Астана 20-жылЖаңалықтарҚоғам

ҒАСЫР ЖАҢАЛЫҒЫ – АСТАНА

2017 жылы шілде айында Іле ауданы-ның әкімі Қ.Медеуов ауданның қоғамдық өміріне белсене атсалысып жүрген 25 зейнеткерге «ЭКСПО-2017» көрмесін көріп, қаланың көрікті жерлерін аралауға тегін жолдама берді.

Бізді Астана вокзалында арнайы бөлігін автобус пен жол бастаушы (гид) қарсы алып, қонақ үйге орналастырды, уақыт оздырмай ЭКСПО-ға да алып барды. ЭКСПО – қалашығы өзінің сән-салтанатымен архитектуралық құрылысының ерекшелігімен таң қалдырды. Қазақстан павильон биіктігі 100 метр, диаметрі 80 метрлік алып Сфера, өз сәулетімен айрықша көз тартады. Көрме алаңында дүние жүзінің әр мемлекеттерінен келген ұлт өкілдері көп-ақ. Қара құрлықтың, Индияның, Латын Америкасы елдерінің, Европаның туристері ұлттық киім үлгілерімен ерекшеленеді. Олармен тілдесетін ЭКСПО, Астана жайлы пікірлерін сұрайық десек, біз ағылшынша білмейміз, олар бізді түсінбейді. Сол жерде Елбасының «Үш тілді меңгеру керек», – деген сөзінің қаншалықты маңызды екендігіне тағы да бір көз жеткіздік. Келесі күні Астананың көрікті жерлерін араладық.

Биіктігі 97 метр «Бәйтерек» монументі архитекторы Ақмырза Рүстембеков, «Хан шатыр» сауда, ойын-сауық орталығы, Пирамида түрінде салынған «Бейбітшілік және келісім» сарайы, «Қазақ елі» монументі, «Думан» океанариум, «Астана – Арена» жабық стадионы және басқа да құрылыстарды көргенде таң қалмасқа шарамыз қалмады. Бізді бастап барған аудан ақсақалдары кеңесінің төрағасы Әмзе Исаев «Мен осыдан 2 жыл бұрын Астанаға келіп, аралап қайтып едім. Міне, сол 2 жылдың ішінде қаланың қалай өсіп, жаңарғанына таңданып тұрмын. Тіпті танымай қаларлық», – деп, айналаға қызыға қарайды. Келесі кезекте 2012 жыл ашылған әлемнің ең көрікті 10 мешіті қатарындағы «Хазрет Сұлтан» мешітіне келдік. Аумағы 11 га жерді алып жатқан, ішіне 10 мыңға жуық адам сиятын мұнарасының биіктігі 51 метр диаметрі 28 метрлік бұл зәулім ғимарат өз ерекшелігімен айрықша көз тартады. Осы мешітті көргенде 2009 жылы Стамбул шаһарындағы Аия София соборы мен Ислам және дүние жүзі архитектурасының озық үлгілерінің бірінен саналатын «Ахмет Сұлтан» мешітіне барғаным есіме түсті. Сонда «Осындай мешіт біздің елде де болса ғой» деп іште армандап едім. Сол арманымның іске асқанын көріп, кеудем үлкен қуанышқа толды. Айрықша бір мақтаныш сезімі биледі. Бұдан басқа да жаңадан бой көтеріп жатқан көптеген құрылыс нысандарын гид қызымыз барынша әсерлі сипаттап берді. Астанадан алған үлкен әсеріміз, сондай-ақ Алматы, Талдықорған және басқа да қалаларда бой көтеріп жатқан құрылыстар қайтар жолдағы әңгімеміздің таусылмас арқауы болды. Еліміздің өркендеуіне Елбасымыздың қосып отырған зор үлесін, салиқалы саясатын құптай отырып, еліміздің мәңгілік болуын бірлік пен бейбітшілік болуын шын жүректен тіледік!

Кеңесбек ҚҰРМАНҒАЛИЕВ, тыл ардагері. КазЦИК ауылы

0

АЖЫРАСАМЫН ДЕП АРАНДАП ҚАЛМА

Алдыңғы ақпарат

ЦИФРЛАНДЫРУДЫҢ НӘТИЖЕСІ ҚУАНЫШҚА ТОЛЫ

Келесі ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *