ЖаңалықтарҚоғамТұлға

ЕЛ ҚАСИЕТІ – ЕР ҚАСИЕТІ

Ауыздан шыққанда-ақ кейбіреулерге көп нәрсені ұқтырып, кейбіреулерді күні бұрын бұқтырып тұратын есімдер болады… Бір ғана аты-жөнінің өзі жұрттың ақыл-ой, жүрегіне бір тұста өлшеп-пішілген дағдылы мерекелік баяндамаларымыздан гөрі көбірек айтылып жатады. Елдік пен ерліктің киесіндей, батырлық пен батылдықтың иесіндей, асылдық пен жасындықтың үлгісіндей аты белгілі Жексембек Құдайбергенов – тау тұлғалы адам еді. Ол кісінің өмір жолы, сұрапыл соғыс жылдарындағы жанқиярлық ерлігі, өжеттігі мен өрлігі, алғырлығы мен көрегендігі кезінде көптеген адамдарға ұлы тәрбие, үлкен өнеге мектебі болған.

Ер тұлғалы Жексембек ата 1918 жылы 2 мамырда Алматы облысы, Андреев ауданы Көлбай аулында дүниеге келген. Әке-шешесі қайтыс болғанан кейін жастық шағын балалар үйінде, содан кейін интернатта өткізді. Орта мектепті бітіріп, пионер жетекшісі, бастауыш мектепте мұғалім, аудандық комсомол комитетінде іс басқарушы жұмыстарын атқарды.

1940-1946 жылдары Совет әскері қатарында болды. Ұлы Отан соғысы жылдарында Мәскеу әскери округі Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскери бөлімінде болды. Қатарындағы жауынгерлерден аға сержант атағына ие болып, ірі калибрді зеңбірек бөлімінің командир қызметін атқарды. Соғыста көптеген ұрыстарға қатысып, қатты жарақаттанды, сонда да майданнан қайтпады.

Бұл соғыс қаһарманы ғана емес, онымен бірге жарқын да жалқы, қайта тумас азаматтың бейнесі. Ерлігі, қажыр-қайраты, қорқу не үркуді білмейтін көзсіз батылдығы, туралығы мен адалдығы жөнінен тағы да сегіз қырлы болды деу керек. Алмас қылыштай өткір де қайсар, «сөз қадірін өз қадірі, өз қадірі ел қадірі» деп бағалаған айбынды азамат еді. Осынау дара тұлғаның бүкіл саналы ғұмыры, ғибратқа толы істері, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөздері, терең мағыналы ойлары әркімнің көкейінде әлі сақтаулы.

Жауынгерлер-дің ортасында саяси-тәрбие жұмыстарын ұйымдастырушы болды. 1944 жылы Коммунистік партия мүшесіне қабылданды. Неміс фашистерін Отан астанасы Мәскеуге жеткізбеуге барлық күш қабілетін салып жанын аямады. Соғыстағы жақсы көрсеткіштері үшін офицер атағына ие болды. Аға лейтенант шенінде соғыстан еліне оралды. Содан совхоздағы Панфилов ауылдық кеңесте төраға болды, кейін Талғар қалалық Кеңесінде қызмет атқарды. 1956 жылы Николаевка ауылының Жетіген ауылдық советінің төрағасы болып бір орында 33 жыл табысты еңбек еткен.

Істеген еңбегі бағаланып, майдандағы жетістіктері мен көрсеткен ерлігі үшін бірқатар мемлекеттік марапаттар алады. Ол кезінде «Орақ пен Балға» алтын медалімен, Ленин ІІ-дәрежелі Ұлы Отан соғысы, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Москваны қорғағаны үшін», «1941-1945 жылдарғы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 20 жыл», «Тың жерлерді игергені үшін» медальдарымен марапатталған. Сонымен қатар, бүгінгі таңда оның есімі Жетіген

ауылындағы бір көшеге беріліп, 2017 жылдың 1 қыркүйегінде №11 орта мектебінде Жексембек Құдайбергеновтың атындағы екі кадет жас жауынгерлер сыныбы ашылды.

Ақырып та сөйлейді, асырып та сөйлейді, бірақ ар жағында зіл тұрмайды, нұр тұрады. Сол нұрды қабылдай алмасаң, ол ашулы да қатулы. Ұққаныңды сезсе, мәз-мейрам жайсаң. Қара қылды қақ жаратын әділдікке қоса әрекеттегі жалғандыққа, жадағайлыққа төзбейтін айбаттылықта жеткілікті. Қатал сөйледі, әскерде темірдей тәртіп болмайынша, жауынгерлік рух болмайтынын баса айтады.

Жексембек Құдайбергенов – адамгершіліктің, азаматтықтың, патриоттықтың, имандылықтың символы, көркем бейнесі іспетті. Батыр атамыз өз заманында жерлестеріне ойшылдығымен, отаншылдығымен, ұлтжандылы-ғымен, қаһармандылығымен, дарын-дылығымен, жоғары адамгершілік қасиеттерімен елеулі болды. Оның ұстанымы «ешқашан жауды жау санамау» болған екен, неге десеңіз «Таспен атқанды аспен ат» деген сөз бар ғой, сол сияқты жау жинамай дос жинау қағидасын естен шығармаған.

Өмір бойы ешкімге бас имей тек өз ар-намысының ғана құлы болғаны, халқының қамын ойлап, болашағы үшін күресіп өткені, өмірдегі өзі арқалаған ауыр жүгін, қоғам алдындағы өз парызын терең түсінгені – осының бәрі бүгін оның қайнар бұлағы іспеттес. Батыр тек қана еуропалық және ресейлік әскери ғылыммен, әскери өнерге сүйенбейді, өз ата-бабаларымыздың жауынгерілік дәстүрлеріне арқа тірейді. «Білек бірді жығады, ақыл-айла мыңды жығады», «Ер намысы – ел намысы», «Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді» секілді аталарымыздың ұшқыр сөздерін орынды пайдаланған.

Өз міндетін атқаруды бірінші орынға қоятын Жексембек Құдайбергенов әркез бірбеткей болатын. Соның бір дәлелі ретінде ұлы Серіктің әңгімесін айтсақ. Арабтар мен Израиль арасындағы қақтығыстар кезіндегі оқиға. 1967 жылдың 5-11 маусымында Израиль көптеген араб қыстақтарын қырғынға ұшыратты. КСРО Израильмен дипломатиялық қатынастарын үзіп, арабтарға көмек қолын созды. Сонда Николаевка (қазіргі Жетіген) аэродромына арабтар келіп, ұшақпен ұшудың қыр-сырын үйренді. Күні-түні тынымсыз ұшқан ұшақтар атқару комитетінің жиналысын өткізуге кедергі келтіреді. Қазақ ССР Әуе қорғаныс күштеріне хат жазады. Онда әуеде ұшқан ұшақ дауысы жиналыстың өтуіне кедергі келтіретінін ескертеді. Өз айтқанын дегізіп, жарты жыл дегенде «бейсенбі күні жиналыс уақытында барлық дайындық жұмыстары доғарылсын» деп бұйрық келеді. Бұл ол кісінің тек бірбеткейлігін ғана емес, елінің алдындағы борышын адал еңбекпен орындағандығын көрсетеді.

Жексембек Құдайбергенов жұбайы Майсара екеуі жақсы әулет құрып, төрт ұлын тәрбиелеп жеткізіп, Отанымыздың қадірлі азаматтары-ның қатарына қосты. «Әу демейтін қазақ жоқ» демекші отбасында бәрі өлеңдетіп жүргенді ұнатады. Атамыз бос отыра қалса болды қолына домбыра алып, Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін айта жөнеледі екен. Балаларына да кішкене күндерінен айтқызып үйреткен. Бос уақытында бау-бақшамен айналысқан. Жүзім өсіріп, бұтақтарын кесіп ермек қылған екен. Үйге кірген бетте тазаланып, жуынып, бірақ кіретін. Сол сияқты балалары да әкесі келе жатыр деген кезде бірден жуынып, бәрін тазартып отыратын болған.

Биыл ол кісі арамызда болса 100 жасқа толар еді. Ұзақ уақыт өтті, бірақ ауыл тұрғындары оған әрдайым ризашылық білдіруде, оның баға жетпес кеңестері, мейірімділігі, адамгершілігі үшін алғыстары шексіз. Мамырдың 5 күні Жетіген ауылдық округінде 100 жылдығына орай ұйымдастырылған жиын өтеді. Құдайбергеновтар әулеті әрбір келген қонақты құшақ жая қарсы алатындарын айтты.

Қорыта айтқанда, алыбымызды ардақтай білейік, ұлтымызға ұран болған ұлы тұлғамызды ұлықтай білейік. Тек қана қара дүрсін сөзбен емес, атын дәріптейтін игі істермен, тиянақты тірліктермен дәлелдеуге тырысайық. Қазақта «Ақыл жастан, асыл тастан» деген нақыл сөз бар. Жексембек атамыз сияқты халқының ұлдарына құрметпен қарап, есімдерін биікке көтере білейік!

Айжан САТЫМХАН

0

ЦИФРЛАНДЫРУДЫҢ НӘТИЖЕСІ ҚУАНЫШҚА ТОЛЫ

Алдыңғы ақпарат

СЫРЛЫ КЕШТІҢ САРЫНЫ

Келесі ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *