Астана 20-жылЖаңалықтар

МЕМЛЕКЕТ ДИДАРЫ

Сарыарқаның сайын даласында Отанымыздың жаңа Елордасы, өркендеу үстіндегі Қазақстанның орталығы – Астана бой түзеді. Жаңа Елорда салу бастамасын алғаш Қазақстан Президенті көтергені баршаға мәлім. Жаңа қала салу мен оған көшу көптеген онжылдықтарға созылады деп санағандар да болды. Бірақ олардың бәрі қателескен еді. Астана ең қысқа мерзім ішінде салынып, бүкіл еліміздің қарышты дамуының нышанына, миллион тұрғыны бар ірі шаһарға айналды.

Қаланың бас сәулеткері шын мәнінде мемлекет басшысы Н. Назарбаев болып саналады. Оның идеясы мен ұсыныстарының арқасында Астана Батыс пен Шығыс мәдениеті мен дәстүрін тоғыстырған көз тартар бірегей келбетке ие болды. Қаланың көптеген ғимараттары, ескерткіштері кезінде Президент сурет, сызба және нобай түрінде түсірген ойлардан алынды. Әлемнің белгілі сәулеткерлері Нұрсұлтан Назарбаевтың ойларын өмірде жүзеге асыра білді.

Елбасының сызбасы бойынша «Бәйтерек» – Астананың және бүкіл елдің ең танымал бренді бой көтерді. Ол елорданың жаңа бөлігінің дәл орта тұсында орналасқан. Оның басынан бүкіл қаланың әсем көрінісі көзге шалынады. Сонымен қатар, Қазақстан Президентінің суреті мен сызбасы негізінде «Хан Шатыр» бірегей сауда және ойын-сауық кешені салынды. Мемлекет басшысы ойластырған тағы бір маңызды нысан – «Отан қорғаушылар» монументі.

Бүгінде Бейбітшілік және келісім сарайы – Астананың сәулеттік ансамблінің бөлінбес бөлшегі. Мәдениет орталығы, Ақорда резиденциясы және Астананың өзге де сәулетті ғимараттары да алдымен Нұрсұлтан Назарбаев сызған жоба түрінде пайда болған еді. Президент жұмыстардың қарқынын, ең бастысы – сапасын үнемі қадағалап отырады.

Астана аумақты өңірдің ең әсем қаласына, оның саяси, экономикалық, мәдени және рухани орталығына айналды. Жаңа Астана – тәуелсіз Қазақстан үшін жарқын келешектің нышаны. Астана – мемлекет дидары, халық мерейі. Оның біз жетпек биіктердей өрелі, біз орнатпақ қоғамдай тартымды болып көркейіп өсуі жолында күш-жігерді аямаймыз. Біздің жаңа астананы, жаңа Астананың бізді ұятқа қалдырмайтынына нық сенімдіміз. Астананы тек мемлекет басшылары ғана құрмайды, астана да ел басшылығын қалыптастырады. Астана келбеті – ұлт келбеті.

С. ТОМПАҚОВ,

78460 әскери бөлімінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

0

БІЛЕК КҮШІ БІРІККЕНДЕ

Алдыңғы ақпарат

С ДНЕМ КАЗАХСТАНСКОЙ ПОЛИЦИИ!

Келесі ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *