ВЕСТИ ИЗ ОКРУГОВ

ӘКЕ – ОТБАСЫ ҚОРҒАНЫ

Қандай мамандықты алсақ та, әрқайсының өзіндік қызығы мен қиыншылығы бар. Сол мамандық арқылы елге қызмет жасайды. Абырой мен беделге ие болып, саналы ғұмырларын ұрпақ болашағы үшін сарп етеді. Осындай қажырлы еңбек еткен азаматтың бірі Марат Сеитұлы Сеитов. Ағамыз биыл мерейлі 70 жасқа келіп отыр.
Марат Сейтұлы 1949 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Жетіген ауылындағы орта мектепті бітірген соң, Талғардағы механизация техникумына (ТТМ) түсіп, Қапшағай қаласындағы жылжымалы механикаландырылған колоннада мамандығы бойынша еңбек етті. Осы колоннада қарапайым жұмысшыдан бастап, бригадир, өндіріс бастығы қызметіне дейін көтерілді. Өзі коммунист болған және екпінді еңбек озаты, бірнеше грамоталармен марапатталып, Социалистік еңбек озаты болды. Ал 1980 жылдардың аяғында Жетігендегі жұмысшылар кооперациясында автодүкен меңгерушісі болып жұмыс істеді. Қызмет істеген ортасында өзіне берілген міндеттерін бұлжытпай орындап, жауапкершілікті сезіне білген азаматты қызметтестері де байқап, оның еңбегін бағалады. Соның нәтижесінде Марат Сеитұлы көптеген марапаттарға лайық болды. Тумысындағы еңбекқорлығы оны Жетіген ауылындағы қызметіне алып келді. Әріптестері мен ауылдастарының құрметіне бөленген ардақты жан. Қоғамдағы, ауылдағы қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, әр іске өз үлесін қосып жүрген азамат.
Әке – әулеттің бәйтерегі десек, Марат Сеитұлының әкесі Қастеков Сеит Жетіген ауылына белгілі, атағы көпшілікке танымал адам болған. «Ырыстың көзі – дәулетте, бақыттың көзі – әулетте» деген мақалдың мәнін үйреткен әкесі айналасын шұғылалы шуаққа шомылдырып жүретін, жүрегі ізгілікке толы жан болғанын көз көргендер айтады. Торыққанды демеді, жабыққанды жебеді, көңілінің нұрына бөледі. Міне, осындай әке – әркімнің сүйенер тіреуі болды. «Әкеге қарап ұл өсер» дегендей әкенің балаға үйретері көп. Ол өзінің болашағына алаңдап ойланып толғанады. Ол болашақта баласының жақсы болуын қалайды. Әке жақсы болса, баласы да соған еліктейді. Анасы Ұлту да мейірімді болған. Жасынан тынбай еңбек ете жүріп жеті баланы тәрбиелеп өсірген Ұлту апа үстіміздегі жылы тоқсаннан асып барып, балаларының алдында көз жұмды. Артына ізгілікті із қалдырды. Жастайынан бойына әкенің жақсылығын жиып өскен Марат Сеитұлының да қазіргі мақсаты анасы мен әкесінің атына кір шалдырмау. Сондай алып бәйтеректің атағына кір келтірмеуді өзіне мақсат тұтқан Марат әлі күнге дейін тынымсыз еңбек етуден жалыққан емес. Ол отбасында бала-шағасымен, немерелеріне тіпті маңайындағы жандарға да саясын түсіріп жүрген асқар тау. Осындай тебіреністі сәтте әке мен бала арасындағы бір тәмсіл ойға оралады. Бірде көпті көрген ақылман әке ұлын ертіп, жолға шығыпты. Жол бойы қолына уыстап ұстаған шиесін баласы сұрай беріпті. Сонда әкесі соңынан ерген баласына шиені бір-бірлеп тастайды. Баласы қайта-қайта еңкейіп алудан шаршап соңында: «Әке, шиені неге бір-бірлеп бересің? Уыстап ұстата салмайсың ба?» – дейді. Сонда әкесі әрбір жемістің еңбекпен келу керектігін ескертіпті. Ал, әр шаңырақта əкенің орны ерекше. Əр əкенің арманы ол əрине, баласының жақсы адам болып, жақсы оқу орнында оқып, өмірде өз жолын тауып бақытты болғаны. Əкенің жылы жүзі, ыстық құшағы, құлыным деп айтқан сөзінің өзі осы өмірде ештеңеге тең келмейтіні анық. Сол секілді Марат Сеитұлы да ұл-қыздарын талбесіктен еңбекқорлыққа тәрбиеледі. Әрбір жетістіктің, әрбір жемістің артында адал еңбектің маңдай тері тұру керектігін отбасында, дастарқан басында жиі қайталайтын. Әкенің арманы, әкенің мақсаты еш кеткен жоқ. Аяғынан қаз-қаз тұрған балаға бірде мейірім, бірде қаталдық та керек. Ел ағасы болған әке қажет кезінде шексіз мейірбан болды. Кейде орасан талап қойып, ұл-қыздарын ширатты. Жемісі – перзенттерінің бүгінгі қоғамдағы орны. «Үлкеннен — үлгі» дейді халық даналығы. Асыл азаматтың аяулы жары Клара екеуі Гүлбаршын, Арман, Майра есімді ұл-қыз өсіріп, олардан немере сүйіп отырған ұлағатты отбасы. Біреуі мемлекеттік қызмет саласында жүрсе, енді біреулері кәсіпкерліктің тұтқасын ұстаған жандар. Қазақ адам ғұмырын неліктен қамшының сабына теңеді екен?! Сөйтсек, әр қазақтың қолында жүретін сабау қамшының соншалықты қысқалығын мысалға келтіріпті. Марат аға өзінің бабаларының аманатын, келер ұрпаққа жеткізіп, бес күндік жалғанда өзіне тиесілі міндетті адал атқарып келеді. Сол еңбегінің жемісін 1995 жылдан бастап кәсіпкерлікпен жалғады. Бүгінгі жастарға керекті өнеге де осы. Өзінің еңбекқорлығының арқасында кәсібінің жемісін көріп отырған отбасы. Жалпы, кәсіпкер болу оңай емес. Ол үшін білім де, білік те, білек те керек. Сабыр мен төзім, қажыр-қайрат та қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті осындай еңбекқор азаматқа тән қасиеттердің бірі. Сондай-ақ, ұстамды болуы, адамдармен араласа білуі, сыпайы болуы да аса маңызды. Осындай көп талаптардың үдесінен шығу оңай болмаса керек. Отағасының қызметі өте ауыр болды. Таңның атысымен жұмысқа кетіп, түн жарымда келіп, балаларын иіскеуге де уақыты болмайтын. Қазір сол еңбектің жемісін жеп, немерелеріміздің қызығын көріп отырмыз, Құдайға шүкір! – деп өмірге ырзалығын білдіреді жұбайы. Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны бар, бірақ еткен еңбек, көрген бейнет, татқан зейнет, алған асу, жеткен биік әркімнің өмірінде әрқилы. Оны сырт көз өздерінше бағалап та жатады. Сондағы жалпының іздейтіні біреу: ол – кісілік келбет, азаматтық тұлға. Оған – дәл осындай адами асқақ қасиетке, қанша ғұмыр кешкенімен, жеткен де бар, жетпеген де бар. Марат Сеитұлының туылған күніңіз құтты болсын! Асқар тау, алып бәйтеректің бүгінгі мерейтойымен шын жүректен құттықтай отырып, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілейміз. Анамыз екеуіңізге денсаулық, бастарыңызға амандық, өсіп келе жатқан ұрпақтарыңыздың қызықтарына тоймасын деген ақ тілегіміз бар. Жетпіс жасыңыз құтты болсын асқар тау, саялы бәйтерек!
Өз тілшіміз

0

ҒАСЫРДАН АСҚАН АҚ ӘЖЕ

Алдыңғы ақпарат

«NUR OTAN» – ГАРАНТ СОЦИАЛЬНОЙ СТАБИЛЬНОСТИ

Келесі ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *