Бас мақалаВЕСТИ ИЗ ОКРУГОВҚоғамМәдениетРухани жаңғыру

ӘЛ-ФАРАБИ ЖӘНЕ ОНЫҢ РУХАНИ МҰРАСЫ

Қазақстан 2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық  мерейтойымен қатар,  шығыстың ғұлама ойшылы әл-Фарабидің 1150  жылдығын да атап өтпек. Философ, математик, ғалым әл-Фараби шамамен 870 жылдары қазіргі Қазақстан аумағында туған. Шамамен 951 жылдары Дамаскте (Сирия) өмірден өткен. Бірнеше ғылыми еңбектің авторы. «Ізгі қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат» атты еңбек жазып қалдырған. Шығыстың ғұлама ойшылы, математик, астролог, музыка теоретигі, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған Әбу Насыр Әл-Фараби жайлы сөз қозғамақпыз

Әбу Насыр Әл-Фараби 870 жылы Арыс өзенінің Сырға барып құятын сағасындағы Фараб (қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданы маңайындағы ортағасырлық қала) қаласында дүниеге келді. Ғұлама ойшылдың толық аты-жөні – Әбу-Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед Тархан ибн Ұзлағ Әл-Фараби. «Ол әулетті отбасыда өмірге келді. Оның әкесі әскери қолбасшы болған. Орта ғасырда Фараб қаласы ғылым мен мәдениеттің ордасы еді.  Ғалымның туған жері қазақтың ежелгі қаласы Отырарды арабтар «Барба-Фараб» деп атап кеткен. Сондықтан «әлемнің екінші ұстазы» атанған ойшыл Әбу Насыр Әл-Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбу Насыр атанған. Тарихи деректерде Отырар қаласы IX ғасырда тарихи қатынастар мен сауда жолдарының торабындағы аса ірі мәдениет орталығы болған. Әбу Насыр бала күнінен ғылымға үйір болып өсті. Ғалым алғашында Бұхарада, Самарқанда, одан кейін Хамадан, Бағдат, Шам, Каир, Дамаск, Александрия, Мәдина, Мекке қалаларында болып, білімін үнемі жетілдірумен болды. «Ол Хамада қаласында араб тілін үйренді. Одан кейін 20 жылдай Бағдат қаласында тұрып, антикалық философиямен әлемдік мәдениетпен танысты. Жалпы Әл-Фараби бір жерде тұрақтамаған. Ол үнемі бір қаладан екінші қалаға саяхат жасап, білімін шыңдаған. Ғұлама ойшыл бар өмірін ғылым мен білімге арнады. Біздегі мәліметтерге сәйкес, ол 70-ке жуық тілді меңгерген”. Сондай-ақ ғұлама ойшыл медицина ғылымындарын меңгеруге де бар күшін салады. Ол біраз жыл Бағдат шаһарында ғылыми ізденістермен айналысып тұрақтап қалады. Содан кейін Шам аймағына қоныс аударып, 950 жылы өмірден өткенше сол өлкеде қалады.

Әл-Фараби философия саласы бойынша грек ойшылы Аристотельдің «Категориялар», «Метафизика», «Герменевтика», «Риторика», «Поэтика», бірінші және екінші «Аналитика», «Топикасы»  және т.б көптеген еңбектеріне түсініктемелер жазды.

Әбу Насырдың Платон және Аристотель философиясындағы идеяларға арналған кітабы оның философия саласындағы аса көрнекті ғалым екенін әрі философия пәнін терең меңгергенін дәлелдейді. Фараби Аристотельдің әлеуметтік-қоғамдық идеяларын дамыта отырып, өз тарапынан да «Кемеңгерлік меруерті», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Мәселелердің түп мазмұны», «Ғалымдардың шығуы», «Бақытқа жету», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері» сияқты көптеген сындарлы философиялық еңбектер жазған. Фараби бұл еңбектерде дүние, қоғам, мемлекет, адамдардың қатынастары туралы заманнан озық тұрған пікірлер, пайымдаулар айтады.

Әл-Фарабидің еңбектері күні бүгінге дейін өз мән-маңызын жоғалтқан жоқ. Әл-Фарабидің мемлекет, ел басқару жөніндегі тұжырымдары, әлеуметтік-этикалық саяси көзқарастары бүгінгі қоғам үшін де айрықша маңызды. Оның еңбектері еуропалық Ренессанстың өрлеуіне үлкен ықпал етті. Фараби Шығыс пен Батыстың ғылымы мен ежелгі мәдениетін табыстыруда зор рөл атқарды.

Н.МОМБЕК

МӘМС бойынша онкосрининг қызметі тегін өткізіледі

Алдыңғы ақпарат

ТАРИХИ МАҢЫЗДЫ ҚҰЖАТ

Келесі ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *