ЖаңалықтарҚоғам

КЕШЕНДІ КӨМЕК ҚОЛДАУ ТАПТЫ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған елдің кемел келешегін көздеген «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру мақсатында 84 қадамында айтылғандай халыққа әлеуметтік көмек көрсетудің бірқатар басымдықтары атап көрсетілген. Осы бағытта атқарылып жатқан шаралар жеткілікті.

Бүгінгі күні көп балалы және аз қамтылған отбасыларға республикалық бюджеттен табысына қарамастан арнаулы жәрдемақы беріліп тұрады. Ал жергілікті бюджеттен жан басына шаққанда күнкөріс деңгейінің 60 пайызынан төмен болса отбасындағы балаларға, ал 40 пайыздан төмен болса жан басына берілетін атаулы әлеуметтік көмектермен қамтылған. Осы мәселе бойынша, Іле ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының директорының міндетін атқарушы Айбек Амангелдіұлы Рақымбаевпен сұхбат жүргіздік.

– Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек қазіргі әлеуметтік төлем түрлерінен өзгешелігі қандай?

– Ұлт жоспарының 84-қадамын іске асыру үшін қолданыстағы үш жәрдемақыны біріктіру негізінде 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірыңғай жәрдемақы – жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті енгізу қарастырылған. Аз қамтамасыз етілген азаматтарға немесе отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмек кешенді болып, өз ішіне 3 түрлі мемлекеттік қолдауды алып отыр, олар:

1) Атаулы әлеуметтік көмек төлемі.

2) Жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, яғни, жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарына жолдау, тұруына, жол жүрісіне, біржолғы ыстық тамағына шығыстарды өтей отырып, оқуға жіберу және мемлекет есебінен шәкіртақы төлеу; мемлекет есебінен еңбекақысын субсидиялай отырып, жастар тәжірибесіне, әлеуметтік жұмыс орындарына және қоғамдық жұмыстарға жіберу, жеке ісін ашуға немесе бизнесін кеңейтуге микрокредит беру.

3) Әлеуметтік қызметке мұқтаж жандарға мемлекет кепілдік берген арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету. Қызметтерді үкіметтік емес ұйымдар, әлеуметтік қызметкерлер және мемлекеттік медициналық-әлеуметтік ұйымдар көрсете алады.

Осылайша, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек аз қамтылған отбасыларға немесе азаматтарға қолдау көрсете отырып, кедейшілік шегінен шығару үшін кешенді қарастыруды көздейді.

– Шартсыз және шартты ақшалай көмекті қалай түсіндіресіз?

– Шартсыз ақшалай көмек құрамында еңбекке қабілетті мүшелері жоқ отбасыларға (мүмкіндіктері шектеулі адамадардың немесе егде жастағы зейнеткерлердің отбасылары) немесе еңбекке қабілетті мүшелері объективті себептерге байланысты жұмыспен қамту шараларына қатыса алмайтын отбасыларға (мысалы, мектепке дейінгі балалары бар жалғыз басты ана) көрсетілетін болады. Мұндай отбасыларға жәрдемақы алу үшін жұмыспен қамту шараларына қатысу міндетті емес.

Шартты ақшалай көмек құрамында еңбекке қабілетті кем дегенде бір мүшесі бар аз қамтылған отбасыларға ұсынылады, бұл орайда қойылатын шарт – жұмыспен қамтудың белсенді шараларына олардың міндетті түрде қатысуы.

Әлеуметтік келісімшартқа қол қоя отырып, тараптар өзара міндеттер алады: әлеуметтік қызметтер – жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге күш салуға және төлемдерді төлеуге, ал отбасының еңбекке қабілетті мүшелері – отбасын аз қамтылған топ құрамынан шығаруға бағытталған әлеуметтік бейімдеу мен жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына адал қатысуға міндеттенеді.

– Ал егер келісімшартта жүктелген міндеттерді орындамаған жағдайда қандай шара қолданылады?

– Аз қамтылған отбасының 18 жасқа толған еңбекке қабілетті мүшелері өздеріне әлеуметтік келісімшартта жүктелген міндеттерді орындамаған жағдайда жәрдемақы мөлшерін қысқарту тетігі қарастырылған: бірінші рет – отбасының еңбекке қабілетті мүшелерінің атаулы әлеуметтік көмегі 50 пайызға, ал қайталанған жағдайда 100 пайызға қысқартылады. Бұл ретте атаулы әлеуметтік көмек кәмелет жасқа толмаған балаларға және бала күтімімен отырған аналарға толық мөлшерде сақталады.

– Жаңа форматтағы Бірыңғай жәрдемақы төлемдері қалай болмақ?

– Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек аз қамтамасыз етілген отбасыларға қазіргі уақытта беріліп отырған келесі үш әлеуметтік төлемді біріктіретін Бірыңғай жәрдемақы болып табылады:

а) отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің 40 пайызынан төмен болған жағдайда жанұяның әр мүшесіне берілетін атаулы әлеуметтік көмек;

б) отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің 60 пайызынан төмен болған жағдайда 18 жасқа дейінгі балаларға тағайындалатын балалар жәрдемақысы, оның мөлшері осы жылы 1,05 АЕК немесе 2 383 теңгені құрайды;

в) кәмелеттік жасқа толмаған төрт және одан да көп баласы бар отбасыларға табысына қарамастан берілетін арнайы мемлекеттік жәрдемақы.

АӘК жаңа форматын енгізу әлеуметтік көмектің атаулығын күшейтуге, әлеуметтік масылдықтың алдын алуға, еңбек белсенділігін ынталандыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде бұл, аз қамтылған азаматтардың өмір сүру деңгейіне оң әсер етеді.

– Сұхбатыңызға рахмет!

0

ВРУЧАЯ ПАРТБИЛЕТ…

Алдыңғы ақпарат

РАЗЪЯСНИЛИ НАЛОГОВЫЙ КОДЕКС

Келесі ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *