ЖаңалықтарҚоғамТұлға

АЗАМАТТЫҚ ТҰЛҒА

Халқына арнаған жұмысы, айналасындағыларға жасаған жақсылығы ер азаматты қашанда абыройға бөлеп, мерейін асқақтатады. Сондай азаматтың бірі – Іле ауданының «Құрметті азаматы» Отарбек Кашеев. Ол көппен туыс, талаймен дос. Ауылдастырымен сыйлас та, сырлас. Кезінде өз ісіне мығым болып, мамандығына адалдық танытып, соның һас шебері атанған ол нарық заманында абдырап қалмай уақыт көшіне ілесіп, бар күш-жігерін отбасының бақытына арнап, жан жылуын айналасын-дағыларға аямай төге алды. Сөйтіп, бүгінгі мерей биігіне, құрмет-қадіріне өз еңбегімен, іс-әркетімен жетті.

Кашеев Отарбек Кашейұлы 1928 жылдың 20 ақпан күні Іле ауданы, Жаңаталап ауылында дүниеге келді. Кішкене күнінен зерек болып, мектепті үздік оқиды. 1944 жылы мектеп оқушысы бола тұра төменгі сыныптағы оқушыларға математика пәнінен сабақ беріп, еңбек ету жолын 16 жастан бастады. Сол жылы 6 айлық мұғалімдер курсын оқып бітірді. 1945-1949 жылдары Октябрь ауылындағы орта мектепте тәрбие ісі бойынша директордың орынбасары болып жұмыс атқарды.

Отарбек атамыз өзінің еселі еңбегімен, маңдай терімен талай асуларды бағындырған. Бір ауыз сөзбенен түйіндер болсам, ол нағыз азамат, сегіз қырлы, бір сырлы жан, ағайындарына бауырмал аға бола білген абзал адам. Оған ел аузында аңыздай болып осы күннің өзінде айтылып жүрген шарапатты әңгімелер мен алғыстар, баталар мен ақ тілеулер арқау болады. Ең бастысы өз ісінің нағыз майталманы екенін ағамыз жылдармен, табанды, нәтижелі еңбегімен көрсетіп, сол еңбегіне сай әр кездерде де өзінің лайықты бағасын алып келеді. Бұлардың барлығы да талай жылдарғы еңбек пен өмір жолындағы абырой мен беделдің жемісі.

Жоғарғы білімін Қазақ Ұлттық университетінде экономика факультетінде алады. Оқуын бітіре салып, Талғар аудандық партия комитетінде нұсқаушы қызметіне орналасады. Ал кейіннен Талғар аудандық ауылшаруашылық техникумында мұғалім болды. Бұдан соң Іле ауданындағы «Жүзім» ұжымшарының орталығы болып саналатын Ащыбұлақ ауылындағы орта мектебіне директорлық қызметке тағайындалады. «Жүзім» ұжымшары директорының орынбасары, партиялық комитетінің хатшысы, Чапай құс фабрикасында партия комитетінің хатшысы болып абыройлы қызмет атқарып, 1988 жылы зейнеткерлікке шықты. Қай жерде қызмет атқарса да өзін шаруашылық жүргізудің іскер ұйымдастырушысы, ісін жетік білетін басшы ретінде көрсете білді және адамдармен тіл табысып, жұмыс ұйымдастыруда толағай табыстарға жетіп, істеген жердің барлығында да құрметке бөленіп, үздік нәтижелерге қол жеткізді.

Бос уақытында кітап оқып, шахмат ойнағанды ұнатады. Жаяу көп жүріп, денсаулығын күтеді. Тағы бір сүйікті ісі Елбасының Жолдауларын қалдырмай оқып, отбасы мүшелеріне талдап айтып, орындалуын талап етеді. Демалысқа Сарыағашқа барғанды жақсы көреді. «Ондағы таза ауа мен шипажайлар адамға жаңа күш береді, сол үшінде жиі демалып тұру керек», – дейді атамыз. Ауыл өміріндегі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, жастарға ақылшы аға, көпшілікке үлгі бола білген азамат.

Аяулы жары Күлбаршын Жұмабайқызымен 1956 жылы отбасын құрып, тату-тәтті өмір сүріп келеді. Осы жылы ұлы Мәлік дүниеге келсе, артынан ере екі қарындасы Бибігүл мен Рима дүниеге келеді. Бүгінде Меруерт, Айнұр, Бекзат есімді немерелері және Батыр мен Амина сияқты шөберелері бар. «Келіні жақсы үйдің – керегесі алтын» деген сөз бекер айтылмаса керек. Отбасына келін болып түскенімен қызындай сіңген Бақыт Бахриденқызы ата-енесіне қамқорлық жасай білген жан. Қай жерде жүрсе де адами қасиеттерімен ерекшеленіп тұратын асыл мінезді. Бақыт Бахриденқызы отбасында адал жар, ақылман ана, тәлімді келін болды.

Отарбек Кашеев бүкіл ғұмырын халқына, туған еліне шынайы арнаған жанның бірі. Жаны жайсаң ел ағасы ақпан айының 20 күні 90 жасқа толды. Абырой-атақ адамға сіңірген еңбегімен, адал төгілген терімен келетіні белгілі. Жүйрік уақыттың ұшқыр қанаты сізді мағыналы ғұмырыңыздың биік бір белесі – 90 жасқа алып жетті. Сіз осы кемелдікке тың жігер, жарқын көңілмен келіп отырсыз. «Қарттары бар ел – қазынасы бар ел», – деген сөз бар халқымызда. Осынау жылдар ішінде өмірдің талай белестерінен табысты өтіп, бүгінде өркен жайған алып бәйтеректей үлкен бір әулеттің ақылшы тірегі, арқа сүйері болып отырған атамыз шын мәнінде бақытты жан.

 

Айжан САТЫМХАН

0

ЕЛДАНА ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

Алдыңғы ақпарат

ҚҰРМЕТТІ ОҚУШЫЛАР МЕН ҰСТАЗДАР,  ҚАДІРЛІ АТА-АНАЛАР, МЕКТЕП ТҮЛЕКТЕРІ!

Келесі ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *