Ауыл шаруашылығыБас мақалаВЕСТИ ИЗ ОКРУГОВҚоғам

МАЛ БАҚҚАНҒА БІТЕДІ

Қарапайым халықтың тіршілігі түгелденіп, тұрмысы жақсаруы үшін арнайы сала-салаға бөлінген мемлекеттік бағдарламалар қабылдануда. Яғни, жұмыс істеймін, өз кәсібімді ашамын деген адамдарға мемлекет тарапынан әрдайым үлкен қолдау көрсетілуде. Мемлекет тарапынан берілген қолдаудың игілігін көріп, содан шаш-етектен пайда тауып отырған кәсіпкерлердің бірі Междуреченск ауылдық округінің тұрғыны Қуандық Әбдірейұлы Базарбаев. Негізінен мүйізді ірі қара малын бағумен оның ішінде ет өндірумен айналысатын Қуандық Базарбаев 1996 жылы «Демеу» шаруа қожалығын құрған кезде көптеген кедергілерге тап болды.

Басына тартса аяғына жетпейді дегендей жем-шөп дайындаудан, техниканың жетіспеушілігінен біраз қиындық көрді. «Мал баққанға бітеді», – деп айтпақшы жасынан әкесімен бірге мал соңында жүріп үйренген ол қиындықтардың бәріне шыдамдылық танытты.

– Көзімді малмен аштым, десем өтірік емес, – дейді әңгімесінде «Демеу» шаруа қожалығының басшысы Қуандық Базарбаев. – Өйткені, әкем Базарбай бұрынғы «Қаскелең» астық шаруашылығының озат шопандарының бірі болған. Басқа бауырларыма қарағанда мен малға жасымнан өте жақын болдым. Қысқы, жазғы каникулдарда бауырларым ауылдағы үйде қалса мен мал соңында жүретінмін. Құрылыс техникумын бітіріп, газ шаруашылығының технигі мамандығын алсам да, мал шаруашылығынан алыс кете алмадым. Кезінде әкем 1986 жылы зейнетке шыққанда шопанның құтты таяғын маған сеніп тапсырған болатын. Совхоз ыдырағанша осы «Қаскелең» астық шаруашылығының малын бақтым. Алдыңғы қатарлы шопан болдым. Ұжымшар тарағаннан кейін де біраз жыл Жамбыл ауданының «Амангелді» совхозында шопан болып, жұмыс істедім. Малдың жай-күйін жақсы білемін. Сондықтан да жекеше қожалық құрғанда кездескен қиындықтарға төзімділік көрсетіп, өз-өзімді сабырға шақырып, ашқан кәсібімнің нәсіпті болуына нық сенімде болдым. Мен сияқты шаруа қожалығын ашқан біраз адамдар қиындыққа шыдамай малын, жерін сатып қалаға кетіп қалды. Көп бейнеттің бір зейнетінің болатындығына үмітімді артып, жұмысымды жалғастыра бердім. Мал да адам сияқты, баппен қараған күтімді, жем-шөбінің уақтысында берілуін талап етеді. Соны жақсы білетін мен кезінде әкемнің совхоздан пай ретінде алған егістік жеріне арпа, жоңышқа егіп, соны уақытымен шауып, дестелеп, қораны жылылап 5-6 жыл тынбай еңбектендім.

Мемлекетіміздің 2011-2015 жылдарға арналған «Ірі қара мал етінің әлеуметін арттыру» жобасы аясындағы «Сыбаға» бағдарламасын ауданда алғаш қуана қуаттаған осы Қуандық еді. Ол көп ойланбастан аталмыш бағдарлама бойынша мемлекеттен 11 миллион теңге несие алып, 66 ұрғашы мал, 3 бас «Әулиекөл» атты асыл тұқымды бұқа сатып алып, өз қаражатына 50 бас малға арналған бордақылау алаңын салды. Мал азығының құрамына айрықша көңіл бөліп, мүйізді ірі қараға әр түрлі ауруларға қарсы емдеу-профилактикалық шараларды дер кезінде жүргізудің нәтижесінде бүгінде ұрғашы сиырдың саны 117 басқа жетті. Бұдан басқа жылына 30 шақты малды бордақылап, етке өткізеді. Нақтырақ айтқанда соңғы жылдары жылына етке 30 тоннаға жуық ет өткізіп жүр. «Айналайын» кәсіпорнымен келісім-шартқа отырып, күніне сүт зауытына 150-160 литр сүт өткізеді. Мүйізді ірі қарамен бірге жылқы, қой өсіруді де қолға алып отыр. Қазір қожалықта 60 бас жылқы бағылады.

Мұның сыртында малдың жем-шөбін де өзі дайындайды. Айталық, 219 гектар жерге масақты және дәнді дақылдар өсіреді. Малына қажеттісін жинап алған соң қалғанын сатады. 2019 жылы 60 гектарға жаздық арпа сеуіп, оның әр гектарынан 11,3 центнерден өнім жинады.Тұрақты түрде 5 адамға жұмыс орнын беріп отыр. Ал, жаз айларындағы науқан кезінде «Демеу» шаруа қожалығында орташа айлық жалақылары 85000 теңгеден болатын 20 адам жұмыс істейді.

Өзінің саналы ғұмырын мал шаруашылығына арнаған Қуандық Базарбаев пен оның жұбайы Ләйләгүл бүгінде талай қиындықтарды жеңіп, еңбектерінің жемісін көруде. Тек адал еңбекпен өмір сүріп келе жатқан олар қазір алтындай қыздары Перизат пен ұлдары Демеуден төрт немере сүйіп отырған бақытты ата мен әже. Немерелері Айтана, Әли-Рамир, Сұлтана, Әди олардың көз қуаныштары, мақтаныштары.

«Сыбаға» бағдарламасының игілігін көріп, мал тұқымын асылдандыру мен оны өз төлі есебінен өсіру арқылы ет өндірісін дамытып отырған Қуандық Әбдірейұлы Базарбаев осылайша тұрақты еңбегімен ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайына сүбелі үлесін қосуда.

 

 Роза ЕЛІКБАЕВА

АРЫЗДАР ҚАРАЛДЫ

Алдыңғы ақпарат

КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫЛАР ЖАҢА МЕМЛЕКЕТТІК ЖӘРДЕМАҚЫ АЛАДЫ

Келесі ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *