Без рубрики

АБЗАЛ АҒАНЫҢ АРДАҚТЫ БЕЙНЕСІ

Ұлы Жеңіске-75 жыл

Отан  үшін кеудесін оққа төсеп,   ел қорғаған , партия-кеңес қызметінде ұзақ жыл лауазымды міндеттерді атқарған  көнегөз қарияларымыздың бірі-Заманбек Батталханов.  Ең бір өкініштісі, ардагер атамыз, қазір  арамызда жоқ. Қалай десек те, дәл қазір  маған 83 жыл ғұмыр кешкен қарияның  жер бетіндегі нұры мәңгілік шалқып жатқандай елестейді. Тірі болса бүгінде 98 жасқа толар еді.

Тағдыр осындай  ұзақ ғұмыр бергенмен  Заманбек ағаны  өмір ерте есейтіпті. Жалындаған жастығы соғыс кезіне тура келген. Бұл фашистік Германияның елімізді басып кірген соғыстың сұрапыл кезеңіне тұспа-тұс  уақыт еді. Көп ұзамай 1942 жылы 20 жасар бозбала  өз еркімен майданға аттанды.  Майдан жолы Курск Орлов қаласынан басталып, Сталинград, Дондағы Ростов, Ворошиловград Кировоград, Киев, Будапешт қалаларын  басып өтіп, Вена  қаласына дейін созылды.1946 жылы Жеңіс туын Австрияда желбіретіп, елге аман-есен оралады. От пен оқтың ортасында сан мәрте жараланып, қанды ұрыста көрсеткен ерлігі үшін, «Қызыл Жұлдыз», «1-ші және 2-ші дәрежелі  Отан соғысының» ордендері және «Жауынгерлік» медальдарымен наградталған. Әскери атағы-«Гвардия полковнигі».

Соғыстан кейінгі жылдары да еліне, жеріне адал қызмет етіп, халық арасында беделді  болған жан. 1952 жылы  Абай атындағы мемлекеттік  педагогика институтының тіл және әдебиет факультетін тәмамдап шығады. Еңбек жолын 1946-1954 жылдары Ұйғыр ауданының  әртүрлі  мектептерінде  мұғлім болып бастап, директор қызметіне дейін көтеріледі. 1955-1957 жылдары аудандық партия комитетінде  бөлім меңгерушісі, 1957-1965 жылдары  Ұйғыр, Панфилов аудандарының  атқару комитеті төрағасының  бірінші орынбасары, 1965-1972 жылдары Іле аудандық атқару комитетінің  төрағасы, 1973-1985 жылдары  Іле аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы сынды қызметтерді абыроймен атқарған. Сонымен қатар 1970-1980 жылдары екі рет Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты, Қазақстан Компартиясының  ХІІ, ХІІІ, ХІV,  ХV сьездерінің делегаты, 1981 жылы Кеңестер Одағы Коммунистік партиясының ХХVІ сьезінің делегаты болып сайланған. Сондай-ақ, Жетісу өңірінде суармалы егіншілік пен интенсивті  мал шаруашылығын  дамытудың жаңа бағыттарын ұсынып, іс жүзіне асырды.

Ұзақ жылғы еңбегі лайықты бағаланып, «Ленин»,«Октябрь» революциясы, «Еңбек Қызыл Ту», «Достық», «Құрмет белгісі» және Жеңістің 55 жылдығына арналған Республиканың ең жоғарғы ордені «Отан» ордендерімен марапатталған жан. Сондай-ақ, 15-тен астам медальдің иегері атанып, 3 мәрте Қазақстан Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Ел үшін еміреніп, жұрт үшін жұмылып қызмет атқарған Заманбек Батталханов  ағамыздың Іле ауданына сіңірген еңбегі өлшеусіз. Ұзақ жыл  Іле ауданын басқарып, Өтеген батыр кентінің негізін қалаған,  осындағы әкімшілік ғимараттардың салынуына  мұрындық болған жанның бірі. Ауданымыздың жан-жақты өркендеп, гүлденуіне бір кісідей үлес қосып, ел алғысына  бөленді. Өзінің білімпаздылығымен жоғарғы ұйымдастырушылық қабілетімен, іскерлігімен өнегелі де,  үлгілі ісін артына қалдырған. Ел мен жерге үлкен еңбек сіңірген, сүбелі үлес қосқан қарымды қайраткер, ақылгөй ағам ыздан үлгі алып, жақсылық шарапатын  мейірімін көрген азаматтар көп.

Зманбек Батталханұлын  өзінің замандастары  «біздің Замаш» деп айтатын-да. Ол  болса, шын мәнінде өзінің бойындағы қарым-қабілетімен, іскерлігімен білікті басшы ретінде республикамыздағы танымал тұлғалармен, облыстың басшыларымен  белсенді араласатын. Терең ойымен, қазақтың дархан даласындай кеңдігімен дараланған арда туған азамат-тұғын. Кезінде Қазақстан Республикасы партия  Комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаевпен, облыс  басшылары болған А.Асқаров, К.Аухадиевтермен қатар жүріп, олардың бойындағы  асыл қасиеттерін өзіне сіңіре білген Заманбек  ағамыз еліміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес те қоса білді. З.Батталханов тек іскер басшы ғана емес, әдебиет пен өнерге, мәдениетке айрықша көңіл бөлді. Қазақ әдебиетінің бүгінгі ақсақалы Ә.Нұрпейісов, ақын, марқұм Т.Молдағалиев, композитор Н.Тілендиев сияқты көптеген өнер өлкесінің майталмандарымен жиі араласты, қажет жерінде оларға қолдауда да көрсетті. Сондықтан да болар Зәкеңе арналған жыр толғаулар да жазылған, естеліктерде жетіп-артылады. Өзі де көзінің тірісінде ел экономикасы жайында бірнеше кітаптар шығарып, ол өз оқырмандары атынан үлкен қолдауға ие болған де еді. Осындай жоғарғы абырой биігінен көрініп, облысқа, ауданға еңбегі сіңген Заманбек Батталханов ағамыз Алматы облысының  Іле, Талғар, Ұйғыр аудандарының  және Қапшағай қаласының «Құрметті азаматы» атанды.  Зейнеткерлікке шыққаннан бастап, 2003 жылға дейін Алматы облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы қызметін атқарған.

Адамдық та азаматтық та тұлғасы биік Заманбек Батталханов   ағамыз ерен еңбектің екпіндісі ғана емес, шаңырақтың шырайын кіргізген  берекелі отағасы болған жан. Сыйласымы мол жанұяда өмірлік жары –Үсенбаева Қалихан Үсенбайқызы  екеуі 6 ұл, 2 қыз тәрбиелеп  өсіреді. «Елге, жерге үлкен еңбек сіңірген  қарымды қайраткер, абзал ағамыз тірі арамызда жүре бергенде, бүгінгінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдық  мерейтойын  тойламас па еді деп қиналамыз. Амал нешік… Ағамыздың артында тек аталы сөзі мен өскен ұл-қызы, ұрпағы өнегелі ісін құрметтеп,  бағалайтын халқы қалды. Жақсының аты өлмейді»,-деген аталы сөз бекер айтылмаған. Осындай ұрпағы, ел-жұрты бар да Заманбек ағамыздың есімі мәңгі жадымызда сақталады. 

Роза Айдарбекова

0

ҚОШ КЕЛДІҢ, РАМАЗАН!

Алдыңғы ақпарат

ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ – ЕҢ ҮЗДІК БІЛІМ ОРДАСЫ!

Келесі ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *