Қоғам

КӨРКЕМ СӨЙЛЕЙ АЛМАУ, МӘДЕНИЕТСІЗДІК


Тіл — халықтың тамыр түбінен таралған ғасырлар тарихы, баға жетпес құндылық, кеуде жылытар мақтаныш, қараңғылықтан құтқарар баспана.Ғабиден Мұстафин: «Түрлі- түрлі байлық бар. Солардың таңдауын берсе, мен тіл байлығын таңдар едім», – деп айтқандай, тілден сенімді ғалам жоқ, бұл кең дүниеде тек тіл мәңгі өмір сүре алады. Біз сияқты мәдениет жемісіне жаңа аузы тиген жұрт үшін ана тілімізде анық сөйлеу- алға қадам басудың негізгі шарты болып табылады.Қазақтың сары- сайран даласы, құйындай екпінді тарихы алдағы толағай табыстармен өрбітілуі тиіс. Тілінен айырылған жұрт — жойылған жұрт. Орамын- бұрамын, кисынын, орайын келтіріп пайдаланса, бұл тілменен сурет салуға, ән айтуға, мәңгілікке есік ашуға болады. Сұлу да көркем ана тілінде сөйлей алмау, оған шұлдырлап-бүлдірлеу, өгейсіну қазақ азаматына мүлде жат нәрсе. Халықтың ең басты мақсаты – асыл мұра сөздерді арзандатып алмау.
Әрбір саналы мәдениетті азаматқа ана тілі мен сол ана тіліндегі әдебиеттің қадірін білмеу- мәдениетсіздік.
«Шалқыған ойы болмаған соң пепірме сөзі көп» – демекші, тіл сұлулығын бағаламау сыңаржақ тұлғаның белгісі.
Аманат етіп қалдырылған бағасыз арман тілді жат тілменен шұбарлап сөйлеу қазіргі кезде өкінішке орай ең үлкен қателік.
«Өнер алды – қызыл тіл» деп халқымыз айтқандай, сөйлей білуде үлкен өнер. Таза ұлттық тілімізде мәдениетті, нақышты, жүйелі сөйленген сөз тыңдаушысын ешқашан да жалықтырмайды.
Қазіргі мәдениетті,
жан-жақты білімді жастарымыздың ақыл-ой көрінісі – әр сөзді өз орнына жұмсап, мағыналы сөйлей білуі – заман талабы.Сондықтан да, сөйлеу мәдениетіне қай кезде де ерекше мән берілген, қай халық болса да қатты қастерлеген.
Бұл ретте К.Паустовскийдің:
«Әрбір адамның өзінің ана тіліне деген көзқарасына қарап, оның мәдени дәрежесіне ғана емес, сонымен бірге азаматтық қасиеті жөнінде де мүлтіксіз баға беруге болады. Өз Отанына деген махаббат өз ана тіліне деген шынайы махаббатсыз болуы мүмкін емес», — дегенін еске алсақ, әр адамның өз ана тіліне деген құрметі арта түсер.
Тіл-адамның барлық саналы өмірінің құралы:
өнер-білімді, мәдениеттілікті,қоғамның белсенді азаматы болуды ол тіл арқылы үйренеді.
Тіл, оның ішінде,
қазақ тілі де, халықтың барлық іс-әрекетінің,
қарым-қатынасының құралы болғандықтан, оның мәдениетін жоғары сатыға көтеру-әрқайсымыздың борышымыз.Тіл тазалығы үшін күрес–тіл мәдениеті үшін күрес. Сондықтан да, әрбір адам тіл тазалығын сақтауға,тіл мәдениетін игеруге, әдепті, келісті, мәдениетті сөйлеуге үйренуі керек.
Қандай заман болмасын тілдің қадір- қасиеті әр халықта ең жоғарғы орында тұруы тиіс. Әлемнің жаңа белестерін бағындыру үшін кез келген мемлекет ең алдымен ел арасында туған тілін жаңа дәрежеге көтеріп, оның таза қолданылуын қадағалап, толағай табыстарға жетуі керек. Бәсекелестік ғасырында биік тіл туын орнында ұстап қалу үшін, ең алдымен жастар мен келешек ұрпақты патриоттық рухпен, еліне деген сүйіспеншілікпен, ынтымағы жарасқан еліміздің тарихымен сусындатып, қабілетті әрі еңбексүйгіш қылып өсіру.

Айсана ҚАНАТҚЫЗЫ

0

ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ – ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ

Алдыңғы ақпарат

МИЛОСЕРДИЕ – ЛЮБОВЬ К БЛИЖНЕМУ

Келесі ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *