ВЕСТИ ИЗ ОКРУГОВЗнай нашихҚоғамТұлға

БІЛІМ БҰЛАҒЫН АШҚАН АРДАҚТЫ АДАМ

Мен, Найманбаева Баян Қадыржанқызы Әли ауылы Т.Қатаев атындағы «№22 орта мектеп» мемлекеттік коммуналдық мекемесінде 37 жыл еңбек еттім, оның соңғы 17 жылы мектеп директоры қызметін атқардым.

Туған еліне, халқына қалтқысыз қызмет еткен, азаматтық борышын аямаған дара тұлғалар дүниеден өтіп жатыр. Солардың бірі жерлесіміз Тұрғанбек Қатаұлы Қатаев бүгінгі күнде 100 жасқа толатын екен. Осы мерейтой қарсаңында елі, жері үшін еңбек еткен Білім және Ғылым министрі болған атамыз Тұрғанбек Қатаұлы Қатаев туралы ой қозғадым.

Белгілі қоғам қайраткері, ғалым, ұстаз Қатаев Тұрғанбек Қатаұлы 1919 ж 14 қыркүйекте Алматы облысы, Іле ауданы Әли ауылында дүниеге келген.

Тұрғанбек Қатаұлы әкесінен ерте айырылып, қиын да ауыр балалық шақты басынан өткізді, жастайынан шаруашылықтың жұмысына араласты. Бірақ ағамыз тағдырдың осындай тауқыметіне, ауыртпашылығына мойымады, алға қойған мақсатына жету үшін аянбай еңбек етті.

Ең алдымен Тұрғанбек Қатаұлы Қатаев есімімен өзімнің туған мектебімнің және мектепте ашылған мұражайдың аталуы үлкен мәртебе. Себебі, осы сәттен бастап, көпшіліктің санасында «атамыз тегін адам болмаған екен ғой» деген ой қалыптасты. Ол кісі туралы көбірек білгісі келген адамдар саны көбейді.

Туған жерінің өркендеуі мен өсуі үшін аянбай еңбек еткен азаматтарымыз болмаса, біз осындай берекелі де бейбіт заманда өмір сүрер ме едік?

Өмірі мен еңбегі өнеге адамдар арамызда аз емес, бірақ Тұрғанбек Қатаев сондай ардақтау мен аялаудың биігінен көрінген асыл азаматтың бірі.

Тұрғанбек Қатаев атамыз жетімдіктің де, жоқшылықтың да ауыр азабын көрген, ел басына күн туғанда қолына қару алып, қан майданға аттанған ардагер. Кеңес дәуірінің алғашқы зобалаң жылдарын басынан өткере жүріп, бар жан – тәнімен елін, халқын жанындай сүйген ол барлық сырды ішіне бүге білумен қатар, ағарту саласында қарусыз біліммен күрес жүргізген азамат еді.

«Білекті бірді, білімді мыңды жығар» демекші Тұрғанбек атамыз еліне осы мәтелдің шындығын айқын дәлелдеген жан. Білімінің арқасында біраз биіктерге көтеріліп, талай шыңды бағындырған.

Алматы облыстық партия комитетінің хатшысы, оқу министрі сияқты лауазымды қызметтер Тұрғанбек атаның табиғатымен келген болмысына сіңген бір қалыпты келбетін өзгерте алмаған. Айналасындағыларға шуақ нұрын шашып, қазақ елінің білімі мен оқуын дамытуда аянбай еңбек еткен абзал жан.

1986 жылдың ызғарлы Желтоқсанында атамыз қайсарлықтың белгісін айқын танытқан. Қарағайдай ұйыған дүлей дауылға төтеп беріп, сынбаған. Әр уақыт өзін тәкаппар да биік ұстай білген Тұрғанбек Қатаев атамыз жай күлген жымиысымен – ақ ұсақ түйектердің қаңқу сөзімен пәле – жала дегендердің ауылын аулаққа жіберген екен. Оларға тек алыстан, биіктен қарап отырыпты.

Ғасырлар қойнауына өз сырын жасырып, жаңа ғасыр келді. Зейнетке шықса да, өмірінің ақырына дейін атамыз үйінде қол қусырып қарап отырмаған. Қолына қаламын алып, өткен ғұмырынан артындағы ұрпақтарына мемуар жазып қалдырған.

Қиын қыстау заман артта қалды. Біз, бейбіт те бақытты өмір сүрудеміз. Осындай өмір үшін еңбек еткен адамдарды біз ұмытпауымыз керек.

Халық ақыны, сазгер, әнші Кенен Әзірбаевтың:

Көңілі тәккаппардың көктен биік,

Болғанда ойы таяз, сөзі сұйық.

Кішіпейіл келеді білімді адам,

Тарыдай дәні толық басын иіп, — дегені осы Тұрғанбек атамызға арналған дейді.

Менің әкем-Найманбаев Қадыржан және басқа да замандас ауылдастары Тұрғанбек ағаны еліміздің біртуар азаматтарының есімдерімен қатар атап, ол кісінің үлкен адамгершілік, кішіпейіл қасиеттеріне тәнті болып, ризашылығын білдіріп отыратын.

Ал, қасында жүрген достары мен әріптестерінің ерекше бағалайтын қасиеттерінің бірі – Т.Қатаев кейбіреулер сияқты елді ұлтына немесе жүзге, руға бөлу дегенді білмейтін. Ол қасындағы достарының адал болуын, қызметтес адамдардың іс – қабілетіне қарап, олардан жұмыста болуын талап ететін.

Мырзатай Жолдасбеков, филология ғылымдарының докторы, мемлекет қайраткерінің естелігіне тоқталатын болсам:

Бізді алақанына салған, аялаған, қамқоршылығын аямаған, ылғи шуағын төгіп жүретін ағамыздың бірі – көрнекті мемлекет қайраткері, халқының асыл перзенті, аяулы Тұрғанбек аға еді.

Тұрғанбек атамыздың аяулы жары Базаргүл Шәкәрімқызы мектептің барлық шараларының қадірлі қонағы. Атамыздың жеке қорынан мектеп кітапханасына сыйлаған әдеби кітаптары, энциклопедиялар, мұражайға қойылған жеке заттары, құнды бұйымдары біз үшін үлкен қуаныш және жауапкершілік деп қабылдаймыз.

Тұрғанбек атамыздың жазған кітаптар парақтарынан біздің түлектер болашаққа мақсат қоюды, көздеген мақсатына қол жеткізуді, болашақ мамандығына сеніммен қарауды үйренді.

 

Баян НАЙМАНБАЕВА, ардагер ұстаз

АУЫЛЫМЫЗДЫҢ АРДА АЗАМАТЫ ЕДІ

Алдыңғы ақпарат

АЛҒАШҚЫ БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ ПӘТЕРЛІ БОЛДЫ

Келесі ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *