ДенсаулықЖаңалықтарҚоғамМерекелер

АЛҒЫСҚА БӨЛЕНГЕН АБЗАЛ ЖАН

Ауданымыздағы Боралдай кенті «Дәулет-Центр» медициналық орталығында қызмет ететін өте қарапайым, парасатты, адамгершілігі мол, достыққа адал ақ халатты абзал жанның бірі, терапевт Қуат Тұрсынғалиұлын танымайтын адам жоқ шығар. Ісіңіз түсіп Қуат ағаның алдына барып, қысқа ғана дидарлассаңыз міндетті түрде оның кім екенін көріп тұрасыз. Әңгімеңіз бірден жараса кетіп, бойыңыздағы сырқаттан сәл де болса арылатыныңызға нық сенімдімін.  Дәрігер дейтін халық, әдетте, сөзге сараң ғой. Онысын несіне жасырамыз. Сөзден бұрын ісіне көңіл бөлетін Қуат ағаның барлық ынтасы сүйікті мамандығы болып табылады.

Кішкентай бала кезінен арман етіп, осы медицина саласына құштар болған жандардың бірі ол – Қуат Тұрсынғалиев. Оқу бітіргеннен бастап өмірін осы дәрігерлік мамандыққа арнаған адам. Жаны таза, еңбегіне адал, ұстанымына берік маман.

Арпалыс пен күреске толы өмірімізде кей нәрселердің құнына жете алмайтынымыз бар кейде. Өйтсем-бүйтсем, жеткізсем деп тыраштанып бағады пенде шіркін. Бір кем дүниенің кем жерін толтырып жүргенімізде ең басты байлығымыз, Алланың бізге берген аманаты – денсаулығымыздан уыстан сырғыған құм секілді айырылып жатқанымызды біріміз білсек, біріміз мән бермейміз. Ауру бойымызға дендеп, сырқат жанымызды шырқыратқанда «Е, денсаулық болмаса дүниенің құны бес тиын екен ғой» дейміз де көзіміз төртеу болып лезде ұшып ақ халатты абзал жандардың көмегіне жүгінеміз. Ауданымыздың талай тұрғындарына қолұшын аямай, еңкейген қарттан, еңселі азаматтарымыздың алғысын алып жүрген ол Қуат ағамыз. Осындай өз ісіне мығым маман иелері барын жеткізген соң өздерімен тілдеспек болып Боралдай кентіндегі «Дәулет-Центр» медициналық орталығының терапия бөлімшесіне хабарластық. Өз ойымдағыдай, таң атпай-ақ қолы тимей жатыр екен. Есік алдында күтіп тұрған науқастарын айтып сөйлесуді түскі мезгілге қалдырды.

Сарыла күткен уақытта жетті. Ең алдымен туған жерінен бастап тізіп айтып берді.

Қуат Тұрсынғалиев 1959 жылы Алматы облысы Кеген ауданында дүниеге келген. 1976 жылы Кеген ауданындағы орта мектепті аяқтап, 1977 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтына түсіп, 1983 жылы сәтті аяқтап шығады. Сол жылы аудандық орталық ауруханасында терапевт дәрігер ретінде еңбек жолын бастайды. Мамандығына адал, елгезек жігітті алдымен Первомай одан кейін Боралдай кентіндегі емханаға ауыстырады. 2001 жылы арнайы шақырту бойынша «Дәулет-Центр» медицина орталығына терапевт саласы бойынша келеді. 35 жыл ғұмырын халықтың денсаулығы мен ел алғысына арнады.

Бүгінгі таңда Қуат ағамыз адал жар, қамқор әке. Екі ұл, бір қызды тәрбиелеп, немере сүйіп отыр. Ауданымызға абыройлы, өз ісіне бірік, еңбегіне бекем, мейірімі мол, келген сырқаттарға қолынан келген жақсылықты шуақтай шаша білетін ақ желеңді абзал жан. Өміріндегі ең елеулі адамдардың бірі деп бағалаған Қуат аға, «Дәулет-Центр» медицина орталығы директоры ұжымына және аудан көлеміндегі әріптестеріне алғысын білдіріп, алдағы келе жатқан мерекелерімен шын жүректен құттықтады.

Елбасымыз Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында экономикалық-әлеуметтік биіктерге көтерілу үшін рухани байлықтың, денсаулықтың қажеттілігі көрсетілгендігі мәлім. «Денсаулық – басты байлық» дегендей, қазіргі таңда денсаулық ең басты орында тұрғаны сөзсіз. Ал денсаулықтың мықты болуы, яғни бүгінгі таңда ауруханада еңбек етіп жүрген дәрігерлердің қолында. Ендеше осындай ақ халатты абзал жандарды төл мерекесімен шын жүректен құттықтап, арамызда әрқашан аман болып, елімізге, халқымызға өз септігін тигізіп жүре берсе екен деген ниетпен өз сөзімді аяқтағым келіп отыр.

 

Қ. ҚОЙТАН

0

МЕНИНГИТ: ЭПИДОБСТАНОВКА В РАЙОНЕ

Алдыңғы ақпарат

ӘЙЕЛ ДЕНСАУЛЫҒЫ – ЕЛ БОЛАШАҒЫ

Келесі ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *