ЖаңалықтарҚоғам

ІЛЕ АУДАНЫНЫҢ ҚҰРЫЛҒАНЫНА – 90 ЖЫЛ! ӨТКЕННІҢ КӨЗІ, БҮГІНГІНІҢ НАҚ ӨЗІ


Алатаудың көлеңкесінде еркелеп қанат жайған киелі Іле өңіріне биыл 90 жыл. Халық атаулы күнді думандатып атап өтуге түрлі іс-шараға дайындықтарын бастауда. Осы орайда ауданның байырғы тұрғыны М. Түймебаев жүзім совхозында 1971 жылдан бастап, білек сыбана еңбек етіп, өңірдің дамуына үлес қосқан, ауданымыздың Құрметті азаматы, ақсақалдар Кеңесінің төрағасы Әмзе Әлдибекұлы Исаевтың өмір жолы, еңбек баспалдақтары кім-кімге болса да үлгі-өнеге болатындығы сөзсіз.
Ащыбұлақтықтар осыдан 1947-1948 жылдары тек каучук қана өсіретін тың жерден жеміс, жүзім кеңшарын құрып, болашақты бетке алып, тарихқа толы, даңқ жолындағы жұмыстарын бастайды. Жүзім совхозы деп жаңа атауға ие болған совхоз бергі жағы Алматы қаласы мен арғы жағы өзімен теңдес Комсомол колхозымен шектеседі. Тарихқа үңілсек, Кеңес заманы кезеңінде атағы шыққан совхозда еңбек жолын бастаған бүгінгі ардагерлердің естелігі елді елітпей қоймайды.
Жүзім өсірудің хас шебері Әмзе ағамыз: «50 жылда – ел жаңа. Міне, жарты ғасыр өтіп кетті. Кезінде М. Түймебаев ағамыз басқарған жеміс-жүзім совхозы елге танымал болды. Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде бірінші орын алған шаруашылық болатын»,- деп еске алады.
Еңбек ердің атын шығарып қана қоймайды, елдің экономикалық әлеуетін жақсартады. Бүгінгі кейіпкеріміз Әмзе Исаев Іле ауданы, қазіргі Чапай ауылында дүниеге келген. 1957 жылы КазЦИК ауылындағы 8 жылдық мектепке бірінші сыныпқа барып, 1966 жылы мектепті бітіріп шықты. 1970 жылы Алматы облысы, Іле ауданы, Винсовхозда жұмысшы болып еңбек жолын бастаған. 1971 жылы Кеңес армиясы қатарында әскери борышын өтеді. Сырттай Талғар ауыл шаруашылық техникумына оқуға түсіп, агроном жеміс-жидек өсіруші мамандығын алып шықты. Осы уақыт аралығында 1975 жылдан бастап, жүзім өсірушілер бригадасы бригадиріне көмекші болып қызмет атқарып, 1978 жылы бригадир болды. 1982 жылы агроном-жүзім өсіруші болды. 1986 жылдан бастап совхоздың басқарушысы болып қызмет атқарды. 1989 жылы М. Түймебаев атындағы совхозға бас инженер гидротехник болып, қызметтерін абыройлы атқарады.
Сондай-ақ, 1991 жылы М. Түймебаев атындағы совхоздың партком хатшысы, сол жылы қыркүйектен бастап М. Түймебаев атындағы совхоз директорының орынбасары болып жұмыс атқарды. 1993 жылы Іле ауданы, Комсомол ауылында төраға, одан кейін ауыл әкімшілігінің басшысы болып сайланды.
1994 жылдың сәуірінде Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімі болып сайланды. 1996 жылы Іле ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. 1998 жылы Боралдай кентінің округ әкімі. 2002 жылы Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімі болып тағайындалды. 2009 жылы желтоқсан айында «Нұр Отан» партиясы Іле аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды.
2013 жылдың желтоқсан айында өз еркімен зейнетке шықты. Қазіргі таңда ауданымыздың Құрметті азаматы, Іле аудандық мәслихат депутаты, Іле ауданы ардагерлер ұйымының төрағасы қызметін атқарады.
Тынымсыз тірлік жасап, қолы қалт ете қалса есік алдына көшет отырғызатын Әмзе ағаның еңбекқорлығы бау-бақшасынан-ақ байқалып тұрады. Кеңес үкіметі ыдырап, совхоз бірнеше майда шаруашылыққа бөлініп, ұсақталып кеткен кезде, өз ісіне адал әрі ерекше ықыласпен кірісетін бағбанның қолы тиген жер гүлдеп, көктеп, жайқалып шыға келеді.
Өзінің еңбек жолдарын тебірене еске алады: «Халық өз бағасын береді екен. Уақыт әр адамның өзіне тиесілі еңбегінің ақысын қартайғанда елдің көңілімен қайтарады екен. Мына біздің қоғам адамдардың ерен еңбегімен қалыптасқан. Ешкімнің аяғы аспаннан салбырап түскен жоқ. Кеңес қоғамында қолыңдағы күрекпен, алқаптар мен совхоздың саған тапсырған жұмысымен ақ тер, адал еңбегімен көтерілесің. Ол кезде кадр дегенге аса ұқыптылықпен қарайтын. Сенің кім екеніңді елден сұрап-ақ біле салатын. Халық қара еңбекте жүреді. Халықпен бірге сен де жүресің. Өзіңді көрсетесің. Өзіңді танисын» – деді жуан саусақтарын салалап ара кідік ойға бата сөйлеген Әмзе аға.
Қазақ «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дейді. Тіпті ағаш өсіруді бала тәрбиелегенмен пара-пар дегенді де айтады. Ендеше, баланы туылғанынан өмірдің ызғарлы желіне төтеп беретін бекем, берік қылып өсіруді мақсат тұтатындай, жүзім ағаштары да табиғаттың алапат күшінен аман қалдырып, тамырын қаққан қазықтай мығым ету үшін күтімі күпті, бабы мықты болуы керек. Бұл жайында да ағамыз бізді біраз сырдан қанық етті. М.Түймебаев совхозында жүзімдіктің өзі 1000 гектарға жуық болған, 750 гектардай алма, 500 гектары өсімтал жүзім, оның 250 гектары сатылымда тұрады, өсіп, қайта жаңартып отыратын болған. Жүзімнің франциялық пино, одан кейін резник, грузиндік рикатители сорттарымен аққайнар шығарады екен. Ең қымбаты осылар. Екіншісі асханалық сорттары болған венгерлік мускат, алматылық мускат, шасла, венгерлік жемчуг саба сорттары. Бұлар сатылымға шығатын түрлері. Ал, қызыл шарапқа кульджинский мен грузиндік каберне сорттарын өндіретін. Әрине ең танымалы дамский пальчик сорты болатын. Той-томалақта үстелдің сәнін келтіретін. Осы жүзім түрлері түгін тартсаң майы шығатын, киелі Іле жерінде өсті. 1982-1983 жылдары қатарынан екі рет жоспарды артық орындап, Әмзе ағамыз Болгарияға, Румынияға барып, өз білімін жетілдіріп, шетелдік агрономдармен тәжірибе де алмасқан уақыты болыпты. Әмзе аға жүзім саласында ғана емес, мал шаруашылығында да көп еңбек еткен. Мысалы, М.Түймебаев совхозында 3500-3600-дай адам жұмыс жасаған, 5 бөлімше болған. 1 жүзім, 2 алма, 3 егінді алқаптар, 4 сүт тауар фермасы, 5 мал шаруашылығы болды. Онда қой, жылқы, түйе өсірілді. 30 000 мың қой, 1200 бас сауынды сиыр, оның 800 бас тана, бұқа, 80 бас түйе, 300-ден астам жылқы, бал өндіретін омарта да болған.
Осы бір жетістікке Әмзе аға өзінің әріптестері мен және агрономия саласындағы алғаш күрек ұстатқан, еңбекке баулыған ұстаздарының көмегімен жетті. Өз әріптестері әрі ұстаздары Ұлы Отан соғысының ардагерлері агроном бригадир Ж.Сенбаев, В. Мишин, бөлімше бригадирі С. Абуов, Кейіннен совхозды басқарған А.Батурин, С. Әбдікерімов, Н. Нұрғожаев, есепші экономист Р. Кезимова, мал шаруашылығында бағыт-бағдар көрсеткен К. Қасымбеков пен Ж.Есенқұлов, алма және жүзім саласында М. Сулиев, жүзімдіктің қыр-сырын жетік білетін А. Гафки, үзеңгілес досы, иық тіресе бірге талай істе бірге болған С.Барысов, Ж. Нұрахунов, В. Засмолина, Е. Дубинина, малшылар Н. Қазыбеков, Б.Қасымбеков, А. Әлимов, Н. Сәрсенбаев, совхоздың ұстасы А. Сұртаев оның жұбайы сауыншы Дәметкен апа, сүт фермасында ферма меңгерушісі В.Шемякин, сол кездегі жұмысшылардың кәсіподақ төрағасы Пак Валерийді сағына еске алды. Ең бастысы ол кезінде «дала комиссары» атанған Мұхаметжан Түймебаевтың тәлім-тәрбиесін көргендігін, онымен қызметтес болғандығын мақтан тұтады.
Бейнеттің зейнетін көрер жасқа жеткен Әмзе Әлдибекұлы қазіргі таңда көп жылдық тәжірибесін жұбайы Майра апайымыз екеуі туған-туыстарына қыздары мен немерелеріне үйретіп, жеміс ағашын баптап күту туралы ақыл-кеңестерін көпшілікпен бөлісіп жүр. Жан жары, өмірлік серігі Майра Мырқасымовамен отау құрғандарына ширек ғасыр болыпты. Майра апайымыз талай жыл ауылдық амбулаторияда жұмыс жасаған. Қазір Әмзе ағамыздың денсаулығына мән беріп, ыстық шәйімен жұмыстан күтіп алып, өмірдің өткен-кеткендерін еске алып отырады.
Қазір ауданымыз күн санап көркейіп, әр сала бойынша іргелі істер қолға алынуда. Осындай жаңа заманның жаршысында Әмзе ағадай көрген-түйгені көп алдыңғы буын асқар таудай ағалар қажет-ақ. Жанашыр азамат ретінде туған ауылының түтіні түзу шығуы үшін әлі де болса ат үстінде жүр. Ауданымыздың қоғамдық жұмыстарына белсене араласып, өзінің ой-пікірімен жастарды баулуда.
Бүкіл өмірін ел игілігіне сарп еткен Әмзе аға қашанда елдің құрметіне лайықты жан.

Б. ЧОЙБАСОВ

0

Проект – в действии! УЧИТЬСЯ НИКОГДА НЕ ПОЗДНО

Алдыңғы ақпарат

ДЕРЕКТЕР МЕН ДӘЙЕКТЕР

Келесі ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *