ҚоғамПромышленность и предпринимательство

ҚАЗАҚСТАН – АЛМА МЕН ҚЫЗҒАЛДАҚТЫҢ ОТАНЫ

Әрбір азамат туған жерінің тарихын білуге, құндылықтарын қастерлеп, дамуына өз үлесін қосу .Қазақ халқының сан ғасырлар бойы жинақтаған мол тәжірибесі, танымдық мұрасы мен дүниетанымы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, өлең-жырлары, ұлттық ойындары, музыкалық мұрасы, аспаптары баға жетпес асыл қазынасын сақтау,әрі қарай дамыту. Ұлы дала кеңістігінен шыққан өркениеттік жетістіктерді ұмытпау әрі дәріптеу , тарихи сананы жаңғырту.Туған жерді қорғауға, Отанды сүюге тәрбиелеу.
Бұл – тарихқа деген дұрыс ұстаным. Сол арқылы түп-тамырымызды білуге, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, оның күрмеулі түйінін шешуге мүмкіндік туады.Қазақстан тарихы да жеке жұрнақтарымен емес, тұтастай қалпында қазіргі заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті болуға тиіс. Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек.
Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғалдақтың «тарихи отаны» екені ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Қарапайым, бірақ бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңызы зор бұл өсімдіктер осы жерде бүр жарып, жер жүзіне таралған. Қазақстан қазір де әлемдегі алма атаулының арғы атасы – Сиверс алмасының отаны саналады. Дәл осы тұқым ең көп таралған жемісті әлемге тарту етті. Бәріміз білетін алма – біздегі алманың генетикалық бір түрі. Ол Қазақстан аумағындағы Іле Алатауы баурайынан Ұлы Жібек жолының көне бағыты арқылы алғашқыда Жерорта теңізіне, кейіннен бүкіл әлемге таралған. Осы танымал жемістің терең тарихының символы ретінде еліміздің оңтүстігіндегі ең әсем қалалардың бірі Алматы деп аталды. Соның бірі – апорт алмасы, жалпы алма тарихы туралы әңгіме. Алма туралы, алманың тарихы жайында аз жазылған жоқ. Соның бірі ойымызға қайта оралып отыр. Реті келіп тұрған соң, тағы бір мәрте еске сала кету артықтық етпейтін сияқты
Алматы апортының тарихы адамның басын айналдырғандай еді. Ол – араға миллиондаған жылдар салып, Атамекеніне қайта оралған алма ағашының жемісі. Жер шарын шыр айналып шыққан алма ағашы, ақырында, өз топырағын қайта тапқан. Ол алмалы Алматының айналасы болатын.
Әр нәрсенің де Отаны болады. Бұл орайда біздің қазақ мақтана алады, әлем ғалымдарының айтуынша, есте жоқ замандардан бері жасап келе жатқан алма ағашы басқа жерлерге о басында қазақ жерінен барған. Оның мұнда, біздің аймақта өсе бастағанына 50 миллион жыл болды. Оны ғалымдарымыздың өздері айтады. Алма — таулы, сулы жердің, қызғалдақ — қырдың, көктеудің, маусымдық қоныстың сәні болды. Екеуі де көктемде гүлдеп, қазақ даласын әсем бір күйге бөлейді. Тау тағылары тауешкі, бұғы, арқарлардың жабайы алмадан қорек тапса, халқымыз өзінің халықтық білімінде оның емдік қасиетін танып, түрлі ем-домдарға қолдана білді. Байырғы қазақтар жабайы алманың дәнегімен жүрек, қан тамырлары ауруларын, иод жетіспеушілікті емдеген. Тау етегін жайлаған ауыл балаларының жабайы алма теруі, балалық шағының ажырамас бөлігі болды. Қызғалдақ көктемгі жайылымның сәні болды, осыған орай «қызғалдақ жемеген қозы арманда» деген мақал қалыптасты. Қызғалдақ гүлі кілемдей жапқан қырда жайылған қойдың сүті қою, биенің сүті құнарлы болады. Қызғалдаққа жайылған мал сүтінен шайқалған май қызғылт сары болып түсетіні баршамызға белгілі. Дәстүрлі қазақ ортасында көктемде қызғалдақ гүлдеген соң шайқалған май қойылған дастарханға ауыл әйелдерінің жиналып, шүйіркелесіп шәй ішетін «қызғалдақ май» деп аталатын көне дәстүрі болған. Ғұрыптық мәні бар бұл дастарханның басты атрибуты қызғалдақты далада жайылған мал сүтінен шайқалған май еді. Бұл дәстүр бүгінде көшпелі тұрмыстық тарих сахнасынан жойылып кеткенімен, тарихи санамызда қалды. Дәстүрлі түсінікте «Қызғалдақ әсемдік пен шаттықтың нышаны деп саналды» қазақ халқы көктемде туылған қызына «Қызғалдақ», «Қырмызы», «Сарғалдақ» деп ат қойды, дәстүрлі қолөнер бұйымдарына нәбәтат, көгеріс өрнегі тобына жататын «қызғалдақгүл» оюын салуды жиі қолданды. «Қызғалдақгүл» оюы кестеленген түскесте, түскиіз, шымылдық, киім-кешек, атжабу, түйежабу, ботажабу, дастархан, тоқып салынған кілемдер, оймыштап салған ыдыстарды музей қорынан көруімізге болады. Қызғалдақ гүл кестелі орамалдың, қосетек көйлек етегінің сәні болған. Қазақстан аумағындағы Шу, Іле тауларының етегінен әлі күнге дейін жергілікті өсімдіктер әлемінің жауһары саналатын Регель қызғалдақтарын бастапқы күйінде кездестіруге болады. Бұл әсем өсімдіктер біздің жерімізде Тянь-Шань тауларының етегі мен шөлейт даланың түйісер тұсында пайда болған. Қазақ топырағындағы осынау қарапайым, сондай-ақ, ерекше гүлдер өз әдемілігімен көптеген халықтың жүрегін жаулап, біртіндеп бүкіл әлемге тарады. Бір қарағанда Қазақстан тарихын зерттеп, зерделеп әлемге таныту мәселесі мен шырынды жеміс және гүлдің арасында қандай байланыс бар деген сұрақ туындауы мүмкін. Елбасы бұл тұжырымды отандық және шетелдік ғалымдардың деректеріне сүйеніп жариялағаны түсінікті. Әлемнің бірқатар елдері өздерінің жерінде өсетін табиғи өнімдерін дүниежүзіне жарнамалап және экспорттап мемлекетінің бренді ретінде көрсететіні белгілі.

Алма САРЛЫБАЕВА

0

ЗАМАНҒА ЛАЙЫҚ БЕТАЛЫС

Алдыңғы ақпарат

ЕЛ ЕРТЕҢІ – БҮГІНГІ ҰРПАҚ

Келесі ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *