Дін және қоғам

АҒАЙЫН-ТУЫСПЕН БАЙЛАНЫСТЫ ҮЗБЕУ

Өмір атты мына дүниеге ой салып жүгіртсек жер бетінде адам баласынан артық ардақты болып жаратылған ешқандай жаратылыс жоқ.

Адамзатты ең көркем кейіпке кенелткен Аллаһ Тағала оны ақыл-ой, сезім және ар-ұждан секілді ерекше қасиеттермен безендірген. Барлық жаратылыстың теңдессіз орнын ұстап тұрған адамзаттың ең үлкен жауапкершілігі Раббысына құлшылықты лайықты түрде жасау болып табылады. Әрине, құлшылық мәселесінде Құран Кәрім мен Алла Расулінің (с.а.у.) саралы сөздеріне назар салсақ, құлшылыққа тек Аллаға арналып жасалған ғибадаттарды ғана жатқызбай, қоғам ішіндегі ата-ана, туған-туыс, көрші-қолаң, жора-жолдас және таныс не бейтаныс адамдармен, тіпті, айналамыздағы тірі жүрген жан-жануарлармен де жақсы мәміледе болғанның өзін құлшылық шеңберіне кіргізген. Егер, адамзат баласының да болмысы періште секілді пәк болса, сынақ әлемі болып табылатын мына дүние мен ақырет өмірінің ешбір мәні қалмас еді. Қазір дұрыс тәрбиеден шалыс, имандылықтан қалыс қалған мына өмірде адамдардың мейірімділік пен сүйіспеншіліктен жұрдай болуының бірден-бір себебі, туған-туыспен, көрші және достармен қоғам ішінде өз орнын білмей, күйбелең күй  ешіп жүріп, олармен етене араласып тығыз байланыс жасай алмағандықтан  деп білемін. Оның біріншісі ата-ана.

Қазақ халқында ата-ананың мәртебесі айрықша.

«Алланың разылығы – ата-ананың разылығында», «Жұмақ ананың аяғының астында» — деген мақал-мәтелдер халық арасында кең тараған. Ислам діні ата-ананы құрметтеуді Құдайдың ақысымен қатар қояды. Дүниеде адамға ең қымбат жандар – ата-аналар. Ата-ана туралы Құранда көптеген аяттар бар және бұл Пайғамбарымыздың (с.а.с) иман мәселесінен кейін ең көп тоқталған тақырыптарының бірі. Олай болатын болса қоғам ішіндегі тұлғалармен байланыс мәселесін, Құран Кәрім мен Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадисімен, қала берді қазақ даналарының мақал-мәтелдері, өлең-жырларымен жан-жақты тарқатып көрелік.

Ағайын-туыстың кім және қаншалықты жақын екенін жақсы білеміз. Қазақ  даналары  туған  ағайын  жайлы:

«Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің,  ағайынның қадірін жалалы болғанда білерсің»;

«Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп»; «Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар»; «Туысы бірдің қонысы бір. Туысы бірдің уысы бір»; «Жақсы ағаң – орман, жақсы інің – қорған» – деу арқылы туысқандықтың киелілігін дәріптеп отырған. Алла Тәғәлә ағайын туысқандарға қарайласып, қолдары қысқарып, қажеттілік туындағанда, оларға қол ұшын беруді қасиетті Құранда «Нахыл» сүресінің 90-аятында: «Негізінде Алла сендерге әділетті болуды, игілік жасауды және ағайын-туысқанға қарайласуды бұйырады», — деп ескерткен.

Алла Расулі Мұхаммедтің (с.а.с.) мына хадисі де ағайын туысқа қарайласу мен зиярат етудің абзал екендігін қуаттаса керек:

«Кім ризық-несібесінің көбейуін және ғұмырының ұзақ болуын қаласа, ағайын-туыстық қарым-қатынасын күшейтіп, оған қарайлассын» (Бұхари, Әдеп 12) – десе, ал мына сөзінде:

«Шынында, міскінге берген садақа, бір ғана садақаға жатса, ал туысқан адамға беру екі сауап­ты амалға, әрі садақаға, әрі туыстық байланысқа жатады», — деген (Имам Тирмизи). Құлекеұлы Шал ақынның мына төрт шумақ өлеңі де ағайыннан қалыс қалғанның жағдайын тамаша айтқан:

«Ағайын жат болады алыс болса,

Жатта жақын болады таныс болса.

Дұшпан түгіл достарың табалайды,

Аяғың бір нәрседен шалыс болса».

Қараңызшы, қаншама ғасырдан бері қасиетті Құран мен Пайғамбарымыздың (с.а.с.) асыл хадистерінен нәр алып, сусындаған ата-бабамыз туысқандық, қарым-қатынасқа ерекше мән берген, оған баса назар аударған. Оның айғағы — дана халқымыздың озық, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерінің, өткір де ойлы өлең-жырларының түпкі тереңдігінде жатқандығын көреміз.

Сондықтан болса керек, Алла Елшісі (с.а.с.), қоғамдағы адамдардың арасында ұйтқы болатын кей нәрселерге көңіл бөлуін ескерткен. Бара бин Азиб (р.а.) риуаятында:

«Пайғамбарымыз Мухаммед (с.а.с.) бізге науқас кісіні зиярат етуімізді, жаназа намазына қатысуымызды, зұлымдыққа ұшыраған кісіге жәрдем беруімізді, түшкірген адамға «Ярхамукаллаһ» деуімізді, шақырылған жерден қалмауымызды және сәлем берілгенде, сәлемді алуымызды міндеттеді», (Муслим, Либас 3) – деген және Әбу һұрайра (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.):

«Кім бір науқастың хал-жағдайын сұрап барса немесе дін бауырын Алла үшін зиярат етсе, періште оған: «Бақытқа кенелдің, қадамың игілікке толды, әрі жәннаттан өзіңе бір орын әзірледің», – деп жар салады», – деген.

Жоғарыда айтылған аят-хадистер мен қазақтың мақал-мәтелдерде ағайын-туыс, жора-жолдас және көршілер арасындағы қарым-қатынастың маңыздылығын алға тарттық. Мұндай киелі қарым қатынастан қол үзгеннің жағдайын бабаларымыз:

«Ағайынмен жауласпа — басың азаяды, көршіңмен дауласпа – асың азаяды»,

«Бетің қисық болса, айнаға өкпелеме. Ниетің қисық болса, ағайынға өкпелеме» – деген өсиетін естен шығармайық!

 

Бидайбек ЖАЙСАНҒАЛИ,

Екпінді ауылдық мешітінің имамы

0

ДВК признан экстремистским

Алдыңғы ақпарат

ДІН – ТӘРБИЕНІҢ РУХАНИ ТІРЕГІ

Келесі ақпарат

Оқи отырыңыз...

Пікірлер

Пікір қалдыру

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *