ДенсаулықЖаңалықтарҚоғамТұлға

ӘЙЕЛ ДЕНСАУЛЫҒЫ – ЕЛ БОЛАШАҒЫ

Жалпы адамзаттың денінің саулығы үшін ұрпақ өрбіту жасындағы әйелдердің денсаулығын сақтау – тек біздің ғана емес, бүкіл дүниежүзілік қауымдастықтың назарындағы басты мәселелердің бірі. Сондықтан әр аудан орталығындағы әйелдер кабинетіне дәрігерлердің беретін кеңестері өте маңызды рөл атқарады.

Ақ халатты абзал жандар мерекесі қарсаңында Өтеген батыр кентіндегі орталық ауруханасындағы әйелдер саулығын бақылау кеңесшісі, акушер, білікті маман Майра Тлемисованың жұмысымен танысып қайтқан едік.  Кейіпкеріміз таңғы жұмысын алдындағы жайып тастаған ақ папкаларындағы науқас әйелдердің денсаулығындағы кілтипандарды нақтылап жазып, ары қарай қандай ем қабылдау керектілігі жайлы тарихнама толтырудан бастады.

Ара-арасында біздің сұрағымызға жауап та беріп отырды.

– Майра Абдулаиевна алғашқы акушерлік жолындағы еңбек жолыңыз қалай басталды?

– Әрине алдымен еңбек жолымды 1988 жылы осы Өтеген батыр кентіндегі орталық ауруханадан бастаған едім. Ол кезде өрімдей жаспыз. Күні-түні перзентхананың ішіндегі қазаны қайнап жатқан қара жұмыстан қолымыз босамайтын. Бұл мамандық өз таңдауым ғой. Туған жерім қазіргі Талғар ауданы Нұра ауылында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Нұра ауылындағы орта мектепті 1985 жылы аяқтап, аудан орталығындағы медициналық колледждің табалдырығын аттадым. Негізгі алға қойған мақсатым мединститутты аяқтап үлкен дәрігер болу еді. Бірақ медициналық колледжді аяқтап, осы ауруханаға жұмысқа тұрғанымда тұрмыс құрдым да арманымның жартысы ғана орындалды. Осыған да шүкіршілік етемін.

– Мамандығыңызда қандай адами қасиеттерді талап етеді?

— Өз басым ең алдымен тазалыққа мән беремін. Адаманың дені сау болуы үшін жан тазалығы мен тән тазалығына аса мән берілуі керек. Әсіресе, әйел заты үшін ең маңызды. Одан кейін ас ішуде, түрлі сусындарды ішерде ең алдымен денсаулығын ойлау керек. Қазіргі уақытта көп сусындардың құрамында сүт безінің обырына әкелетін химиялық заттар кездесетінін жасыра алмаймыз. Үшіншісі, ең маңыздысы жылына екі рет әйелдер кеңесіне келіп скрининг, цитологиялық тексерілістен өтіп, мамандардан кеңес алып тұруы керек. Сонда ғана әйел денсаулығының сапасы артып, дені сау ұрпақ дүниеге келеді.

– Науқастардың бойынан қандай қатерлі аурулар жиі кездеседі?

– Ең алдымен сүт бездерінің обыры (рагы). Бұл Еуропа, Америка, Азия елдерінің әйел адамдарының арасында кең тараған. Жыл сайын әлемде осы диагнозбен миллионнан астам жағдай тіркеледі. Ал орташа өмір сүру ұзақтығы 80 жасты құрайды. Елімізде соңғы 20 жыл ішінде обырдың осы түрімен аурудың тұрақты тенденциясы байқалады. Әсіресе, біздің аудан немесе Алматы қалалары сияқты үлкен мегаполистерде жиі кездеседі.

Екіншісі, қатерлі ауру ол жатыр мойын обыры (рагы) Жатыр мойыны рагы әйелдердің жыныс мүшелерінің қатерлі ісіктерінің арасында кездесу жиілігі бойынша екінші орын алады. Кейінгі онжылдықтарда жатыр мойынының инвазивтік рагымен науқастанудың айқын төмендеу құбылысы байқалады. Бұл жағдай бұрыңғы жылдарда профилактикалық байқаулар мен цитологиялық скринингтің нәтижесінде дисплазияны және преинвазивті ракты емдеудің кең түрде жүргізілгенімен түсіндіріледі. Жатыр мойнының рагымен науқастану өзгерісі жасқа байланысты ерекшеленеді. Жатыр мойыны рагымен науқастанудың ең жоғарғы деңгейі 50-60 жаста байқалады. Ең көп төмендеу деңгейі репродуктивті жаста, бір шама төмендеуі етеккір үзілісіне дейінгі кезеңде байқалады.

– Дәстүрлі сұрақ, қазіргі жас мамандардың біліктілік сапасына көңіліңіз тола ма?

– Әрине жақсы жас мамандар бар. Қазір технологияның дамыған уақытында мамандардың да білім сапасы мен қызмет көрсету сапасы біршама өскен. Бірақ осы деңгейден де қалып қоймай, әрі қарай аса ізденіспен, талапшылдықпен, табандылықпен дамыта беруі керек.

– Қазіргі қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан міндетті медициналық сақтандыру туралы пікіріңіз?

– Батыста және Америкада кең көлемде қолданып келе жатқан жаңа заманның бір құбылысы ғой. Жақсы болады. Медицина саласы дамиды. Науқастарға қарап, оларға деген қызмет түрлерінің сапасы артады. Аталмыш жобаның болашағы зор деп білемін.

– Сөз соңында әріптестеріңізге ақ тілегіңіз?

– Аудан көлеміндегі барлық ақ желеңді абзал жандарды төл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Дендеріне саулық, жанұяларына бақыт тілеймін. Қоғамымыз сау болсын, аналарымыздың, қыздарымыздың, келіндеріміздің дені сау болсын!

 Сұхбатыңызға рахмет!

Бағдат ЧОЙБАСОВ

0

АЛҒЫСҚА БӨЛЕНГЕН АБЗАЛ ЖАН

Алдыңғы ақпарат

ЛУЧШИЕ ВРАЧИ — В «АРУ!»

Келесі ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *