ЖаңалықтарҚоғамТұлға

ІЗІ ӨШПЕЙДІ ІЗГІНІҢ

«Бабалары батыр, аналары дана…» деген сөз бар халқымызда. Осы ұғым толық мәнінде Тұрғанбек Қатаұлы өмір жолына сай келеді. Тұрғанбек атамыз көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ардақты зиялы азамат, идеология саласының маманы, жоғарғы және арнаулы орта білім министрлігін ұзақ жылдар тиянақты басқарған, оның жоғарғы дәрежеде болуына үлкен үлес қосқан, ұлағатты ұстаздардың ұстазы, адамгершілігі мол, мейірман жан еді.

Өмірі мен еңбегі өнеге адамдар арамызда аз емес. Тұрғанбек Қатаұлы сондай ардақтау мен аялаудың биігінен көрінген асыл аға дер едік. Ол әкесінен ерте айырылып, балалық шағы ашаршылық жылдарымен тұспа-тұс келеді. Дәл осы кезден бастап оның еңбектегі өмірбаяны да басталады. Оның алдында қиын, бірақ өз ата-бабаларының тағдырына мүлде ұқсамайтын ғұмыр тұрды.

Ол оқуын Алматы қаласында жалғастырып, орта мектепті бітіреді. 1939 жылы әскер қатарына шақырылып, одан жауапкершілік өмірі Ұлы Отан соғысының ұрыстарына ұласты. Ел басына күн туған шақта бөлімше командирі, одан әрі танктерге қарсы қолданылатын зеңбірек взводының командирі, ротаның саяси жетекшісі, рота командиріне дейін көтеріліп, ерлігі үшін жауынгершілік Қызыл Ту орденімен марапатталады.

Адалдық бітім-болмыс пен азаматтық іскерлік ел көзіне түсіп, беделді із қалдырған еді. Білім жолындағы ізденісі де ерекше. Қоғамдық ғылымдар академиясындағы оқуы, Мәскеу қаласында терең білім алып, тарих ғылымының кандидаты дәрежесін алуы, Алматы облыстық партия комитетінің білім, ғылым, мәдениет және денсаулық сақтау жөніндегі хатшысы және Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті ғылым және білім бөлімінің жетекшісі болуы оның өміріндері айшықты тұстар еді.

Тұрғанбек Қатаұлы мемлекет пен қоғам алдында сіңірген еңбегі үшін көптеген орден-медальдармен марапатталды, бірнеше рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Тұрғанбек Қатаұлы өз ісінің білгірі, әр шаруаның шешімін дұрыс таба білетін, көпсөзділікті жаны сүймейтін, өзіне де, өзгелерге де талап қоя білетін жан болды. «Шаш ал десе, бас алып тұрған» кезеңнің кезінде де ол өз төңірегіндегі адамдар мен қарамағындағы қызметкерлерін білгірлігі мен тапқырлығының арқасында қолдай да, қорғай да білді.

Оның өмірлік ұстанымы, көздеген мақсаты – өз халқына адал қызмет көрсету, жас ұрпақтарға тәлімді тәрбие, ғылыми және кәсіби шеберліктерін арттыруға шын жанашырлық таныта білу болды. Сол бір тұста министрліктің беделі де жоғары болды. Сұрапыл соғыстың қан майданын көріп, өмірдің сан-қилы қиындықтарын бастан өткерген абзал жан қызметтестерінің алдында әрдайым беделді болды. Біздерге сан-салалы ғылым мен білім беру саласының адамдарымен қызмет істеуде үлгі-өнеге көрсетті.

Тұрғанбек Қатаұлының басқару стиліндегі ең бір ұтқырлығы – ол әркез жоғары оқу орындарының басшыларымен, ғалымдарымен, Мәскеудің, Алматының және басқа қалалардың студент жастарымен кездесулер өткізіп, пікір алысып отыратын. Ол ірі өндіріс орындарында да болып, партия-кеңес қызметкерлері және ірі өнеркәсіп орындарының басшыларымен дидарласып, оқу орындарын бітіретін жас мамандардың толғақты мәселелерін бірлесе шешуге күш салатын.

Қазақстан жоғары мектебіне басшылық жасап тұрған 1974-1983 жылдар аралығында жоғары және арнаулы орта оқу орындарында жарты миллионға жуық студенттердің оқығанын айта кеткен жөн. Оларға қырық мыңнан астам профессор мен оқытушы дәріс берсе, солардың көпшілігі дерлік жоғары білікті ірі ғалымдар мен оқу орындарының басшылары болды.

Профессор Тұрғанбек Қатаұлының балалық шағы өте қиын- қыстау кезеңмен сәйкес келді. Ол кең-байтақ Отанын қорғау үшін қасық қанын аямай, өз халқының болашағы үшін күрескен аға буын өкілдерінің қатарына жатады. Тұрғанбек аға өзінің естелігінде: «Әкем ерте қайтыс болып, арқа сүйер ағаларым болған жоқ. Жасымда

жетімдіктің ащы дәмін татып өстім», – деп жазады. Расында да, ол сегіз жасқа толған шақтан бастап-ақ анасына көмектесу мақсатында жұмысқа орналасқан. 1932 жылғы ашаршылықта отбасы Алматыдан 40 шақырым қашықтықтағы Әли ауылынан астанаға қоныс аударып, туыстарын сағалап, тіршілік қамына кіріседі.

Жасында өмір тауқыметін көп көрген жанның мына бір қайсарлығы жайлы айта кеткен де жөн болар. Әу баста екі сыныптық мектепте оқып, сауат ашқан ол оқуын әрі қа­рай жалғастыру үшін Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Исаевтың қабылдауына кіріп, жағдайын айтуға ниет жасайды. Жүдеу киінсе де талабы таудай 12 жастағы өжет бала ақыры күзетшілердің көзін ала бере Исаевтың көмекшісіне жолығып, ауыл шаруашылығы техникумына жолдама алады. Содан өмір жолы әрі қарай жалғаса береді.

1939 жылы Тұрғанбек Қатаұлы әскер қатарына шақырылып, қарапайым жауынгерден ефрейтор, атқыштар батальонының комиссары, 1943 жылдың көктемінде аға лейтенант шенінде, Батыс майданы шебінде барлау батальонының комиссары болды. Сөйтіп, соғыстың соңына дейін Отан қорғау жолында небір қиын-қыстау күндерді өткеріп, Жеңіспен елге оралды. Майданда көрсеткен ерліктері үшін жауынгерлік Қызыл Ту, бірінші дәрежелі Отан соғысы ордендерін тағып, бейбіт өмірдегі ерен де жемісті еңбектері үшін үш мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталды.

Он жылға жуық Қазақстан жоғары мектептерінің тізгінін ұстаған Тұрғанбек аға өзінің саналы өмірінде талай игі істерге ұйытқы болып, мемлекеттік маңызы зор шаруаларды шешуде өз пікірін батыл айта білді. Ол кісі өзінің бір естелігінде бүгінгі ұр­паққа сабақ боларлық мынандай бір жайды баяндайды: «70 жылдардың бас кезінде 28 гвардияшы-панфиловшыларға арналған мемориалдың жобасын қарауға Д. Қонаев, С.Имашев қатысты. Бұл жобамен біздер де, Алматы облыстық партия комитетінің хатшылары да танысты. Сонда байқағаным, жобада көрсетілген батырлардың скульптуралық бейнелерінің арасында бірде-бір қазақ жоқ екен. Осы тұста мен Мәскеу түбінде ерлік көрсеткен 28 батырдың арасында 5 қазақ жауынгері болғанын айттым. Бұл ескерткіш Қазақстан астанасында, Алматыда орнатылатынын ескерттім. Сонда жоба авторлары еріксіз ойланып қалды. Сөйтіп, екі бейнеге қазақтың бет-әлпетін келтірді. Бұл ескерткіш мемориал қазір 28 панфиловшылар паркінде тұр…». Тұрғанбек Қатаұлының белден басқан кеңестік жүйе кезіндегі мұнысы өжеттік еді.

Қазақ халқы ұлт ретінде ешкімнен кем емес. Мұны бүгінде өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Тәуелсіздік алған аз ғана уақыт ішінде қаншама табыстарға қол жеткіздік. Қазақты, Қазақстанды бүкіл әлем таныды. «Болашақта қазақтар кем дегенде үш тілде еркін сөйлейтін, көп тілді меңгеретін болады», – дегенді де кезінде көрегендікпен айтып кеткен Тұрғанбек Қатаұлы еді.

Бір жайды айта кеткен артық болмас. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» демекші, Тұрғанбек ата орыс тілін жетік білумен қатар, өзінің ана тілін қастерлеп, оны өте жоғары бағалады. Сан ғасырлық тарихы бар қазақ тілі – ұлттық мәдениетіміздің күретамыры, ұлтымыздың әлеуметтік өмірінің, мәдениеті мен әдебиетінің, аумалы-төкпелі замандардағы тарихының шежіресі екендігін ерекше сезінетін. Өз ана тілін жетік білумен қатар, домбырамен ән сала да білетін. Оның «Дәуір» атты кітабы жоғары біліктілікте жазылған дүние.

Өз достарының арасында Тұрғанбек Қатаұлының тыңдаушыларын ұйытып ала жөнелетін шеберлігі де бар еді. Иә, оның ойлау қабілеті ерекше еді. Сонымен қатар дүниежүзі классиктері мен қазақ жазушыларының шығармаларын сүйіп оқитын, жақсы білетін. Кейде мәжілістерде ол қажет жерінде Абай сынды аяулыларымыздың айтқан сөздерін де қосып, әңгімесін әрлеп отыратын.

Өкінішке орай, республикамызда «Колбиндік» қуғын-сүргін кезінде, Тұрғанбек Қатаұлы зейнеткерлікке шыққан жылдары, «Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнайды» демекші, біраз жапа шекті де. Оған тағылған айып – «Министр болып тұрған тұста жергілікті ұлт өкілдерін конкурстан тыс оқуға қабылдатқан, әсіресе алыс елді

мекендерден келген жастарға көбірек жағдай жасаған» деген сияқты желеу болды. Тоталитарлық жағдай белең алып тұрған сол кезеңде өз ұлтының қамын ойлаған Тұрғанбек Қатаұлы сияқты ұлтжанды жандарға сөйтіп, жала жабылды. Аққа – құдай жақ. Тұрғанбек атаның ісі адал, бағыты бәрібір дұрыс еді.

«Ел үмітін – ер ақтайды, ер атағын – ел сақтайды» деген, Тұрғанбек Қатаұлының еліне сіңірген еңбегі өлшеусіз. «Сөз атасы – құлақтан, су атасы – бұлақтан, ер туады халықтан» дегенді де әр сөзі философияға толы бабам қазақ айтқан. Сол секілді Тұрғанбек Қатаұлын да қанаттандырған халқы, елі. Қатайтқан, шыңдаған – өмір. Ол кісі өмірден өзіне керектісін алды, жинақтады. Жақсылардан үйренді, оны жаңартып, кейінгі ұрпақтардың жалғастыруын құптады, қолдады, дәріптеді.

Тау тұлғалы біртуар азамат, көрнекті мемлекет қайраткері Тұрғанбек Қатаұлының өмірден озғанына да 11 жыл уақыт өтіпті. «Ердің аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші, ол кісінің есімі халқының жүрегінде. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты бола жүріп, халқының мұң-мұқтажына, өмірдің келелі мәселелеріне баса назар аударды. Соның ішінде, өз халқының сауатты да, білімді болуына, ғылымды игеруіне көп күш жұмсады, елеулі үлесін қосты. Ол кісінің жүріп өткен жолы, өмірбаяны, өмір атты үлкен жолдағы қажымас мол күш-қайраты мен ерік-жігері кейінгі жастарға үлгі боларлықтай.

Іле ауданы Әли ауылында бұрынғы білім министрі Тұрғанбек Қатаұлының атындағы жаңа мектеп ашылды. Бұл атамыздың ел-жұртына кіршіксіз қызмет еткендігінің бір айғағы. Сонымен қатар, «Ізі өшпейді ізгінің» демекші, Тұрғанбек атаның жан жары Базаргүл апа 2 естелік кітабын жарыққа шығарды. Бүгінде қолдан қолға тарап, халықтың шапағатына бөленуде. Базаргүл Шәкәрімқызы өзі қонақжай келген кісілерді жарқын көңілмен қарсы алады. Тұрғанбек ата Базаргүл апаны барлық кезде «Бәкеш» деп еркелетіп, өзінің сүйіспеншілік сезімін білдіріп отырған. Сол себепті достары, жора-жолдастары апамызды солай атап кеткен. Атамыздың ескерткішін тұрғызуда, естеліктер жинағын басып шығаруда жасаған еңбегі ерен.

«Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын!» дейді. Жақсы кісінің есімін еске сақтау, оған құрмет көрсету – біздерге парыз. Ұлағаты көп аға ұрпақты асқақтатқан ел азбайды. Алтын арқаулы сабақтастықтың да қажеті осы елдік ниеттен артады. Өнегелі адамдармен ғана өміріміз мәнді болатынын естен шығаруға болмайды. Халық игілігіне адал қызмет етуді ғана мақсат еткен абзал жан. Әркімге осы ардақты атамыздың жолын берсін! Мәңгі ұмытылмас тұлғаның «жатқан жері жайлы, иманы салауат болсын!» дегіміз келеді.

Айжан САТЫМХАН

0

ЫНТЫМАҒЫ ЖЫРМЕН ТЕРБЕЛГЕН ЕЛ

Алдыңғы ақпарат

ҰЛЫ МЕМЛЕКЕТТІҢ ҮЛКЕН МОНУМЕНТІ

Келесі ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *