Рухани жаңғыру

ЛАТЫН ӘЛІПБИІ – ЕЛ ЕРТЕҢІНЕ НЫҚ ҚАДАМ

«Ел бүгіншіл, менікі – ертең үшін». Иә, латын әліпбиіне көшу жайлы Елбасымыздың салиқалы саясатының маңызды бір бағыты жайлы сөз қозғағанда, ойымды ұлы ағартушы педагог ғалым Ахмет Байтұрсынұлының осынау бір мағынасы терең, сынды пікірінен бастағым келіп отыр. Ел – бүгіншіл деп халықты, ел-жұртты болашаққа қадам басу жолында әр істің астарында үлкен мән барын және оны дұрыс саралап, сенімділікпен ұстануға шақырғандай…

Әрине, қоғамымызға қандай өзгеріс енсе, онымен қоса әр кезде үрей мен сенімсіздік қоса жүретіні сөзсіз. Сол сияқты, латын әрпіне көшу жайлы пікірлер де бүгінгі таңда қоғамды екі топқа жарып тұрғаны шындық. Бірақ, ел дамуының негіздеріне көз жүгіртіп қарасақ, латын әліпбиіне көшу-әбден сараланып, өз маңыздылығын дәлелдеп берген салмақты қадам екеніне көзіміз жеткендей.

ҚР Президенті, Ұлт көшбасшысы Н. Назарбаев үстіміздегі жылдың сәуір айында жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қазақ тілін латын алфавитіне көшіру туралы былай деп жазады: «Мен 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлімдедім. Бұл – сол кезден барлық салаларда біз латын қарпіне көшуді бастаймыз деген сөз. Яғни, 2025 жылға қарай іс-қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз.

Латын әліпбиіне көшу – қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз. Сондықтан, бұл қадам – біз үшін және болашақ үшін әлдеқайда маңыздырақ. Төл тіліміздің бүгінгі жағдайы, өзге ұлт өкілдері арасындағы сұраныс деңгейімен де өлшенетінін ескерсек, әлі де түйінін шешетін мәселелердің көп екенін байқаймыз. Тіпті, өзге ұлтты қоя тұра, қазақ ұлтты қандастарымыздың өзара әңгімесі шұбарланған күйі қоғамымызға жатталып, сіңіп барады. Кеңес дәуірінің 70 жыл бойғы ұлттық ерекшелігімізді бой көрсетпей басып, ұлттық дамудың жалпыға бірдей әмбебап түріне бой ұсындырған кезі өтсе де, тәуелсіздігімізге ширек ғасыр уақыт толса да, «қап-ай» дейтін сәттер аз емес. Ана тіліміздің алға ілгерілеуіне бұғау болып отырған да осы жайттар. Оны Ұлт көшбасшысы мақаласында «қатер жаңғыру» ретінде қарастырады. Бұл-ақиқат шындық. Ал Елбасымыз бізге сенім артып, 2012 жылдың өзінде «Қазақстан – 2050» стратегиясында «Қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзімізден бастауымыз керектігі ұмыт қалады. Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс. Тағы да қайталап айтайын: қазақ қазақпен қазақша сөйлессін. Сонда ғана қазақ тілі барша қазақстандықтардың жаппай қолданыс тіліне айналады», деп айтқан.

Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі тіліміздің әрі қарай жаңғыруына жақсы ықпал етері сөзсіз. Себебі латын әліпбиі біздің психологиямызды, ой-санамызды орыс тіліне тәуелділіктен босатады деп ойлаймын. Сондықтан, мемлекеттік тілдің латын әріпіне көшуі – заман талабы. Бұл мәселені көтеру – Президентіміздің көрегендігін көрсетеді. Егер біз алға 1 қадам қарап отырсақ, ол бізден 3-4 қадам алда келе жатыр.

Латын әліпбиіне көшу – ұлтымыздың санасын бұғаудан босатады, түркі және жаһандық әлемімен ықпалдасуға, қазақ халқы ертеден қолданған әліпбиімізге қайта оралып, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашады деп сенемін.

Қорыта келе, ойымды Ахмет Байтұрсынұлының тағы бір әдемі сөз түйінімен аяқтағым келіп отыр: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деген. Ұлтымыздың рухы сөнбей, мәңгі жасап, Мәңгілік ел боламыз десек, тіліміздің жаһандық кеңістікке танылуына атсалысайық ағайын!

 

Ж. ҚАСЫМХАНОВА, Жетіген ауылдық округі әкімінің орынбасары

 

 

 

0

Турнир төресі ШЕБЕРЛІК ШЫҢДАЛДЫ

Алдыңғы ақпарат

Скоро в школу СТРОИТЕЛЬ – ПРОФЕССИЯ СОЗИДАНИЯ

Келесі ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *