Дін және қоғам

ІЛЕ АУДАНЫ ХАЛҚЫН РАМАЗАН АЙЫМЕН ҚҰТТЫҚТАУ


Ардақты бауырлар, құрметті жерлестер!
Ұлы Жаратушының рахымы мен мейіріміне, шексіз шарапаты мен ризалығына пенделері Тәңір сыйлаған кеңшілік аясында тақуалық таныту арқылы қол жеткізіп, сансыз сауапқа кенелетін қасиетті Рамазан айы да құтты төріне келіп қонды. Рамазан пенделердің шынайы тәубеге келіп, бойдағы күнә атаулы мен теріс құлықтардан арыла Алла алдында ұнамды іске бастау алатын, нәпсі таңдауы мен тән қалауына біржолата құлып салып рухани азықпен кемелденетін, Жаратқанға жақындау үшін бойдағы бар қуатты сауапты іске сарқи жұмсап кір шалған жан мен тәнді қайта түлететін ізгілік айы.
Ораза (сөзікте) тыйылу, бір нәрседен алшақ тұру болса, шариғаттағы (терминдік) мағынасы таң атқаннан күн батқанға дейінгі аралықта ниет ете отырып ішіп жеуден және жұптық қатынастан тыйылу, Алла қайтарған күнәлі амалдардан бойын алшақ ұстап олардан біржолата арылу дегенді білдіреді. Бұл айда ізгі істе жарысып, амал қамбасын тек сауаппен толтыруға талпынған ынталы құлдың да мүмкіндігі мол болмақ. Себебі бұл ай үмітті құлдың қолын көкке көтере Жаратушысына жалбарынып жарылқау тілеген дұғасы қабыл болатын, күндерін тыйылуда түндерін құлшылықта өткізген кісінің күнәдан анадан жаңа туылған сәбидей тазаратын, жасаған ізгі амалдарына берілетін сауап басқа айлармен салыстырғанда еселеп артатын, адам баласының ақ пен қараны ажыратуы үшін қасиетті Құран түсірілген мың айдан да қайырлы түні бар мүбарак ай.
Алла тағала хадис – құдсида; – Аузы берік адам ішіп жеуін тек мен үшін доғарды. Ораза менімен құлымның арасындағы жасырын құлшылық. Оған берілетін сауапты да тек Мен ғана өлшеп, Мен ғана беремін. Ораза ұстаушыны екі қуаныш тосып тұрады, біріншісі ауыз ашар сәті, екіншісі Маған жолыққанда; – деп ораза ұстаушыны зор сауаппен сүйіншілесе, Ардақты пайғамбарымызда (сәу) өз хадистерінде; – Ораза сабырлылықтың жартысы. Әр нәрсенің өз есігі бар. Құлшылықтың есігі – Ораза. Әлбетте жаннат есіктерінің бірі Райян деп аталады. Қияметте бұл есіктен тек Рамазан айында аузын бекітіп ораза ұстағандар ғана кіреді; – деп оразаның адам баласына екі дүниеде берер пайдасы мол екендігінің маңызын арттыра түседі.
Бұл айда мұсылмандар бір-бірін қонаққа шақырып, үйлерінен ауыз аштырып дастарқан басын ұлағатты әңгімемен безендіріп мол сауапқа кенеледі. Дәулеттілеріміз тұрмысы төмен отбасыларға жомарттық танытып қол ұшын береді. Жергілікті мешіттерге келуші сауап құмар жамағаттың қатары күрт артып отыз күн көлемінде бес уақыт намазбен қатар тәребе намазын оқып, соңынан еліміздің амандығы мен тыныштығын, мұсылмандардың ауызбірлігін, отбасындағы береке мен ырыстың артуын Алладан сұрап дұға жасайды.
Құрметті жерлестер!
Үстіміздегі жылғы мамыр айының 6-шы жұлдызы Қасиетті Рамазан айының алғашқы күні болып есептеледі. Ал мамыр айының 31-нен маусым айының 1-не қараған түн Қасиетті Қадыр түні. Маусым айының 5-ші жұлдызы Ораза айт мерекесі. ҚМДБ төралқасының шешімі бойынша биылғы жылғы пітір садақасының ең аз мөлшері жан басына 300 теңге болып бекітілді.
Олай болса уақыттың төресі, айлардың сұлтаны Рамазан айы баршаларыңызға құтты болсын. Бұл айда Алла тағала елімізге амандық, отбастарыңызға қуаныш, шаңырақтарыңызға шаттық әкелсін. Алла тағала ұстаған оразаларыңыз бен қайырлы амалдарыңызды қабыл етсін!

АБСАМАТОВ Мұхтар Сардарбекұлы,
Іле аудандық Өтеген батыр мешітінің бас имамы

0

7 ЛЕТ ОТДАННЫЕ ГРАНИЦЕ

Алдыңғы ақпарат

ЕРЛІКТІҢ НЕГІЗІ – СҮЙІСПЕНШІЛІК

Келесі ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *