ВЕСТИ ИЗ ОКРУГОВДін және қоғамҚоғам

АЛАШАҚ ПЕН БЕРЕШЕК

Бүгінде «қарыз» сөзін жиі естиміз. Әйтеуір, біреу біреуге, біреу бізге қарыз болған дәуірдеміз. Жалпы, қарыз шама келгенше ашатын есік емес. Лұқпан әкім бабамыздың «Дүниеде ең ауыр жүктер көтердім, бірақ біреуге қарыз болудан артық жүк жоқ екен» деген сөзі осыны дәлелдегендей. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз өзіне және үмбетіне біреуге қарыз болып қалудан, дұшпанға тәуелді болудан және әбиірсіз қалудан Алладан өте көп пана сұраған. «Аллаһума инни ағузу бикә минәл мә-сам уәл мағрам». Сонда бір сахаба «Осы қарыз болып қалудан неліктен көп пана сұрайсыз?» деп сұрағанда, «Адам қарызға батып қалса, онда ол өтірік сөйлейді. Уәде берсе, уәдесінде тұрмайды» дегені бар. Ал, бұл екі белгі екі жүзділікті көрсетеді.

Шынайы бақыттылық өмірінде қарыз болмау, күпірлік қылмау, біреуге қиянат етпеуді қамтиды. Ғұламалар «Қарыздан абай болыңдар, оның басы уайым, аяғы жанжал» деп ескертеді. Қарыз есігін ашқан адамға кедейліктің есігі қоса ашылғандай. Құрандағы ең ұзын аяттардың бірі қарыз мәселесін ақтарады. Қарыз алудың қиындығы сонша болса, қарыз берудің де сауабы сонша. Хадисте қарыз беру садақадан артық делінеді. Себебі, садақа алушы сол дүниеге мұқтаж болмауы да мүмкін. Ал, қарыз сұраушы нақты мұқтаж адам. Міне, сол қажеттілікті пайызсыз, өсімсіз өтеген адамға Алла Тағала мол сауап жазады.

Ер адамның қарыз алып, оны уақтысында өтемей қашып жүруі, оның өліміне баланған. Дұғасының қабыл болмау себебі де осыдан делінеді. Ибн Омардың (р.ғ) ұлы Абдулланың «Күнәң аз болса, жән тәсілімің жеңіл болады. Қарызың аз болса, еркін өмір сүресің» дегені бар. Сондығынан болар, елде «Дертің болса да, қарызың болмасын» деген ұлағат бар. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) «Бір адам Алла жолына жанын пида етсе, жәннетке кіреді ме?» — деп сұрайды. «Әлбетте» деп жауап береді. Сәл уақыт өтісімен, әлгі адамға қайырылып, «Бағана не деп сұрадыңыз?» — дейді. Сахаба сұрағын қайталайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қайтадан «Иә» дейді де, «Егер қарызы болмаса» деген сөзді қосады.

Бұл дегеніміз, адамға он рет өмір беріліп, он рет Алла жолында шахид болса да, ауызы ораза, пешенесі сәжде де болса да, жәннетке енуіне өтелмеген қарыздары кедергі. Ғибадаты көп болса да, бейіш алдында қарызы қайтарылмайынша пенде байланып тұрады. Қарыз беруші адам қарыз алушы адамға жеңілдік жасап, қайтаруында қинамаса, онда оған қияметте Алла Тағала тарапынан жеңілдік көрсетіледі. Көптеген адамға қарыз беретін бір  саудагер «Алла да менің күнәларымды осылай өшірсін деп» өзінің қарыз дәптерінен кембағал мұқтаждың берешегін өшіріп отырғаны бар. Қияметте Алла Тағала оның күнәларын солай өшіретіндігі шариғатымызда баяндалады.

Қарыз беруші мен алушы жандардың ортасында қалыс, әділ, шыншыл, сыйлы адам болғаны жөн. Яғни берілетін қарыз алушы адамның уәдесіне қарай жазылып, қатталынуы тиіс. Сонымен қатар, осындай қарыз ақша, сауда және тағы басқа мәселеге әйел адамдарының анағұрлым араласпағаны жөн. Бұл жағдайда әйелдің сыйлылығы, құрметтілігі жоғары тұрады.

Дінімізде асыл ниет, жақсы мәселеге қарыз алу рұқсат етіледі. Қарыз алушы адам: «Аллаһым! Мынадай мәселеге қарыз алдым. Ниетіме куәсің. Қайтаруым керек. Уақытылы өтеуім керек. Сол қарызым қайтқанша өмір бер. Амандық бер. Саулық бер. Қарызды абыроймен қайтаруға шама бер. Сенің алдыңда да, пенденің алдында да жүзімді жарық ет. Аманатты қиянатсыз қайтаруға мүмкіндік бер» деп дұға еткені абзал. Осындай тілекпен қарыз алған адамның жанында үнемі періштелер болады. Қарызын өтегенше олар дұға етеді, жәрдем береді.

Алла Елшісі (с.ғ.с) дүниеден озған адамның жаназасында әуелі қарызы туралы сұрайтын. Бір сахаба қайтыс болғанда, артында қарызы қалады. Онда жаназаны басқа біреу оқысын дегенде, Әбу Дарда (р.ғ) сол жерде қайтқан адамның қарызын өз мойнына алады. Сонда ғана пайғамбарымыз (с.ғ.с) жаназасын оқыды. Ертесіне таң намазда Әбу Дардадан (р.ғ) сол қарыздың төлемін сұрайды. Қарыз бесін уақытында төленеді. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с) Әбу Дарданың денесін азаптан аман болуына дұға етеді. Таң сәріде берешек өтемінің сұралуы бұл мәселенің аса маңызды жәйт екендігін аңғаруға болады.

Ұлық имам Шафий қайтыс болғанда, оның күнделік дәптерінен «Мені пәленше деген досым жуындырсын» деген қол жазба табылады. Содан досын шақыртып, «Өсиет бойынша сіз жуындыру керексіз» дегенде, бұл жазбаның астары «Досым, менің қарызымды өтесін» деген ишараты еді.

Әділетті Омар (р.ғ) халифалығы кезеңінде оған ұлы келіп:

— Әке, айт жақындап қалды. Үстімізге киер жақсы айт көйлегін алайыншы — дейді. Сонда Омар (р.ғ):

— Қазынашыға бар. Айлығым шыққанша көйлек алуға қарыз бере тұрсын, әкем айтты деп айт — деп ұлын жолдайды. Сонда қазынашы:

— Әкеңіз Омар ол қарызды қайтарғанша, өлмеймін деген қол хат жазып берсін деген екен.

Бірде әйгілі Осман халифы елден қарыз алып, оны төлемей жүрген адамды өз сарайына қонақ етеді. Мұндай мүмкіншіліктің бола бермейтінін ойлаған ол халифаның құзырына сәйгүлік ат мініп келеді. Ал, патша қызметкерлері оның көлік атын сыртта сатып, қарыздарын жабады. Сәлден кейін ол сыртқа шығып, мініп келген атын айналадан таба алмай, таңырқап тұрғанда, патша оған: «Қарызың өтелмей атпен жүргенше, қарызсыз жаяу жүргенің жақсы» деген екен.

Атымтай Жомарт адамдарға қарыз берумен атағы шыққан. Оған бір жігіт келіп, қарыз сұрайды. Сонда қарызды бір шартпен беретіндігін айтады. Шарты алаңға шығып, ақшаны ел алдында беру және ақшаны беріп тұрып, қолын сүйдіру еді. Сонда:

— Неге қолыңды сүйемін? — деп одан жігіт сұрағанда:

— Өз қолыммен берген ақшамды қайтарып аларда, сенің аяғыңды мен сүюге даяр боламын — деген екен.

Хадисте кімде-кім қарыз алса, сол қарызды ниетінде уақтысында өтеу құтылу болса, Алланың жәрдемімен қарыздан құтылады. Қалай жабылғанын өзі де білмей, бітісі жабылып кетеді. Ал, қайсыбір адам қарызды теріс ниетімен алса, әуелі өз шаруасын тындырып, қарызды қайтарудың бір жөні болар деп аяқсыз қалдырса, Жаратқанның қарғысына қалып, талапатқа душар болып, берекеті кетіп, қадір қасиетінен жұрдай болатындығы айтылған.

Бүгінде ел арасындағы алыс-беріс көбейген сайын, қарыз беру мен алу да ұлғайды. Осыған байланысты, дау-дамай да жиіленді. Осы себептермен ағайындар ортасына сызат түскендігін естиміз. Тіпті жаназада «Қарызым бар еді» деп даулап, табытына жармасатын жағдайлар кездесуде. Бұл дүниеден кеткен адам қарыздар болса, шариғат тұрғысында сол қарыз марқұмның қалған мирас дүниесінен қайтарылады. Егер, қарызы артында қалған дүниесінен де асып кетсе, қарыз берген адам сабырлық танытады немесе кешіреді. Қияметке қалмағаны жақсы. Ал, перзенттері мен туыс бауырлары қарызды өтеулері міндетті емес! Еріктік жасап, төлеп жатса, мол сауап.

Қарыз күндіз қайғы, түнде ұйқысыздық. Сондықтан, шама келгенше қарызсыз өмір кешу, барға қанағат ету, адал еңбектеніп, тер төгу берекелі бақыттың тыныш даңғыл жолы екенін естен шығармайық ағайын.

 

Нұрлан қажы БАЙЖІГІТҰЛЫ,

дінтанушы, имам

ҚАСИЕТТІҢ ҚАСІРЕТІ

Алдыңғы ақпарат

Талғарда кішігірім арбат ашылды

Келесі ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *