлекеттiк қызметшi өзiнiң жақын туыстары (ата-аналары (ата-анасы), балалары, асырап алушылары, асырап алынғандары, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары), аталары, әжелері, немерелері) немесе жұбайы (зайыбы) тікелей басшығында қызмет атқаруға болмайды. Заңға енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес, жекжаттары(жұбайының (зайыбының) аға-інілері, апа-сіңлілері (қарындастары), ата-аналары және балалары) атқаратын лауазымға тiкелей бағыныстағы мемлекеттiк лауазымды атқара алмайды.

Бұдан басқа, мемлекеттік қызметшілер қызмет бабында ілгерілеуіне қатысты талаптар да күшейтілген. Мәселен, мемлекеттік қызметшіде оның қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны не мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік терiс қылық жасағаны үшін алынбаған тәртiптiк жазасы болған кезде ауысу тәртiбiмен, сондай-ақ конкурстар арқылы басқа лауазымға орналасуына жол берiлмейдi.

Мемлекеттік қызметшінің оқытылуы

Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, мемлекеттік қызметшілер қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарынан Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы білім беру ұйымдарында және олардың филиалдарында, сондай-ақ дербес білім беру ұйымдарынан өте алады.

Міндеттердің жүктелуі туралы

Қызметтік қажеттілікке байланысты мемлекеттік қызметшіге өзінің атқаратын қызметінен босатылмай, басқа мемлекеттік лауазымның міндеттері уақытша жүктелуі мүмкін.

Облыстық атқарушы органдар, аудан, қалалық атқарушы органдар басшыларының, қалалар мен аудандар әкімдері орынбасарларының міндеттері уақытша үш айдан аспайтын кезеңге ғана жүктеле алады.

Осы ретте, мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының көмекшілері мен кеңесшілеріне басшының міндеттері жүктелмейді.

Мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі

Бірінші басшы өзінің қызметшісінің сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығы анықталған жағдайда (сот шешімімен) тәртіптік жауапкершілікке тартылатын болады.

Саяси мемлекеттік қызметшілер егер олар та-ғайындалған күннен бастап үш ай өткен соң өзінің орынбасары, өзіне тікелей бағынысты мемлекеттік саяси қызметші, аппарат басшысы не аудан, қаладағы аудан әкімі сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде облыстың әкімі, өзінің орынбасары, әкім аппаратының басшысы, өзі жетекшілік ететін, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органның басшысы, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде аудан әкім отставкаға өтініш береді.

 

Л. БЕЙСЕҚҰЛОВА,

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік

қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары

ӘЛЕМ ТАНЫҒАН – ҰЛЫ АБАЙ

Алдыңғы ақпарат

БАҒДАРЛАМАНЫҢ МАҚСАТЫ ХАЛЫҚТЫҢ ЖАҒДАЙЫН ЖАҚСАРТУ

Келесі ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *