ЖаңалықтарҚоғамТұлға

ХАЛҚЫНЫҢ ТҰҒЫРЛЫ ТҰЛҒАСЫ

Өзі өмірден өтсе де, туған-туысының, ел-жұртының, әріптестерінің көкейінен кетпейтін, жүріп өткен өмір жолы, еңбек баспалдақтары санаңда қайта-қайта жаңғырып, жадыңда сақталатын атпал азаматтың бірі Қалдыбаев Мұқатай Ахметсафаұлы десек еш қателік болмас. Алматы облысының, оның бірқатар өңірлерінің, соның ішінде Іле ауданының ішкі істер саласына кезінде өлшеусіз үлес қосып, оның тарихына есімі жазылған милиция полковнигі Мұқатай Ахметсафаұлы үлкен адамгершілігі, биік парасаты, өз міндетіне деген қырағылығы,  жауапкершілігімен елінің тұлғалы азаматы болып қалыптасып,  артына ізгілікті өмір жолын, тағылымды тәрбие қалдыра білді. Қай жерде еңбек етпесін, темірдей тәртіп орнатып, өзіне де, басқаларға да қатаң талап қойып, тапсырманың мүлтіксіз орындалуын жіті қадағалайтын ол табандылығымен ерекшелене білді. Оның өмір жолына көз жүгіртсеңіз, жастайынан еңбекке шыңдалып өскендігін байқайсыз.

Мұқатай Ахметсафаұлы Талдықорған облысы Бөрлітөбе ауданы, Көктерек ауылында 1930 жылдың наурыз айының 17 жұлдызында дүниеге келген. Қаскелең ауданындағы бастауыш мектепте оқыды. Әкесі Ахметсафа Мекке Мәдинеге барып, қажы атанып, 1973 жылы дүниеден озғанша дін жолына адал қызмет етті. Он екі жасында анасынан жетім қалған Мұқатайын бағып, қақты. Алтын кездік қын түбінде жатсын ба, әкесіне тартқан алғыр да зерек бала еңбек жолын «Болар бала он бесінде баспын дер», – дегендей бар-жоғы 15 жасында Көктерек ауылдық Кеңесінің хатшысынан бастап, сол 1945 жылы аудандық халық сотында хатшы, сот ісін орындаушы болып абыройлы қызмет атқарады.

1948 жылдың қыркүйегінде Алматы Заң мектебінің сырттай бөлімін бітірген соң, облыстық Заң басқармасының аппаратына кеңесші болып қабылданады. Ал, 1953 жылы Совет Армиясы қатарына азаматтық борышын өтеуге шақырылды. Ол Ташкент қаласының маңындағы №83344 әскери бөлімшеде қызметін атқарды. Бұдан кейін Бөрлітөбе ауданындағы Заң кеңсесінде меңгеруші болып жұмыс істеді. Аудандық партия комитеті Қалдыбаевты милиция органына жұмысқа жібереді. Ол Бөрлітөбе аудандық милицияның мемлекет мүлкін талан-таражға салушыларға қарсы бөлімінің қызметкері болып жұмыс істейді. Арнайы дайындықтан өткен соң, Еңбекшіқазақ аудандық милиция бөлімінің бастығы болды.

Ердің есімін ерлігі мен еңбегі шығарады. Тумысынан көпшіл Мұқатай Ахметсафаұлы жаңа ортаны жатсынбай, барша тәртіп сақшыларымен қоян-қолтық араласа білді. Қашанда талапшыл әрі бауырмал кісі ешкімді жасына, шеніне қарап емес, адамгершілігі үшін сыйлайтын. Әсіресе жас милиционерлерге көп көңіл бөлетін. Әрі өзгеден ерекше басты қасиеті әр милиционердің туған күні мен отбасын жатқа білетін. Сол үшін де жаңа қызмет орнындағылар оны ерекше құрметтеген еді. Ол еңбектен қол үзбей жүріп, 1959 жылы С. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің заң факультетін бітіріп алды. Облыстық ішкі істер бөлімі 1964 жылы іскер Мұқатай Ахметсафаұлына үлкен сенім артып, Кеген аудандық ішкі істер бөліміне басшы етіп тағайындайды. Мұнда ол өзін, жұмысты шебер ұйымдастырушы, білікті басшы ретінде көрсете білді. 1969 жылдан 1978 жылға дейін Іле аудандық ішкі істер бөлімін үлкен абыроймен басқарды. Жаңадан құрылған Іле ауданының ішкі істер бөлімін басқару үлкен жауапкершілікті талап еткен-ді. Өйткені, жаңадан құрылған ауданда милиция қызметкерлерінің жаңа құрамын жасақтау, оларды тиісті жабдықтармен қамтамасыз ету, жалпы бөлім жұмысын жақсы жолға қою Мұқатай Қалдыбаев секілді іс тетігін жақсы білетін, өзіндік ұстанымы бар азаматтың ғана қолынан келетін шаруа еді. Ол осы жағынан алғанда өзін жауапты басшы, мықты ұйымдастырушы ретінде көрсете білді. Сол еңбегі үшін 1977 жылы «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған болатын.  Ал, 1978 жылы Талдықорған облыстық атқару комитеті жанындағы ішкі істер басқармасының мемлекет мүлкін талан-таражға салушыларға қарсы күрес бөлімінің бастығы болып тағайындалады.

Зейнет жасына шыққан соң, Қазақ ССР Әділет басқармасында кадр мәселесі жөніндегі аға кеңесші болып жұмыс істеді. Талдықорған облыстық адвокат алқасының мүшесі болды. Мұқатай Қалдыбаев қол астындағы қызметкерлеріне өзінің шебер ұстаз әрі қайырымды сардар екенін көрсетті. Әсіресе, ол офицер қауымы үшін еліктеуге тұрарлық үлгілі азамат болды. 1963 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, 1972 жылы «Үздік милиция» белгісімен марапатталды. Сондай-ақ, 1981 жылы «КСРО ішкі істер министрлігінің құрметті қызметкері» белгісімен марапатталды. КСРО-ның 14 медалінің иегері болған Мұқатай Қалдыбаев 1988 жылы дүниеден өтті.

1996 жылы Талдықорған облыстық ішкі істер басқармасы ақсақалдар Кеңесінің ұсынысы бойынша, Талдықорған облыстық Бөрлітөбе әкімшілігі басшысының шешімімен Лепсі кентіндегі бір көшеге Мұқатай Қалдыбаевтың есімі берілді.

1954 жылы 24 жасар Мұқатай аяулы жары Гүлжауһар Ыбрайқызына үйленген болатын. Әкесі Ахметсафа қария қуанып, ат шаптырып, дүрілдетіп той жасаған. 19 жасар Гүлжауһар жас та болса өз ісіне жауапты, иман жүзді келін болды. Атасының қамын ойлап, бар жағдайын жасады. Мұқатай Қалдыбаев өзінің жұбайымен бірге сегіз бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде ГүлжауҺар анамыздың Мұқаңның қара шаңырағының шырақшысы болып, бала-шағасының қызығы мен қуанышына бөленіп отырған жайы бар. Балалары мен немерелеріне әкелері мен аталарының өмір жолын, елі үшін атқарған еңбегін дәріптеуден жалығар емес. Шүкіршілік, балалары да әкесінің өмірін жалғастырып келеді. Олардың бесеуі құқық қорғау және заң саласында еңбек етіп, алды зейнет жасына шықты. Атап айтсақ, Мүбәрак Ахметсафаұлы ҰҚК-нің полковнигі, Мүкәрам мен Мансұр милиция подполковнигі, Мұсабек полиция подполковнигі, Меруерт полиция майоры.

Қалған үшеуі де өз мамандықтары бойынша еңбек етіп, ұрпақтарын өсіріп, ер жеткізді. Мұқатай Ахметсафаұлы мен ГүлжауҺар анамыздан тараған немере-шөберелердің өзі тіліміз тасқа үлкен бір әулетті құрайды.

Тумысынан алғыр да зерек Қалдыбаев Мұқатай анасының ақ сүті мен әкесінің үкілі үмітін ақтап, облыс көлемінде үлкен абыройға ие бола білді. Қазақта «Бір бала әкеге жете туады, бір бала өте туады», – деген мақал бар. Мұқатай әкесі Ахметсафадан аса туған арда азамат еді. Биыл өмірден озғанына 30 жыл толып отыр. Ал туған елі, жері мен халқы осындай аса дарынды, шынайы патриот азаматының мұрасын бағалайды, құрметтейді.

 

Айжан САТЫМХАН

 

0

УЧИЛИСЬ ВЕДЕНИЮ БИЗНЕСА

Алдыңғы ақпарат

ҚҰРМЕТТІ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ!

Келесі ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *