ҚоғамМәдениет

АСҚАР ТАУДАЙ АСЫЛ АҒА…

ТАҒЗЫМ

Бүгінде арамызда болса ардақты ағамыз Асқар Нұрдәулетұлы Әжімұратов 80 жасқа толып, қуанышына біз де ортақтасар едік. Амал қанша, 60 жасқа да жетпей дүниеден озды. Ер азамат үшін 56 жыл деген тым қысқа өмір ғой. Аз өмір сүрсе де ардақты азамат артына өшпес із, өнегелі тәлім-тәрбие қалдырып кетті. Асекең ел-жұртына, ағайын-туысына, отбасына, қатар құрбы-жолдастарына, басқарған ұжымына аса сыйлы да құрметті азамат, бауыр, туыс, әке еді. Ол кісі өз ісінің білгір де талантты маманы, парасатты да көреген басшы болатын. Тағдыр әлі де біраз жыл өмір сыйлағанда Асқар аға ойындағы ұшы-қиырсыз арман-мақсаттарының көбісін орындап тастар еді-ау?! Бұған өзінің көзі тірісінде жүзеге асырған ауқымды істері мен өмірде қалдырған іздері куә. Мен Алланың жазуымен бірнеше жыл ағаның қарамағында жұмыс істеген уақытта есте қалған сәттеріммен бөліссем деп отырмын. 1986 жыл қазақ тарихындағы аумалы-төкпелі кезең еді ғой. Осы кезде басқарушы компания – «Алматыэнерго» өндірістік бірлестігінің бұйрығымен Асекең Алматы ГРЭС -не директор болып тағайындалады. Ал ГРЭС-те сол кездері аздап тәртіп пен қызмет барысы нашарлаған екен. Асқар Нұрдәулетұлы келгеннен кейін АГРЭС-те жұмыс қызу жанданып, ауқымды істер жүзеге асырыла бастады. Өндіріске Республикамыз бен Одақтық жобалау және ғылыми-зерттеу институттары ұсынған көптеген технологиялық жаңалықтар енгізілді. Айтар болсақ, электростанцияда 7-ші қазандықта күлі көп Екібастұз көмірін пайдаланудың технологиясын жетілдіру жөніндегі тәжірибелер жоғары деңгейде жүргізіліп нәтижесін берді. Сондай-ақ, жаңа типті күл ұстағыштар орнатылып, зиянды заттарды атмосфераға шығару бірнеше есе аза-йып, Энергетикалық кентінің ауасын жақсартуға мүмкіндік берді. Электростанцияның негізгі құрылғылармен тиісті деңгейде жабдықталуының арқасында станцияның апатты тоқтап қалуы, құрал-жабдықтардың бұзылуын мүлдем болдырмаудың жолы табылып, техника қауіпсіздігі күшейтілді. Осы жұмыстардың барлығы Асекеңнің зор еңбегінің, табанды да жүйелі қызметінің арқасында мүмкін болғаны айдан анық. Кеңес үкіметі тарап, мемлекетіміз жаңадан құрылып, өндірістің құлдырауы мен энергетиканы қаржыландырудың шектелген кезінде де, градирняларды (суытқыш) қайта жабдықтауды қолға алып, 5 градирняның екеуін қатарға қосып үлгерді. Асекеңнің жоғары беделінің арқасында электростанцияда қазандықтардың құрал-жабдықтарын қайта жабдықтаудың технико-экономикалық негіздемелерін жасауға тәжірибесі мол шетел мамандарын (мысалы, Ұлыбританияның CRE компаниясы) тартуға мүмкіндік туды. Сол экономи
калық қиын кезеңдердің өзінде 50 пәтерлік тұрғын үй тұрғызып, кезекте тұрған жұмыскерлерді қуанышқа бөлеген болатын. Асқар ағамен 1993 жылы жұмысқа орналасқан сәтте таныстым. Қызылордадан көшіп келіп, жұмыс іздеп кадрлар бөліміне барсам, бас-тығы Т. А. Карпова: «Директорға барыңыз» — деді. Асқар Нұрдәулетұлы құжаттарыммен танысып, ертең келуімді сұрады. Сөйтіп, мені инженер-эколог қызметіне тағайындады. Электростанцияның тарихында алғашқы эколог болдым. Негізі, Асекең іріктеп алған кадр-лар мен ол кісінің тәрбиесін көргендер жоғары білікті маманға айналып, электростанцияның негізі мен мақтанышы бола білді. Мен Асқар ағаның білікті басшы ғана емес, өте адамгершілігі мол кісі екенін түсіндім. Ол кісінің жақын жандардың барлығына әрқашан да аялы алақаны мен ыстық ықыласы дайын тұратын. Қызметтес болған, қазіргі зейнеткерлер Н. П. Мирошник, В. И. Минин, В. И. Новикова, Н. П. Морев тағы басқа ардагерлермен сөйлесе қалсақ, Асқар Нұрдәулетұлының білгірлігі мен адами қасиеттерін еске алып отырады. Осы мақаланы оқыған басқа да, арамыздағы Асекеңмен бірге жүрген кісілер, мүмкін естеліктерін жазар?! Сол кездерден ойымда қалған кейбір сәттерді еске түсіріп отырмын. Асекең тек өзінің шебері ғана емес, сонымен қатар тіл жанашыры да бола білді. Қызмет етіп жүрген кезде әр бөлмеде радио тек қана орыс тілінде сөйлеп тұратын. Асекеңе барып радио неге қазақ тілінде емес, орысша сөйлеп тұрғанын сұрадым. Сонда, ол кісі маған: «Жақсы, түсіндім, жайлап шығып кет. Кейін, өзім сөйлесем» — деді. Радио келесі күннен бастап қазақша сөйледі. Екі жылдай инженер-эколог болып жұмыс істеп, кейін өндіріске сұрандым. Мені отын-тасымал цехына бастықтың орынбасары етіп тағайындамақ болып, «Мені ОТЦ басығының орынбасары етіп тағайындауыңызға қарсы емеспін» — деп өтініш жаздырды. Қызметке тағайындап жатып, «Егер басқалар аяғыңнан шалып жұмыс істеткізбей жатса, мен мұнда өз еркіммен келген жоқпын, мені директор жіберген деп уәж айтарсың» — деді. Цехта көмір түсіретін адамдардың демалатын жері ұядай тар бөлме екен. Асекеңе соны реттеп, бөлмені кеңейту керектігін айтып едім, өзі барып, химиялық цехтан қосымша бір бөлме алып берді. Қателеспесем, 1996 жылдың маусым айы болу керек… Асекең ота жасатып, денсаулығына байланысты сырқаттық демалыста болды. Мен кезекті демалысқа шықтым да, көңілін сұрап бардым. Бір бөлмелі пәтерінде отыр екен. Еңбек демалысына шыққанымды, амандаса келгенімді айтып, денсаулығын сұрадым. «Дәрігерлер ота жасаған жерің
қышыса жазылып қалғаны деуші еді. Соған қарағанда жазылып келе жатырмын-ау!» — деп күлді. Ертеңіне Қызылордаға елге кетіп қалдым. Қайтып келсем ағадан айрылып қалған екенбіз. Сөйтіп, мен ағамды соңғы сапарға шығарып сала алмадым. Әжімұратовтар отбасында аға да, Күлімхан Асылбекқызы да бір-біріне сай, текті жандар еді. Аға қайтыс болғаннан кейін олар Спортивный көшесіндегі жаңа пәтерге көшті де, бұрынғы пәтерін ешкімге бермей, «Ағаңның көзіңдей көріп жүр» деп маған сатты. Мен 2000 жылдан сол үйде тұрып жатырмын. Өкініштісі, 2-3 жылдан кейін Күлімхан апай да ағаның артынан кете барды. Асқар Нұрдәулетұлы тірі кезінде-ақ халқының қалаулысы, елінің елеулісі болды. Еңбегі еленді. Қазақстанның және КСРО-ның еңбек сіңірген энергетигі атанды. 1997 жылы «Басқару саясатындағы парасаттылығы мен көрегендігі үшін» номинациясы бойынша Халықаралық Эртсмейкер сыйлығының иегері болды. Бұл сыйлық өтпелі экономиканың динамикалық өзгермелі жағдайына табысты түрде бейімделгендерді қолдау белгісі ретінде табысталады екен. Еңбегінің шетелде танылғаны, өзі басқарған кәсіпорнындағы қиындықтарды жеңе біліп, толағай жетістіктерге жеткізген адам көшбасшылардың элиталық қауымдастығына жататынын көрсетті. Өкінішке орай, бұл сыйлық өзі қайтыс болғаннан кейін, Мәскеу қаласында оның отбасына табыс етілді. Эртсмейкер сыйлығы аса жоғары кәсіби әрі көркем деңгейде орындалған хрустальдан дайындалыпты. Сонымен бірге диплом табысталды. Ағаның атына көше берілді. Қазіргі таңда мен А. Әжімұратов көшесінде Асекеңнің бұрынғы пәтерінде тұрып жатырмын. Көше жақ бетінде мемориалдық тақтада аты жазулы тұр. Абай атамыз айтқандай, «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған», — дей келе, асқар таудай асыл жанды Асқар ағаның аты ешқашан ұмытылмақ емес деп ойлаймын.

Ғафуржан СҮЙІНДІКОВ

0

СЫНАҒЫ КӨП СОЛ БІР КҮНДЕР

Алдыңғы ақпарат

ЭСТЕТИКАЛЫҚ ТАЛҒАМ ҰШТАЛУДА

Келесі ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *