ВЕСТИ ИЗ ОКРУГОВҚоғамРухани жаңғыруҰлы даланың жеті қыры

ЕКІ ШАБАДАННЫҢ СЫРЫ

Ел тыныштығы, оның амандығы үшін жерін жаудан қорғаған ер жүрек батырларымыз қазақта шүкіршілік көптеп саналады. Солардың бірі әрі бірегейі ел арасында мүйізді Өтеген аталып кеткен Өтеген Өтеғұлұлы! Өз заманында Төле бидің бас батыры болып, сонау Ташкенттен, Шығысқа дейін ұрыс салып, ержүректілігімен, батылдығымен, қайсарлығымен әрі көріпкелділігімен елге қорған болған Өтеген Өтеғұлұлы бабамыздың өмірбаянын қайта-қайта айта берудің, жазудың қажеті бола қоймас. Ұлы жүздің Дулат тайпасының Қасқарау руынан шыққан бабамыз Шу өзенінің бойындағы Изенді өңірінде дүниеге келгенін алаш жұрты жақсы біледі. 70 жыл бойы Кеңес үкіметінің бұғауында болып ел қорғаған батырларымызды былай қойғанда төл тарихымызды да ұмытуға айналғанымыз рас. Егемендіктің көк байрағын желбіретіп, етек-жеңімізді жинаған тұста өлгенімізді тірілтіп, жоғымызды жоқтай бастаған кезде Іле ауданының тұрғындары да бас көтеріп, осы өлкеде туып-өсіп, немесе қона жатып, ат шалдырған жерімізді уақытша болса да мекен еткен билеріміз бен батырларымызды, ақын-жазушыларымызды, сал-серілер мен күйші-жырауларды, сазгерлерді жалпы мәдениет қайраткерлерінің өмір жолына, еліне сіңірген еңбегіне қайта үңіліп, тарихтың қатпарын ашып, тамырын басып, арысы Төле би, Өтеген батыр, Белағаш Ақұлы, Байсерке күйші, Жетіген батыр, Жәпек батыр, Жайнақ батыр, Тоқаш Бокин, берісі Атымтай Қисанов, Мұхаметжан Түймебаев сынды саяси қайраткерлерімізді, Нұрғиса Тілендиев, Асқар Тоқпанов, Ыдырыс Ноғайбаев, Әнуар Молдабеков сияқты өнер тарландарының ізгілікті ізі мен тәлім-тәрбиесін, үлгі-өнегесін өскелең ұрпақтың санасына сіңіруге көп күш салды. Ауыл тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстарының жүргізілуі, мекемелерде, жастар арасында тарихи атаулар жөнінде әртүрлі танымдық конференциялардың өткізілуі нәтижесінде бұрынғы Энергетик ауылы — Өтеген батыр, Николаевка ауылы — Жетіген, Дмитриевка — Байсерке, 12-декабрь — Жәпек батыр, МТФ — Төле би ауылы болып өзгеріп, Жайнақ батырға, Жандосай бабаға, Гүлжамал анаға (Сары бәйбіше) ескерткіш қойылды. Қаншама көшелер қазақшаланды. Хош, мұны біз не үшін айтып отырмыз.

Өткен жылы Іле ауданының құрылғанына 90 жыл толуына орай аудандық ардагерлер қоғамы мен «Іле мұрагер» үкіметтік емес қоғамдық ұйым Өтеген батырға халықтың қаржысы есебінен ескерткіш орнату жөнінде Үндеу қабылдағанын Іле ауданының тұрғындарына жақсы белгілі. Тұрғындар аталмыш Үндеуді кеңінен қолдап, әркім шамасына қарай тиісті көмектерін көрсетті. Ескерткішті тұрғызуға дайындық барысында аудан делегациясы батыр бабаның тікелей ұрпақтары қоныстанған Жамбыл облысы, Қордай ауданы Өтеген ауылына ақсақалдардан бата алу үшін барғанынан да оқырмандар хабардар болды. Осы екі аудан арасындағы барыс-келісте үлкендерден Нұрмаханбетов Мәлік Құрманбекұлы мен жастардан Дәулеткелді Құлшықов ерекше белсенділік танытқандығын да жақсы білеміз. Әсіресе, қараторы жүзді, көзі оттай жанатын, төртпақ денелі Дәулеткелді бауырымыздың Мәлік сынды ақылман ағаларының айтқанын бұлжытпай орындап, күн-түн демей екі аудан арасында шапқылап жүргеніне риза болдық. Өзі бір көрген адамның іші-бауырына кіріп кететін ақкөңіл де әңгімешіл жан. Жомарттығы өз алдына. Реті келгенде әңгімеге тартып көрсек, Дәулеткелді Өтеген бабамыздың бесінші ұрпағы, кезінде Қапшағай теңізінің астында мүрдесі қалып қойған батыр бабамыздың сүйегін өз ауылдарына әкеліп жерлеген белсенді азаматтардың бірі Өмірқұл Құлшықовтың кенже ұлы болып шықты.

«Дәм айдаса қалмайсың…», — дегендей бірде бір шаруаның ретімен Дәулеткелдінің шаңырағында болдық. Сол жолы Дәулеткелді бауырымыз өзінің батыр бабасы жайында, әкесі Өмірқұл туралы әңгімелер айтып отырып, айтпақшы менің үйімде батыр бабаның Шеңгелдідегі мүрдесінен алынған сүйегі салынған шабадандар бар, — деді де бізді бастап екінші қабаттағы бір бөлменің есігін ашты. Төрге әдемілеп жинап қойған екі шабаданның үсті ақпен жабылыпты. Құран кітабы және намазға арналған тиісті заттар өз орнында тұр.

— «Бұл менің намаз оқитын бөлмем әрі бабама арналған шағын мұражай, — деп әңгімесін әрі қарай сабақтады», — Дәулеткелді бауырымыз.

Дәулеткелдінің айтуынша марқұм Өмірқұл атаның өмір жолы үлкен еңбекпен, даналықпен, адамгершілікпен өрілген екен. Өткен ғасырдың 1907 жылы дүниеге келген оның ата-анасы мал-жанды, ауқатты болған соң 11 құрсақтан жалғыз қалған бала деп бетінен қақпай еркелетіп өсіріпті. Ерке болса да Өмірқұл жасынан өлең-жырға әуес болып, тіптен алқалы отырыстарда аяқ астынан өлең шығаратын да өнері болыпты. Ол 10 жасқа толғанда ата-анасы қайтыс болып, нағашыларының қолында тәрбиеленеді. Ауылдағы мектепті бітіріп, пысықтығының арқасында Қастек ауданында еңбекті қорғау инспекторы болып жұмысқа орналасады. Кейіннен Қызылорда қаласындағы Кеңес Одағының жоғарғы партия мектебіне түсіп, білім алып шығады. Бұдан соң Қазақстанның Жоғары ауылшаруашылық мектебін бітіреді. Алматы облысының Панфилов ауданында машина-трактор станциясы директорының орынбасары қызметін атқарады. Бұдан соң Алматы қалалық партия комитеті жанындағы қала кеңсесінің тұрғын үй басқармасында жауапты қызмет жасайды. 1942-1943 жылдар аралығында Өзбекстанның Әндіжан қаласындағы кіші лейтенанттарды дайындайтын курста оқиды. Содан соң Солтүстік Батыс майданының 170 дивизиясына қарасты 1-атқыштар ротасының взвод командирі және зеңбірекшілер ротасы командирінің орынбасары ретінде Ұлы Отан соғысына қатысып, 1944 жылы жаралы болып елге қайтты. Елге келген соң да жаралы едім деп, қарап жатпай жұмысқа кірісіп кетті. Содан он жылдай «Кеңес» ұжымшары төрағасының орынбасары болды. Жауапты әскери қызмет атқарды. Коммунистік партия мүшесі Өмірқұл Құлшықов зейнет жасына шыққанша әр түрлі деңгейдегі жауапты қызметтерді атқара жүріп, шежіре жинап, оны қағазға түсірумен айналысады. Айта кететін бір жайт, Өмірқұл ақсақалдың да маңдайында бабасы Өтеген сияқты мүйізі болған екен.

Өмірқұл ақсақал қандай қызмет атқарса да шежіре жинауын тоқтатқан емес. Соның арқасында кезінде Бауыржан Момышұлы, Жұмабай Шаяхметов, Әбілхан Қастеев, Мырзатай Жолдасбеков сынды қазақтың маңдайалды дарынды азаматтарымен үлкен шығармашылық байланыста болған. Оның қазақтың даңқты батыры Өтеген Өтеғұлұлының сүйегін сонау Шеңгелдіден Қордай ауданының Өтеген ауылына жеткізуі де үлкен еңбек. Өмірқұл ақсақалдың өз айтуы бойынша бірде Алматы қаласындағы Райымбек батырдың басына құран оқуға барады. Сол жерде Райымбек батырдың шырақшысы Досжан Өмірқұлдың Қасқарау руынан шыққандығын білген соң: «Бабаларыңыздың сүйегінің су астында қалу қаупі бар. Қазір Қапшағай көлі салынып, су көтеріліп жатыр. Қамданбасаңыздар болмайды» — деген екен. Сол әңгімені естігенде Өмірқұл атаның бойынан электр қуаты жүріп өткендей, денесі қатты қызып, жүрегі су ете қалады. Дереу ауылына келіп, болған жайды айтқанда коммунистік партияның ықпалында жүрген белсенділер ат-тондарын ала қашады. Ол заманда батырдың атын атаудың өзі ескіліктің қалдығы саналатын. Не керек, біреуі қолдап, екіншілері қарсы болып күнде жиналып, бір шешімге келе алмай жүргенде Өмірқұл ақсақалдың түсіне аппақ киінген абыз ақсақал кіріп: «Балам жатысың не, нар тәуекел орныңнан тұр», — дейді. Таң бозарып атып қалады. Өмірқұл ақсақал орнынан ширақ тұрып, таңғы астан соң, ауыл ақсақалдарын жинап: мен бүгін жолға шығамын. Тәуекел деп отырмын. Ілесетіндерің болса, жиналыңдар, — дегенде кезінде жауапты әскери қызмет атқарған Сұлтанбай ақсақал жанына ереді. Екеуі Алматыға келіп, құзырлы органдардың есігін тоздырып жүріп, бабалары жайында мол мағлұмат жинап, одан Шеңгелдіге барып, сол ауылдың қарт тұрғыны Кенжебай Ошақбаевтың арқасында Өтеген батырдың жерленген жеріне қайықпен барып, құран оқып қайтады. Алматыға қайта келген соң талай есікке барып жүріп, көптеген қиындықтарға кездесіп, ақыр соңында Республика басшысы Дінмұхамед Қонаевқа хат жазып, қабірді қазуға рұқсат алады. Қолдарында тиісті рұқсат қағазы бар Өмірқұл ақсақал мен Сұлтанбай ата ауылға келгенде кезінде оларға қарсы болғандар басқаша әрекет жасап, өздері қаражат жинап қастарына бір-екі адамды қосып, оларды Шеңгелдіге қайта аттандырады. Батырдың қабірін қазып, сүйегін алуға Кенжебай Ошақбаев бастаған шеңгелділік тұрғындар да үлкен көмек жасайды. Сонымен не керек, Өмірқұл бастап, Сұлтанбай қостаған біраз адамдар батырдың сүйегін екі шабаданға салып, Қордайға аттанады. Мұнда келісімен сүйекті Өмірқұл ақсақалдың үйіне бір түнетіп, ертесінде ақбоз атты сойып, үлкен ас беріп, Өтеген ауылының күн шығысындағы жотаның үстіне батыр бабаларын қайта жерлейді. Кеңес Одағының айтқаны заң, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрған заманда батыр бабасының жерленген жерін тауып, оның қабірін қайта қазып, сүйегін туған жеріне әкеліп жерлеу шынында да үлкен батылдылық, ержүректілік болып саналады. Оған рұқсат алу үшін қаншама мекеменің есігін қағып, табалдырығын тоздырған Өмірқұл ақсақалдың бұл еңбегі үлкен ерлік, келер ұрпаққа тәлімді тәрбие.

Ал, екі шабадан тарихи жәдігер ретінде Өмірқұл ақсақалдың үйінде қалдырылады. Өзі өмірден өткенше Өмірқұл ақсақал екі шабаданды ақпен жауып, төрге қойып, күн сайын намаз оқығанда батыр бабасының рухына дұға-тілек айтып, балаларына бұл қасиетті затты қастерлеп ұстауды аманатпен тапсырумен болды. 1989 жылы Өмірқұл ақсақал дүниеден өткен соң, бір-екі жылда оның зайыбы Бәжен  қайтыс болды. Ауылға қадірі артқан үлкен бір отбасы осылайша бір-екі жылда сең соққандай есеңгіреп қалды. Өмірқұл ақсақалдың балалары қайта-қайта келген қайғыдан бас көтере алмай жүрген тұста ауылдағы бір көріпкел әйел үйге келіп: «Сендер ана бабаларыңның сүйегі салынған шабаданды ашыңдаршы. Сендердің қайғыларың соған байланысты», — деп айтыпты. Шабаданды ашып, ішін мұқият тексергенде түбінен батырдың сынған кішкентай бармағының сүйегі мақтаға оралып табылады. Үйдегілер ауыл молдасын шақырып, бір малды құдайы атап, ас беріп жаңағы сүйекті Өтеген баба жерленген жерге апарып көмеді. Содан кейін-ақ, бұл шаңырақтағы қайғы бұлты сейіліпті. Дәулеткелдінің айтуынша жол болмаған немесе мақсаты орындалмаған адамдар келіп, іштей тілегін айтып, шабаданды ашса қиын мәселенің өзі шешілетін көрінеді.

—        Көзі тірі кезінде әкеміз шабаданның жанына отырып құран оқып, оны қастерлеп ұстады, — дейді әңгімесінде Дәулеткелді, — әкем қайтыс болғанда мен жас болдым. Ештеңені білмедім. Қазір, әкемнің жолын жалғастырып, шабаданды қастерлеп ұстап отырмын.

Өтеген бабаның тікелей бесінші ұрпағы саналатын Дәулеткелді Өмірқұлұлы Құлшықов таңдап алған мамандығы құрылысшы болса да, әкесінің жолын жалғастырып, Өтеген Өтеғұлұлының ерлігін, өрлігін, одан әрі жалғастырып, батыр бабаның 300 жылдығын, 320 жылдығын кең көлемде атап өтуге белсене атсалысып келеді. Үстіміздегі жылдың мамыр айында Іле ауданындағы Ақши ауылының маңындағы Өтеген батыр жотасына

«Бабамыздың ата-жұрты» атты белгі тасты қою кезінде де Мәлік Нұрмаханбетұлы мен Дәулеткелді Құлшықов үлкен белсенділік танытып, екі аудан ортасындағы ынтымақтастықтың берік екендігін дәлелдеді. Дәулеткелдінің кез келген ісіне жұбайы Жанар үлкен қолдау көрсетіп отырады.

— «Бабамыздың сүйегін ауылға әкелуге әкем Өмірқұл үлкен белсенділік танытып, маңызды шаруаны атқарса, Өтеген батырдың ескерткішін тұрғызуды, басын көтеруді, 300, 320 жылдық тойларын өткізуді Мәлік Нұрмұханбетов бастаған ауыл тұрғындары үлкен ыждағаттылықпен көтеріп алуда», — дейді сөзінің соңында Дәулеткелді Өмірқұлұлы Құлшықов. —

«Мен де сол адамдардың бірімін, ауылдағы ақсақалдар, ақылман ағалар аман болсын. Мен олардан биік емеспін ғой. Қашан да Өтеген ауылының тұрғындарын мақтан тұтамын, солармен мақтанамын».

Иә, осындай зерделі де белсенді ұрпақтары тұрғанда батыр бабамыз Өтеген Өтеғұлұлы мәңгі жасайды.

 

Роза АЙДАРБЕКОВА

БАБАҢНАН САҒАН НЕ ҚАЛҒАН

Алдыңғы ақпарат

Беларусь елі Панфилов ауданы арқылы Қытайға өз тауарын шығармақ

Келесі ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *