Тұлға

ЕРЛІКТІҢ НЕГІЗІ – СҮЙІСПЕНШІЛІК


Майдандардағы жеңіске тыл еңбеккерлерінің қосқан үлесі зор. 1939 жылғы санақпен салыстырғанда 1942 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы еңбекшілерінің саны 600000 адамға азайған. Ауыл шаруашылығында еңбектенген ерлердің майданға тартылуымен олардың орнын қариялар, әйелдер мен балалар басты. Колхозшылар мен совхозшылар өз еркімен еңбек күнін таңғы бестен, кешкі 22.00-ге дейін ұзартқан. Әрбір шаруа 2-3 адамның жұмысын атқарды. Әйелдер балаларын балабақшаға тапсырып, күні-түні жұмыс істеп, колхоз жұмысын белсене атқарды.
Соғыстың алғашқы күндерінен бастап «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!» деген ұранмен соғысқа аттанған ерлердің орнын әйелдер, қариялар мен балалар алмастырды. Тыл еңбеккерлерінің де жауды жеңудегі рөлі жоғары. Олар соғыс күндерінің барлық ауыртпалықтарын қажырлылықпен көтеріп, патриотизм үлгісін танытты. Жылдар жылжып өтсе де, кешегі әкелер, ағалар ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес. Жас өсті, ержетті, азамат болды. Сол жылдары біздің ауданнан да еңбек еткен аналардың ішінде ұстаз Күлке Амантаева да бар еді. Күлке Молдабекқызы 1930 жылы 13 қыркүйекте дүниеге келген. 1954 жылы Түрген педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, 1958 жылы бастауыш класс мұғалімі мамандығы бойынша аяқтап шықты. Училищеде оқып жүріп, демалыс кезінде Нұра ауылында қырманда масақ теріп жүріп сол қырманға комбайн жүргізіп келген жас жігіт Дауылбай Амантаевпен танысып тұрмыс құрады. Отбасын құрған жастар Чапайда бір жыл жұмыс істеген соң қазіргі «Жаңадәуір» ауылына көшіп келіп №5 мектепке жұмысқа тұрады. Сол жылдан бастап, 1991 жылға дейін бел шешпей еңбек еткен ардақты ұстаз. Ғалым да, шахтер да бас иген ұлы мамандықтың иесі қызмет ете жүріп, Отан алдында борышын өтеген барша жауынгерлерге ауылда жүріп, көмек қолдарын созады. Ұлы Отан соғысының 60 жылдық және 65-70 жылдық тойларында Күлке Молдабекқызына жеткіншек ұрпақты оқытуда және оларға тәрбие беруде қол жеткен табыстары үшін грамоталармен және мерекелік медальдарымен марапатталғандығы көп жылғы еңбектің жемісі деп ойлаймыз. Тәуелсіздік таңы атқан жылдардан бері ардақты ана, аяулы ұстаз өз отбасында немере, шөберенің қызығын көріп отырған аяулы әже. Жолдасы Дауылбай Амантаев екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген жандар. Қазір олардан 6 немере, 6 шөбере сүйіп отыр. Дауылбай ақсақал 2005 жылы өмірден өтті. Жолдасы да соғыс жылдарында колхоздың алдыңғы қатарлы жұмысшысы болған, Еңбек Ері медалінің иегері. Ал, Күлке апа болса әлі күнге газет, кітап оқудан жалықпайды. Ұл-қыздарын да алдыңғы қатарлы азаматтар болуға тәрбиелегендігінің дәлелі болар қазіргі күні балаларының үлкені Ғазиз Дауылбайұлы – мал дәрігері болса, анасының ізін жалғаған қызы Ғалия Дауылбайқызы ардагер ұстаз, осы аудандағы №7 орта мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет етеді, ал кенжелері Ғалым болса құрылысшы. Өзінің сол тауқымет жылдарда бастан кешкендерін ардагер ұстаз былай деп еске алады: «Мен ұстазбын, ал құрбыларымның қатарынан дәрігер, инженер, ауыл шаруашылығы саласының мамандары шықты. Мен Алматы облысының «Жаңадәуір» ауылының №5 мектебінде ұстаз болып отыз үш жыл еңбек еттім. Демек, саналы да салиқалы жастық өмірдің күш-қуатын еліміздің білімді өскелең ұрпағы — қазақ жастарының тәрбиесіне арнаған екенмін. Біз бұл жылдарда «Елім деп еңіреген қандастарымның нартәуекеліне, адамгершілігіне, ерлігіне, батылдығына сүйсіндік. Олардың жеңіске қосқан үлесінде шек жоқ. Ерлік алтынмен де, күміспен де, тіпті орден-медальдармен де өлшенбейді, оның бағасы тым жоғары. Ол – адамның ар-намысына, туған-туыстарына, кіндік қаны тамған жеріне деген сүйіспеншілігі, махаббаты. Сол үшін талай қазақ жауынгерлері өз жанын пида еткендерді көзімізбен көрдік». Қазір осы ауылда соғысқа қатысқан адамдар мен тыл еңбеккерлерінің де қатары сиреп кетті», — деп толғанады. Бүгінгі бейбт өмірге қол жеткізуге күш салған 1941-1945 жылдардағы соғыстан аман-есен туған жеріне, отбасына оралғандар үшін қажетті жағдай жасалуда. Ол, әрине, дұрыс. Алайда, сол қарттарды құрметтеу іс-шаралары жартыкеш, біржақты атқарылуда, тыл еңбеккерлері аса елене бермейді. Кешегі тылда тәулікті-тәулікке ұластырып, ауыл шаруашылығында тынбай еңбек еткен, азық-түлік, киім-кешекпен майдангерлердің қажетіне тынымсыз жұмыс жасаған, тыл ерлерінің әлеуметтік мұқтажын, қартаң жағдайын неге естен шығарамыз? Бүгінгілер үшін бұл парыз екенін ұмытпасақ керек. Міндет сол парызды өтеу жолында әрбір ауыл, елді мекен бойынша оралмаған аға-әкелер мен тыл ардагерлері есімдерін анықтау, арнайы тізімін жасау, қалған ұрпағын іздестіру ісін тоқтатпай, мақсатты жұмыс жүргізу әлі де жалғасқаны дұрыс. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз болып отырған Күлке апамыз сияқты аттары осы күнге дейін белгісіз келген қаншама азаматтар бар десеңізші! Олардың есімдерін жадымызда сақтап, қайта жаңартсақ, аталатын мерекенің мәні мен маңызы арта түспек. Әсіресе, жас ұрпақ үшін тәрбиелік маңызы зор жұмыс атқарылған болар еді. Отан соғысында опат болғандардың ерлік есімдері Қазақстан Республикасы тарихының бетінен өздерінің лайықты орнын тапса, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары майдан даласында жауынгерлік борышын адал атқарып, өз өмірлерін қиған халқымыздың батыр ұл-қыздарының еңбек тарландарының ерлігі мәңгілікке сақталар еді. «Ауылда еңбекке араласпаған жан болмады. Сол сұрапыл, зұлмат заманда өз жеке басының рахаты дегенді ойына да алмады. Ақ қар, көк мұзда, аптаған аңызақта жүріп, ауыл қариялары, аналар және бұғанасы бекімеген жасөспірімдер арып-ашып, жүдеп-жадады».
Иә, кім балалық кезінің, жастық шағының ана мен әке бауырында шуақты, көңілді өткенін армандамайды дейсіз?! Алайда, 1941-1945 жылдардағы соғыс кезінде еліміздің әрбір қазақ ауылында өскен Күлке апа сияқты қаншама жандардың және оның замандастарының балапық шағын есіне алғанда ауыр тұрмыстың соқпақты ізін, қарын тоймаған ашқұрсақ күндерін ешқашан ұмытпайды, әрдайым жадында ұстайды. Ол біздің қазақ ауылы үшін еңбек майданын бастан кешкен жылдар болатын. Біз кеудесіне жұлдыз таққандарды ғана батыр деп танимыз, ал сол сұм соғыста қаншама адам із-түзсіз жоғалды. Біз соғысты көрмеген ұрпақпыз. Бақыттымыз. ХХІ ғасыр ұрпақтары, бүгінгі бақытты, бейбіт өмір үшін оларға борыштар. Қазақ халқының ерлік дәстүрін еш уақытта ұмытпауы тиіс. Ендеше болашақ жас ұрпаққа өткен зұлмат қайта келмесін, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын десек, ұрпаққа аманат етер шуақты сәттеріміз көп болсын. Енді Соғыс болмасын, Аналар жыламасын, балалар жетім қалмасын! Ұлы Жеңіс мерекесі құтты болсын дейміз!

Нұргүл САБАҚАНОВА

0

ІЛЕ АУДАНЫ ХАЛҚЫН РАМАЗАН АЙЫМЕН ҚҰТТЫҚТАУ

Алдыңғы ақпарат

ПОЛВЕКА ДАМАНСКИМ СОБЫТИЯМ

Келесі ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *